Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  287


Автор: Қалижан Бекхожин

КҮЗГІ КҮБІРЛЕР

(Көңіл дәптерінен)
Көріп тұрмын қайтқан құстар тізбегін,
Солар, сірә, алып қашты түз лебін.
Самалдардан ескен мынау қиырға
Даламдағы дәннің иісін іздедім.
***
Маған шипа – орман,
Ойды толғаған.
Шипа-шулы, тас бұлақты тау маған.
Бауырын жазған бәйгі көктей сергимін,
Көлбей қалса көз алдымда кең далам.
***
Тас төбемде күркілдеді көксау бұлт,
Мейлің селдет, айналам күз, көк сауыт.
Бас буырлым! Күбіріңді тыңдайын,
Тау мен судан жүрмін қазір дос тауып.
***
Айдаламда жарқылдады алтын күз.
Жарқын күзде дән толқыту салтымыз.
Кезбе бұлттар көкте, мейлі, түнерсе,
Ақ бидайдай ақша белде жарқынбыз.
***
Бәйтеректер шайқалса – мен тербелем,
Дауылды мен өр шабытқа тең көрем.
 Шайқаса ғой дәйім солай долы күш,
Қозғап жырды, тұл бойымды кернеген.
***
Қайран шабыт! Сені ғана пір тұтам.
Сен дарысаң – дүниені ұмытам.
Тұңғиыққа сүңгіп кеткім келеді,
Тіршіліктей ісі ғажап, сыры таң.
***
Күрсініп қалдым күзгі мен бөктерде,
Аққу-қаздар сыңсып көлден кеткенде.
Естимін де наз үндерін енді мен,
Оралағанда солар қайтып көктемде?...
***
Тұр сұстанып қырау қабақ, төтен күз.
Жас шынарлар қатер қыстан қаперсіз.
Боран шайқап кете ме деп біздерді,
Түнерген тек сүр бәйтерек екеуміз.
***
Қарт терегім, көріп сені иілгем...
Сол бір кезім еске түсіп күйінем.
Есіңде ме, жас бұтаңның ығында
Бірінші рет балғын қызды сүйіп ем?
***
Маған биік – басып өткен әр төбем.
Шөгірлерді басқан едім ертеден.
Өрге шапса менің өлең тұлпарым,
Көтерілер көкке менің мәртебем.
 ***
Күнді зая кетірмеуді үйрендім.
Өткен іске өкінбеуді үйрендім.
Сәтсіздікте бүйрегі тас топастан
Сеп тигіз деп өтінбеуді үйрендім.
***
Күн шуақта қиялдарға өрледім.
Мұнары жоқ тауды бірақ көрмедім.
Сайды кездім –
түрткіледі тікендер,
Бірақ бақтан мәуе болды тергенім.
***
Сүмбіледе әлі көңілім жайдары.
Ашық әлі үмітімнің аймағы.
Тасқа тиіп мысым кейде мұқалса,
Қайрақ – уақыт жігерімді қайрады.
***
Сия еріп – тамшылары жанымның,
Ақ қағазға төніп талай сарылдым.
Әріптерім, мүмкін, шалыс түсер де,
Бірақ сөзім мөріндей шын арымның.
***
Қандай жедел жүгірісі уақыттың!
Шуақ еді –
Шапшаң, міне, батты күн.
Ұнатам мен күнді өтсе сездірмей –
Секундтарын сәтсіздік пен сәттінің.
 ***
Бұл тірліктің тауысыпты кім өрін?
Белестерде қалды жарқын күндерім.
Сүрінсем да қияларға өрмелеп
Үзбей келем үмітімнің күдерін.
***
Бұраң жолда бүгілмедім қалжырап,
Жүріп келем шуда шашым жалбырап.
Креслодан құлап түскен әкімдей,
Жүрмеспін-ау еңсем түсіп салбырап.
***
Жырды тұсап,
Мансап қусам деп едім.
Шүкір, соның көрмегенге әлегін.
Қияндардан сүйеп мені келеді.
Сол баяғы кәрі досым – өлеңім.
***
Тауды кезіп, тас басуды үйрендім.
Боран соқса – бас тосуды үйрендім.
Дулы шақта шоқ тасып ем сойқанға,
Енді қаспен достасуды үйрендім.
***
Әріптесі жоқта басын ол шайқап
«Ол оңбаған!» – деп зілденді айғай сап.
Бүгін шарап жұтып еді онымен,
«Сен данасың!» – деп құбылды сол найсап.
***
Топастардың көкірегі тас келер.
Оларда жоқ күншілдіктен басқа өнер.
 Сұқты көзі жарық күнді сүзердей,
Жайнағанға қара бұлттай қас келер.
***
Бауырым, сен айтыспашы арсызбен,
Ол кесір ғой мұрынымен жар сүзген.
Кесепаттан машайық та қашады,
Жеңіле сал сол содырдан даусыз сен.
***
Адал досқа күндей жарқын райым бар.
Пейілімнен ақ толқындар жайылар.
Самал желдей сырласқаннан леп ессе,
Көңілімнің көлеңкесі айығар.
***
Қарт терекке иемін мен басымды,
Борандардан көрген талай асырды.
Иіл, бауырым, бурыл басты қарттарға,
Аршып келген сен асатын асуды.
***
Әркімнің бар дәуірлейтін мезгілі,
Өтсе шағың, екіленбе, сез мұны.
Шырқап ұшқан күйкентайға таңданар
Қыран
өтсе,
жарқылдайтын өз күні.
***
Маған жылы сырласқанды дос көрем,
Досқа күдік сақтамадым әсте мен.
Бірақ кейбір қара мысық сияқты
Күстанадан ытырана сескенем.
 ***
Поэзия теңізі ғой ғалам.
Тұңғиықтан тамшылайды жыр маған.
Шарықтай бер ұшқыр қиял әлемге,
Космонавтай түпсіз көкте зымыраған.
***
Өзен бар ма толқынсыз, не ағынсыз?
Жаңғырықпай тұрмас тіпті тау үнсіз.
Ақын ба сол ыңырсыған ырғағы,
Лебі шала – адуынсыз, жалынсыз.
***
Қызығамын көбелекке, гүлге де,
Ормандары кезіп неге жүр деме.
Бұлбұл үні, орман шуы, көк иіс,
Бәрі ғажап – мынау сырлы дүниеде.
***
Жұпар атқан нулы, тыныш тоғайым!
Бағынбайды сәулетіңді бағайын.
Бұлғаңдаса аршаларың арудай,
Домбырадай ырғайыңды қағайын.
***
Асау желдің асыры боп шырын бақ,
Жапырақтар түсіп жатыр сыбдырлап.
Меңіреу бағым, шынарыңды тербеткен
Жыршы құстар жылысқан ба сыр ұрлап?
***
Бұлбұл қайда? Жатыр гүлді шық сүйіп,
Бәйтерек тұр қарт бурадай түксиіп.
 Некесіздер сүйіскенде алдында,
Қартым, солай қарайсың тек сықсиып.
***
Зор бәйтерек жерге түсті бас ұрып.
Бұталары күйреп, шөптей шашылып.
Найзағай ма, не дауыл ма? – Жоқ, мұны
Кескен сойқан, есерлігін асырып.
***
Тоқта кезеп, шаппа жасыл аршаны! –
Жас ұрпақтың жан саясы, аңсары.
Балталауға қайтіп соны қиясың,
Бұл ару ғой – көздің көркі, тау сәні!...
***
Тыныш орман, манаурап тұр дымқыл көк.
Жыр толғаймын көмекейім бүлкілдеп.
«Бұл нақұрыс неге жүр?» деп қарайды
Саңырауқұлақ терген кемпір күңкілдеп.
***
Қоңыр орман, тұрсың неге томсарып,
Сұрғылт күнде маған күңгірт ой салып?
Теректерім, тербел маған жыр шертіп,
Шанарларым, қара маған тамсанып.
***
Күзгі көкте сыңсып ұшқан құстардың
Сарындарын түсінуге құштармын.
Оқ құлатқан үбірлерін жоқтай ма?
Зар ма шыққан зәбірінен дұшпанның?
 ***
Бұзып менің жыр тұндырған сәтімді
Неден үркіп көк толқындар секірді?
Асыры көп мынау сүрген әлемде,
Теңіздер де ашынатын секілді.
***
Уақыт мүжіп, кетіледі тастар да,
Қайран шақпақ, – қыран қонған асқар да, –
Құлап түсіп, жатыр енді шыңырауда,
Үгітіліп құмырсқалар басқанда.
***
Қайран қалдым көріп қия тауларды.
Жартастары қас батырдай қанжарлы.
Оймен шөккен бабалардай кей құзы,
Құж тастары арыстандай айбарлы.
***
Қандай рақат сауық, сайран адамға.
Дем алған жұрт масайрап жүр алаңда.
Тек мен ғана үйде жалғыз бүкшиген,
Өлең мені матап қойды қаламға.
***
Уа, музыка, құдіретсің не деген!
Кәрі, жасты ойнақтауға дәмеген.
Селкілдейін селеу шашым желкілдеп,
Жүрші, қалқам, қозды кәрі делебем.
***
Кімдер маған қызық әнді қимайды?
Жабырқасам – айтам «Қызыл бидайды».
 Қайран жігіт кезімде мен бұл әнді
Шырқап едім өзім сүйген қыз жайлы.
***
Кезіп тауды кездерімде рухтанған,
Мезі болдым су бүріккен бұлттардан.
Ал кейбір сәт, тыным табар шағымда
Мазам кетті көбік ауыз қарттардан.
***
Кештім талай сөз ұқпайтын салғыртты,
Үйімде да талай даңғой даурықты.
Бәрінен де қиын екен,
саңырауға
Қақсаймын деп қайран даусым қарлықты.
***
Сортаң көлдің тұрар беті шымырлап,
Сортаң көлдің бақалары шуылдақ.
Ұшқан құстың сыбдыры бір естілсе,
Үндеседі жау тигендей шырылдап.
***
Қайран жүрек. Соққан ұшқыр сағатым,
Таптырмайсың өмірдің бір тағатын.
Айхай, бір сәт қыл тамырың түйілсе,
Зергер қайда, тетігін дәл табатын?
***
Жалғыз жүрсең ақылдысың, ойлысың
Шартарапқа шарықтайды ой құсын.
Егер бір сәт көңіліңе қонса бұлт,
Жапандағы жетім жандай сорлысың.
 ***
Жас бөбектей ойыншыққа алданған
Аңқау көңіл арылмайды арманнан.
Асығамын ертеңгіге үмітпен,
Ақым бардай алар әлі жалғаннан...
***
Бұл дүниенің тасқынға тең айдыны,
Мейлі кемең тоқтаса да қай күні, –
Сұрапылда желкеніңді есе бер,
Күтпе алдан қатерді не қайғыны.
***
Жұпар жұттым ормандардан, гүл ұстап.
Тауды кездім, аясында тыныстап.
Қайран, далам! Жазығыңа шығып ем,
Кеңіп кетті арқам жүрген құрыстап.
***
Қызықсың-ау, таулы, сулы шаңқан қыр.
Бір төбеңде – нулы орман, асқар тұр.
Дөңге толы кең жазығың,бір төбең –
Төбеліндей данышпанның жап-жалтыр.
***
Тең тиеген түйелердей қайқиып
Белдер жатыр – асылы бар маң, тұйық.
Аталардай ойға батқан баяғы,
Боз атан тұр бір төбеде маңқиып.
***
Мейлі уақыт маған гүлін қимасын,
Көп көрді ғой қызықтарды бұл басым.
 Мұнарадай биік менің мерейім,
Күлімдесе балапаным – МИРАСЫМ!
***
Қалды артта, қайран біздің жазымыз!
Сонда да біз заманаға разымыз.
Сақалды деп кимелеме жұртты жас,
Әлі де біз жарысуға әзірміз.
***
Күндер деген – беттеріндей кітаптың,
Сырларын тек шертіп өтер бір сәттің.
Күн – парақты ақтарғандай ойла сен:
Өткен күннен не іздедің, не таптың?
***
Мен еңбектің ардагері атандым,
Қарт кеншімен, егіншімен қатармын.
Дәндей теріп, сөзді мыстай шыңдадым,
Мәресіне жеттім ұзақ сапардың.
***
Ағыттым-ау шабытымның шідерін.
Шарықтадым қиялымның шың-өрін.
Шіркін, солай өрши берсе қайнарым,
Дәйім солай жалын атар жігерім! –




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу