Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  139


Автор: Қалижан Бекхожин

ТУЫСЫМА

Уа, туысым, неткен қатал жан едің,
Сезбеймісің, жүрегімнің әлегін?
Сырласуға іздеп сені сағындым,
Болса да кең сенен достық әлемім.
Алдыңда мен кішірейдім, кешірдім
Өкпеңді сен сонша неге өсірдің?
Кек сақтауға кеудең қалай төзеді,
Қасың емес, туысыңмын, досыңмын.
Уақытымыз өтті думен парықсыз,
Бәріміз де кінәсі көп ғарыппыз.
Бірімізден сынық іздеп жүргенде,
Жарылатын шаққа жақын қалыппыз.
Туыс түгел, досың болса көбірек,
Әкелердің ынтымағын көріп ек.
Неге сонша иілмейсің емендей,
Бір ағаштан өскен бірге өрім ек.
Жаның сенің не темір ме, не тас па?
Мейлі тіпті туысыңмен отаспа.
Жақсы кегі кетер көйлек кепкенше,
Қатігездік лайық тегі топасқа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу