Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  267


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАРҚЫРАП ЖАТҚАН ЖАҢА ЖОЛДАРМЕН


Жарқырап жатқан
Жаңа жолдармен,
Сонау алға
Зымырауға құмармын...
Жарысып келем
От қанатты жылдармен,
Бүгіннен де
Жылы тартып туар күн!
Сайран жолдар!
Бір шетің ай, жұлдыз да,
Аспанды да
Жарып өтті даңғылың.
Біздің мынау
Жалындаған ұл-қызға,
Жатыр жайнап
Жолы шалқар мәңгінің.
Ол жылдарда
Көзіміздің нұры мен
Жырымыз бар
Дүние қайран қалатын.
Жетер едім,
Жігіт болсам,
Бәріңнен де,
Бұрын мен,
 Қағып жылдам,
Ракетаның қанатын.
Сапарымыз _
Адамның аңсар мекені,
Көрініп тұр
Таңғажайып орманы.
Асыққандар
Жылдан да тез жетеді,
Жалын атса,
Жастық шақтың арманы.
Сендерге
Тылсым етіп жұлдызды,
Айды ашты
Кітаптай бір данышпан.
Дана партия
Мәңгілікке жол сызды,
Қандай бақыт
Жүйрік жолда жарысқан!
Мен де жарысамын!
Қарамаңдар ақша шашыма, –
Ақша бұлт та
Кеңістікті шарықтар.
Ұмтыламын
Келешекке асыға,
Жырларым менің,
Көтер мені – алып бар!
Жолымыз тура,
Белестерім – өргелең.
Шамшырақ тұр
Биігінді жотаның.
Жалғастырып
 Аспан жолын
Жерменен,
Асқақтап тұр,
Асқар таудай Отаным.
Жас өрендер,
Толқынындай теңіздің,
Сендер,
Серпілгенге – дүние таң.
Кел шырқаңдар,
Келешектің лебізін,
Мен сендерге,
Үн қосуды ұнатам!
Ұзақ жолға,
Сендермен бір шарқ ұрып,
Шат күлкіні
Естуге мен құмармын.
Коммунизм ұрпағы!
Зымырайық сап құрып,
Алдымызда
Қандай ғажап туар күн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу