Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  149


Автор: Қалижан Бекхожин

ҮКІЛІ БАСТАР ҚАЛҒЫҒАН

Келемін бұйратта
Кеудемді керіп, желпініп.
Аспанда бір жақта
Ағылды бұлттар жөңкіліп.
Теңселді ырғалып
Сары бұйра жайсаң алдымнан.
 Керіл бұлданып
Үкілі бастар қалғыған.
Жел шіркін шалдуар
Шайқауға соны құмар-ақ.
Ала толқын жалы бар
Бұлттарды келді қуалап.
Әне, дауыл ысқырды,
Аспан сермеді қанжарын.
Үйірлі жәуміт ышқынды,
Сілкінтіп сұп-сұр жалдарын.
Жүгірдім дуылдап
Көтеріп дөңдей кеудемді.
Өлеңмен дүбір сап
Оятып дәнді белдерді:
Ей, долуыр, сап-сап!
Нажағай жалт бер қыныңа!
Жайна күн, нөсерді жасқап,
Тұнып тұр гүлнәр қырымда.
Үзіл, жаңбыр сымдары!
Өрбіген сенен несібе –
Шалқан дән сабағы,
Даламның алтын төсінде
Самса мың-мың саусақтар,
Моторлар бас әлдиге!
Билесін үкілі алқаптар,
Шолпысын қақсын дән Бике.
Жырларым желдей есіл де,
Шерт миллиард дабылын.
Үркіт лайсаң жасағын,
Отанның күмбез төсіне
Тағамын жұлдыздар етіп
Дәннің алтын шашағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу