Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  275


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖЫР ЖАЗБАСАМ

Жыр жазбасам
күйінем ұтылғандай,
Алшы түспей, ақ сақам иірілмей.
Күйінемін сөз менен құтылғандай,
Қысырақтың үріккен үйіріндей.
Жыр шықпаса түйіліп, құрыстанам,
Қабағынан қар жауған қазымырдай.
Сөз толқыса
Кеңимін, тыныс табам,
Шалқар жырдан
Тәттімбет жазығындай.
Көрсең мені ашулы сондай шақта,
Сәлем берме, тіл қатпа, інішегім.
«Кәрі жыны» қысты деп ойға сақта
Ондайда біл:
Тұтығар тыныс, лебім.
Тарылмай ма тотығып сыр-дүнием,
Қаршығасы көңілдің – жыр ұшпаса?
Не пайда бар.
Қартыңнан құр түйілген,
Бір ләззатсіз тұл бойы құрыстаса...
Жыр шалқыса
Қуанам басып алшаң,
Пейілім кең кезіккен достарыма.
Қуандық-ау, сондайда келе қалсаң,
Шарабымды ауызыңа тоспадым ба?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу