Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  104


Автор: Қалижан Бекхожин

ҰНАТАМ ТОЛҚЫНДАРДЫҢ ҰЛАСУЫН


Белең жоқ тағат таппай біз өтпеген,
Кетті ғой жылдар жылдам тізбекпенен.
Мазасыз қиялдармен аптыққанда,
Сабырын тұңғиықтың іздеп келем.
Теңіз бір құдірет қой ырқы күшті,
Білмейді қасіретті, қорқынышты.
Тез тасып шолақ сайдай лепірмейді,
Өрлікпен найқалады, тұрқы сұсты.
 Ырғалса баяу ғана серпіндері,
Сыңсып күй тынысынан шертіледі.
Өзінше кең ғалам ғой телегейі,
Сыйғандай жүзсе күллі жер түлегі.
Күн сүйсе шымырлатып кенен төсін,
Төсінде билетеді жел еркесін.
Аршалы шашын жайып төндіреді,
Арманды асқақ таулар көлеңкесін.
Ісі жоқ дүниенің дабырында,
Терең ой толғатқандай сабырында,
Данадай теңселеді,
Сондай толғам,
Болсайшы ақындардың дарынында.
Ал бір сәт бұлттар тулап сұр аспанда,
Аясын қара тобыр жау басқанда,
Күркіреп нажағайлар жасын атып,
Айдынмен айқай-сүрең арбасқанда.
Тұңғиық сұрапылын шақырады,
Көкжалдар арыстандай атылады.
Үдере толқындары ұрандасып,
Шулайды көк майданның атырабы.
Жай тастап жарқылдаса бұлт жарағы,
Нөпірі көкке шапшып бұрқанады.
Кеудесін бұлттар құшқан жартасты ұрып,
Тұманды тықсырады қырқадағы.
Бойдағы ашу шіркін осындайда,
Бұрқырап алса бір сәт басылмай ма?
 Тегеште тез көпірген сүтке теңбіз,
Теңіздей бұрқан-сарқан тасу қайда?
Іздейді айғай-шуды, ұрысты кім?
Теңіз де тілер күннің тыныштығын.
Жыр – айдын,
Жүзе білсең тереңінде,
Елемей жыр сыбырын, күн ыстығын.
Көп естіп сармасаның ызыңдарын,
Білмеймін, суыды ма қызу қаным?
Қайтемін сұрапылын телегейдің,
Толғампаз сабырына қызығамын.
Қайтемін тұңғиықтың сел ашуын,
Сүйемін ырғағының ұнасымын.
Күй шерткен серпіні бір оркестрдей,
Ұнатам толқындардың ұласуын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу