Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  269


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Шымкентім!

Шымкентім менің, Шымкентім,
Шыр етіп түскен босағам.
Өзіңмен мәңгі ниетім,
Жүректе тамшы болса қан.
Талаптың тартып сапарын,
Үстіңнен өтіп барамын.
Саялы, сұлу шаһарым,
Екен ғой ыстық жанарың!
Егінге толып ырғалып,
Құлпырып сонау дөңесте.
Шымкентім, тұңғыш жыр жазып
Отырғаным әлі есте.
Таныс завод – тас қамба
Өңешінен от төгіп,
Бүріккенде бұлтын аспанға,
Бетімді кеткен лебі өбіп.
Менде соның жаны бар,
Сұсым салқын, жаным от;
Кеудеме ұйтқып лапылдар,
Естияр жырым жалын боп.
Ақ түсер, мүмкін, шашыма,
Көнермес, бірақ, көңілім,
Ертеңге болып ашыңа,
Асығып өтер өмірім.
Асығып бір сый бергенше,
Міндетім көп қой, міндетім, –
Қайта оралып келгенше,
Сау бол, менің, Шымкентім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу