Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  114


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Көкшетау

Арқада, көк мұнармен көмкеріліп,
Көкшетау кербез нардай жатыр шөгіп.
Біртіндеп төңірегіне тарағандай,
Бәрі де сұлулықтың соңына еріп.
Бақшаның тамылжыған миуалары,
Секілді әсем оның жаз-жанары.
Аймалап ерке самал, манаурайды,
Мұхиттың – байтақ дала – көк аралы.
Шыңымен төсін шалған зеңгір көктің,
Көкшетау – тұлғасындай игі ерліктің.
Күн шыға оянады шып-шып терлеп,
Көрпесін серпе тастап торғын бұлттың.
Тартып ап көкірегінен көлдің лебін,
Жұтады жасыл орман бұлтты тегін.
Салқын тер дидарымды жауып кетіп,
Тебіреніп, келбетіңе қарай бердім.
Бір шың бар аспанменен тайталасқан,
Сырғанап, деседі, онан шайтан қашқан.
Ақ бура желкілдеген ақ шудасы,
Ойнақтап сол жерлерден талай асқан.
Бейне бір бүркіт қабақ қас батырлар –
Көкшенің ойға шомған асқары бар.
Асырмай алай-түлей ақ боранды,
Қаңтарда мұз төсеніп, жастанған қар.
Батырлар паналаған үңгірлері,
Ішіне кіріп барсам дүңгірледі.
Аһ ұрған арманының отты селі,
Шықты ма жарып содан, кім біледі?!
Шортанды, Шалқар, Шабақ, Бурабайдың,
Көлдері көздей тұнық, көктей айдын.
Айбынын заманымның ап келгендей,
Толқыны жағаға ұрып шашады айбын.
Көкшенің тамаша еді сыры нендей,
Өткен күн өте беріпті түгін білмей.
Өлкесі ен дәулеттің, сән-сәулеттің,
Сондай жер көрген кім бар бүгінгідей!
Ұласқан көкжиекпен байтақ егін –
Заманның арқауы деп айтар едім.
Ата Асан! Енді іздесең жер ұйығын,
«Таптым!» деп Көкшетаудан қайтар едің.
Сол таудың сағым құшқан бөктері де,
Жел жайлап, құлазумен өтпеді ме?
Төрт түлік жер қайысып жатыр енді,
Жауатын тұтас бұлттай көктемеде.
Ақтарсаң алаптары алтын төгіп,
Ырысқа, қазына-құтқа жатыр бөгіп.
Табиғат асау еді күні кеше,
Адамға бүгін әбден алды көніп.
Көкше тұр келер күнге құшақ ашып,
Қашаннан мейірімге ондай бала да асық.
Тұс-тұстан сапырылып келіп жатыр,
Адамдар ұшқан құспен араласып.
«Барласаң кең дүниенің керуенін,
Еңбектеп жылжысаң да шық өрге інім» –
Дегендей шың жастанған «Серітаудың»
Төсінде мен де талай еркеледім.
Көкшенің исі жұпар дертке шипа,
Жұтар ем барлық лебім ішке сыйса!
Сылқылдап таудан аққан күміс бұлақ,
Күлкісін сімірер ем қанша құйса!
Көкшеден таңдайыңа қаймақ тамып,
Кетеді тал бойыңа түгел дарып.
Қымызы көкірегіңді шайдай ашып,
Кетеді екі бетің нарттай жанып.
Қыя алмай Көкшетаумен қоштасуға,
Курортшы жазады атын көк тасына.
Еске алып жүрейік деп сағынғанда,
Бір тастан ап қайтады отбасына.
Көркем бір дүние ғой Отан-алып,
Көкше де құйып жатыр соған барып.
Сол жерден күндер, жылдар өтіп жатыр,
Ғасырдың ауыр жүгін арқаланып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу