Эсселер ✍️

  14.04.2022
  165


Тәрбиеші болу – бақыт!

Мен бүгін


Ерекше бір сезіммен ояндым,


Сәулелі шуақты ақ таңға боядым,


Жүректе қуаныш, бойда күш тасыған,


Өмірімнің мәніне айналған,


Бүлдіршіндерді көремін тағы да қасымнан!


 


Мен, Кусаинова Айжан Қайратқызы, өз педагогикалық  іс – тәжірибемді 2014 жылы  10 ақпан айынан бастадым. 2014  жылдың тамыз айынан бастап «Балдәурен» бөбекжай бақшасында тәрбиеші қызметін атқарудамын. Жалпы білім беру жүйесінде 5 жыл жұмыс істеймін.


Мақсатым: балалардың бойына жақсы қасиеттер мен қабілеттерді қалыптастыру, олардың білімдерін кеңейту. Бүгінгі күн талабына сай шебер ұстаз болу және бәсекеге қабілетті ұлттық тәрбие беру.


Менің қойған мақсатым – балаларды сауатты да, тәрбиелі де, адамгершілігі мол адам болатындай тәрбиелеу.


Әлемде екі қиын іс бар, ол – мемлекет басқару және бала тәрбиесі, деген аталы сөз де бар. Қандай қиын іс болса да, осы таңдап алған мамандығым өзіме ұнайды.  Қадір Мырза Әлі айтқандай: «Кейбір бала  — түйін, кейбір бала  — құйын, екеуі де қиын»


Осы қиын істі мойныма алғандықтан бүлдіршіндердің дені сау шыныққан – шымыр болуына, жан – жақты дамуына барлық жағдайды жасауға тырысамын. Балалардың бойына жақсы қасиеттер мен қабілеттерді қалыптастыру жұмыстары оқу – тәрбие процесінде жүргізіледі. Тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, сөздер пайдалана отырып, балаларды адамгершілікке, әдептілікке тәрбиелеу. Олардың ойлау қабілеттерін дамыту. Тиімді әдістерді пайдалана отырып жас ұрпақта ата дәстүрін адалдыққа, үлкенді сыйлауға, имандылыққа, достық тату – тәттілікке тәрбиелеуге тырысамын. Жұмыс барысында көптеген әдіс – тәсілдерді қолданамын. Мысалы: «Ойна да, ойла» тақырыбына байланысты көркем сөздері бар саусақ ойындары арқылы балалардың тілін жаттықтыру, естеріне сақтау қабілеттерін дамыту т.б. Көркем шығармашылығын оқу арқылы, соның ішінде ертегілерді түсініп, ондағы кейіпкерлерді ойнап, сомдау арқылы балалардың байланыстырып сөйлеулерін үйретемін. Тақырыпқа байланысты балаларды ұлттық салт-дәстүрлермен, әдет-ғұрыптармен таныстырамын.  Балаларға патриоттық сезім тәрбие беру де басты мақсаттарымның  бірі. Сол орайда әр түрлі мерекелік ертеңгіліктер де өткізіледі.


Мен үшін де тілім бәрінен жоғары, асылдың асылы, баға жетпес қазынам. Ұлттың ұлт екенін танытатын, оның тәуелсіздігінің тұғырлы болуына негізі болатын – оның тілі. Тіл – қарым – қатынас құралы ғана емес, ол ұлттың жаны, нәр беретін тамыры. Ұлттық тәрбиенің де негізі тілден басталады. Сондықтан балабақшадағы негізгі міндет тілді дамыту. «Ақылды көз – аталы сөз» — деп ұққан халқымыз сөйлей білуі де үлкен өнер деп санаған. Тіл – ойды жеткізудің үлкен құралы. Тіліміздің бүгінгі мен ертеңін сөз еткенде үміт артатынымыз, оның көсегесін көгертіп, көрпесін, ұзартатындар – тек келешек ұрпақ, қазіргі кезде біз тәлім – тәрбие беріп отырған – балалар.


Мынау менің балабақшам… Мынау менің кішкентай бөбектерім…. Әр күн олардың сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені, олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелей алдыма келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы. Мен олармен бірге жүрсем, балаша қуанып, мына өмірге балаша қарағым келеді.


Мен тәрбиешімін…. Осынау  мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кем де кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар…


Мен балаларды жанымдай жақсы көрем… Өйткені, бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайлық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып,  ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады. Көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы…


Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді… Әр бала өзінше бір әлем… жаны жақсылыққа құмар, арманшыл… Тәрбиешінің мамандығының киесі де, қийындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс – бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?!


Тәрбиеші жұмысы – оңай жұмыс емес. Бірақ абыройлы, сыйлы. Жақсы тәрбиешіні балалар ешқашан ұмытпайды.


«Білерім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар блестерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжерибе жинау алдымда. Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды. Шын білімдінің зейін – зердесі кең, алыстан қарасаң – кербез, жақыннан қарасаң – кішіпейіл. Жүзіне үңілсең – мейірімді, жанына үңілсең – шуақты көрінбек.


Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші атансам – адами парызымның орындалғаны болар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу