Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  100


Автор: Қалижан Бекхожин

ӨЗЕНДІ КӨРІП ӨРШІДІМ

Тұнжырап бір тұрып ем,
Өзенді көріп өршідім, –
Толқындардың тілінен,
Тыңдадым мен жер сырын.
Көріп тауды тәкаппар,
Өзімді өрге шығардым.
Биіктерде атақ бар,
Сол биіктен сыр алдым.
Кейде мең-зең басымды
Жел соқты да сергітті.
Дауылдардан ашулы,
Үйрендім мен өрлікті.
Келе жаттым жабырқап,
Салғырт ойға ердім де.
Кеттім бірақ жадырап,
Күлгендерді көрдім де.
Шаршап жаяу жүргенде,
Ұшқан құсқа қуандым.
Кейбір күңгірт түндерде,
Күлімдеді туар күн.
Уа, табиғат, сұлусың,
Жүзің ыстық, жарқын-ақ.
Қайтып жүрек суысын,
Әлем тұрса жарқырап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу