Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  104


Автор: Қалижан Бекхожин

МИҒA – МAДAҚ!

Әлем жайлы қилы-қилы қисын бар,
Болды кездер көп құдайға құлшынар.
Ал меніңше бұл ғаламды жаратып,
Тәртіп берген құдіретті ми шығар.
 Шұғыласымен нұрландырған күн-жерді,
Адамзатқа ұлылықты
ми берді.
Бетінше аққан бей-берекет дүние
Милылардан ізгілікті үйренді.
Бір данышпан – барлап жердің қимылын,
Бір данышпан – ашты көктің тұйығын.
Көп даналар буырқанды миымен,
Адамзаттың түзеу үшін пиғылын.
Бір данышпан,
бақыт іздеп адамға,
Қарсы шықты азабы көп заманға,
Сол дананың күндей отты миынан,
Нұр төгілді біздің жаңа ғаламға.
Кемеңгер бар сөзден соққан асылды,
Асыл оймен тебіренткен ғасырды.
Мен жасымнан ақыл теріп ойлыдан,
Милыларға иіп келдім басымды.
Дана болып көрінді де өз әкем,
Сол кісіден білгеніме мәз екем.
Есейген соң даналардан ұялдым,
Әлі күнге білгіштігім аз екен.
Бұл дүниеде аз ба, сірә, мисыздар?
Жандар көп қой,
Басы бақыр, ойы ызғар.
Даналықтан туған атом отымен,
Адамзатты өртемекші жауыздар.
Дана мидың кетірдік пе титығын?
Бұлдаймыз ба электрон сиқырын?
 Жоқ, адамның миына
Мен табынам,
Ми құдіретті, тіршілікте ми-пірім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу