Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  110


Автор: Қалижан Бекхожин

ТАШАУЫЗ

Шөл дала...
Талай құм белді
Зулап тағы асамыз.
Құмды жарып үн берді,
Алдымыздан Ташауыз.
Шықты халқы нұрлана,
Күткендей бір той бізді.
Көрді бүгін бұл қала,
Ең бірінші поезды.
Шалқыды шу поезбен
Ташауыздың құмында.
Бірінші рет өзіммен
Келді бірге жырым да.
 Қала әбігер, жыр түгіл,
Көрген де жоқ өзімді.
Келелі сөз көлкіп бір,
Кең көшеге созылды.
– Көп күтіп ек құмартып
Жатып құмды аралда.
Поезд келді жүк артып,
Біздің жаңа каналға...
– Әке, әзір бол енді,
Құмдағы бұл майданға.
– Ертең канал келеді,
Су шалқиды сайларға.
– Қанша арық, қанша яб
Қазылмақшы ауданда? –
Көзбен көріп кел қарап,
Бар агроном, ойланба!
Мына жоспар дұрыс па,
Жолдас бастық, не дейсің?
– Сай боп жаңа құрылысқа, –
Мақта өрісі кеңейсін!
– Қат-қат үйлер тізілсін,
Жаңа жоспар жасаңыз.
«Ескі шаһар» сырылсын,
Жайнап жаңа Ташауыз.
Қуанышты үндері
Кезді осылай көшені.
Құлағыма гуледі,
Шаттық үннің нөсері.
 Шықты даусы поездың
Жаңғырта бір тағы да –
Тартты құрыш жол ұзын
Амудария жарына.
Құм белдерден дүбірлеп,
Зулап тағы асамыз.
Қуанышпен күлімдеп,
Қала берді Ташауыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу