Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  104


Автор: Қалижан Бекхожин

ҰНАТАМЫН

Ұнатамын ерлердің өр бітімін,
Көңілдердің көк егіндей бітігін.
Ұнатамын туыстар мен достардың
Ала болмай бір үйлідей бүтінін.
Ұнатамын әйелдердің гүл түсін,
Наздылығын, күміс үнді күлкісін.
Ұнатпаймын өңі қашып ілмиген,
Шолақ шашты,
Сұқсырлардың сымпысын.
 Ұнатамын жарқын болса туысым,
Дос мейірге
Кеңейеді тынысым.
Өзім сынды пейілдіге әрқашан,
Әзір менің ықыласым, ырысым.
Ұнатпаймын көңілдестің кесірін,
Бір мерзімге
Тілейтін он өсімін.
Дос па тәйірі ауытқыған сынаптай,
Сәл кейіске болмаса тез кешірім?!
Ұнатамын найзағайдың жасынын,
Өзендердің бұрқан-сарқан тасуын.
Ұнатпаймын бейуақытты тымырсық,
Бейуақыттай адамдардың пасығын.
Ұнатамын ұландардың жас үнін,
Мәз-мереке айғай-шуын, асырын.
Ұнатпаймын тартымы жоқ әйелдің
Көк дауылдай алай-түлей ашуын.
Ұнатамын асқар таудың айбынын,
Теңіздердің ұлан-асыр айдынын.
Жаратпаймын – кеудесі тар жандарды,
Еш пендеге түсірмейтін қайырымын.
Ұнатамын дәйім жылы түстіні,
Жұртқа түссе – жүрегінің ыстығы.
Жек көремін – зердесінде сәуле жоқ,
Мұзды тастай қатып қалған сұстыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу