12.04.2022
  238


Автор: Қалижан Бекхожин

СЕРІ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚ РОМАН

Ақан сері – халқымыздың ардагер перзенттерінің бірі. Бірі ғана емес, Ақан жұртымызға белгілі сан қилы өнерпаздардың қатарында, ұлы адамдардың ішінде, өмірі де, мінезі де бөлек ерекше тұлға. Ақан – сегіз қырлы, әсем сырлы, дүниеге екі келмейтін қайран сабаздың өзі. Ақан – ақын, композитор, әнші, сері. Бұл ғана емес, Ақан – өзі душар болған заманның әлеуметтік сырларын әшкерелеген, тұсындағы топас қауымға өткір сын таққан және де халқымыздың тағдырын жырлаған патшалық-отаршылдық қысымға қырын пікір қозғаған қоғам қайраткері.


Жұртымызың өнер салтанатына сонша асыл қазына (өлең, әндер) қалдырған, қазіргі қауымның игілігі, рухани сусыны болып отырған тамаша мұрасы бар аяулы Ақанның тарихтан да әдебиетімізден де айрықша көрнекті орын алуға әбден хақысы бар.


Ақан сері шығармалары әдебиет, өнер тарихында айтарлықтай бағалы. Біздің аса көрнекті қайраткерлеріміз Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында, Ғабит Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты» драмасында сері өмірінің қырларын әсем сипаттап, жұртшылыққа жақсы танытқан еді.


Алайда өмірі мен өнері алуан қилы Ақан тұлғасы әдебиетімізде, өнер, кино саласында әлі толығырақ, жан-жақты көрінуді тілеп-ақ тұр еді. Өмірі ғажайып ерекше тұлға Ақан туралы жазуға қалам ұстағандардың көбі-ақ құштар шығар. Бірақ мұндай аңызға айналған сері жайында роман жазуға батылдықпен қоса үлкен дарын да қажет-ау.


 


Бұрын бір ғана романмен есімі жаңа таныла бастаған жазушы Сәкен Жүнісовтің Ақан сері туралы (бірінші кітабы) көлемді шығарма жазғанына мен қайран да қалдым, тіпті, кітабын күдікпен де оқи бастаған едім. Романның ішіне ене келе менің бұл күдігім бірден сейіліп кетті.


Алдымен қуанышты сезімімді айтып алайын. Бұл романды оқығанда мен белгілі бір майталман, шебер қаламгерлердің жаңа, ірі туындысына тап болғандай серпіле, рахаттана түстім. Бұрын да, кейінгі шақтарда да пайда болған талай жақсы роман, повестер бар шығар, ал мен кейінгі жылдарда өткендегі халық өмірін, өнерпаз тағдырын, жартымыздың рухани қасиетін мұндай сан-салалы, мұндай шебер суреттеген шығарманы оқыған емеспін. Бұл менің шын әсерім.


Бұрыннан өмірі, өнері мен ақындық сипаты белгілі жәйттері бұл романнан маған ғажайып бір соны әлем болып ашылды. Романда Ақанның тек серілік өмірі ғана суреттелмейді, бұл шығармада халықтың ақын, композитор, әнші ұлы, әділетшіл қамқорының іс- әрекеті арқылы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ     даласындағы      әлеуметтік      жайттарды, ауыл қоғамындағы рулық тартыстар мен таптық қайшылықтарды, патшалық-отаршылық саясатпен, сауда-саттық қарым-қатынастармен далаға бірге келген қым-ғуыт өзгерістерді қисынды, дәлелді, әсерлі суреттеген. Ұлы дарын душар болған орта, топас қауым, қазақ даласында үстем, өктем күш – феодалдар мен ірі шонжарлардың сұмдық әрекеттері романда айқынырақ әшкереленген. Сол тұстағы, жалпы ауыл салтына ата дәстүрлік әдет-ғұрыпқа тән, қазақи, анайы мінезге тән сипаттарды, сән-салтанатты даңғаза байлар тұрмысы мен жоқшылық зардабын шеккен жарлы-жақыбайдың күйкі тіршіліктері де романда жан-жақты, уақиғаға байланысты, түйсінерліктей жарқын елестетілген.


Бұл тарапта тосын пікір тууы да мүмкін. «Абай»,


 


«Оянған өлке», сол сияқты кейбір шығармаларда өткен ғасырдағы осындай ауыл, ахуалдары кең де, көркем де суреттелген еді ғой, бұл романның жаңалығы не? – дейтіндер де болар.


Бұл романда қамтылатын бұрынғы ауыл суреттері, әлеуметтікахуалдар,тұрмыскүйлері,рутартыстары,тап қайшылықтары автордың ізденісі мен тапқырлығының нәтижесінде – өзгеше жәйттер, уақиғалар, өзгеше нақыштар арқылы, өзіне тән шеберлік тәсілдер арқылы ұзын желіде, кең панорамада өрнектелген.


Алдымен бұл туындының мұнарасын биікке көтеріп тұрған – Ақан бейнесі. Романдағы Ақан образы – әдебиетте бейнелеген Абай, Шоқан, Балуан Шолақ, Мәди сынды ардагерлерге ұқсамайтын дара тұлға.


Ақын алдымен өмірге, айналасына, табиғатқа ойлы, әсемпаз көзбен жіті қарайтын парасатты ақын, сезгіш, ғажап әнші. Екіншіден (автордың суреттеуінше), Ақан – әсем табиғатқа, адам қасиетіне тән сұлулыққа дәйім іңкәр әсемпаз, эстет, жаны сүйген аруларды ардақтайтын, асыл жар үшін жан қиюға әзір ғашық, үшіншіден, Ақан – ескі салт-сана шырмаған ауылдың қалыптасқан сорақы дәстүрі –қызды теңіне қосылуға ерік бермей, сүймеген біреуге қалың малға зорлықпен сатушы өктем, надан қауымға қарсы қыр көрсетуші, қыңыр, өзінше әрекет жасаушы, батыл да дархан азамат. Төртіншіден, Ақан – бұл романда ескі әдет- ғұрыпты, қанау, зорлық тұтқасын берік ұстаушы өктем, топас топтарды ел алдында өлтіре мінеп әшкерелеуші, зұлматтыжақтайтындіниелерініңбетпердесінжыртып, пасықтығын  паш  етуші  күрескер.  Бесіншіден,  Ақан



  • халқымыздың дәстүрін өз ортасына, халық арасына өрістетушілік өнерді өзін қостаған дос, серік қыз, жігіттерге үйретуші, ерекше әншілік мектебі бар ұстаз. Алтыншыдан – ауыл айналасындағы ұрпаққа әнмен, өлеңмен, аңшылық, мергендік өнермен сауық-сайран құрушы, «дала театрының» жетекшісі. Жетіншіден –


 


сері, саятшы, ұлы дарын иесі Ақан жарлы-жақыбайдың мүшкіл халдерін ойлайтын батагөй, достарының қилы тағдырына арашашы, жалқы жарлы серіктеріне қалың беріп, немесе қалыңсыз да жар құштырған қамқор, жомарт.


Романды оқи отыра маған Ақан бейнесінен байқалған қасиеттер – осылар бұл мінездемелер, «баяндауыш»,


«анықтауыш» арқылы хабарланбаған, Ақан бойына біткен қасиеттер, Ақанды ірі, абзал тұлғаға көтерген сипаттар – нақтылы, желілі, жүйелі уақиғаларға негізделіп, жан-жақты, байсалды суреттелген.


Ақан – ақын, ән толғаушы дарын. Ақынның бұл қасиеті романның әр тарауларынан айқын сезіліп отырады. Кейбір шығармаларда ақын туралы жазылса да, оның ақындық, творчестволық толғанысы суреттелмей, көбінесе ол білгір, шешен ретінде көрінеді. Сәкен романында Ақанды мейлі табиғатпен, мейлі хайуанатпен, мейлі адамдармен ұшыратса да Ақанды ақынша толғандырады, ақынша сөйлетеді. 37-беттегі ай туралы толғанысын қараңызшы, ұйқасы тақ-тұқ өлең болмаса да – поэзия. Ақанның қилы-қилы адамдармен, ғашықтарымен, достарымен, Құлагерімен тілдескен сөздерінен ақындық, шешендік, тапқырлықты, білгірлікті, әсеппаздықты әсерлі сезінеміз.


Ақанның серілік даңқын әні мен саятшылығы ғана емес, ғашықтық сырлары да шығарған. Бір сәтке Ақанды махаббат серісі дер едік, бірақ Ақан – Европаның Дон Жуаны емес, даламыздың дархан  бозбаласы, шын, абзал махаббатты іздеген, өзінің ардагер басына лайықты жаны сергек аруды іздеген ғазиз жан.


Автор Ақанның ғашықтық жәйттерін ізгі сезімге бөлей суреттеп, оқырмандарды Ақаннның да досы, оның ғашық болған қыздары шын, пәк махаббаты ардақтайтын асыл жандар бейнесін де шебер де нанымды сипатаған. Автордың суреттеуінде Ақаның бір кезде Қадишаға көз тастауы, сөз байлауы, кейін Ұрқияны


 


алып қашып, адал жар етіп үйленуі – бәрі де шын, дәлелді таза сезім, түсініскен құштар жүректерден туған махаббат драмасы.


Романдағы негізгі жүйелер, қым-ғуыт шиеленістер, ұзын-ырғалы уақиғалар, бастарына еркіндік іздеген, Ақандай абзал, ардагер жар іздеген осынау қыздар, қалыңдықтар         төңірегіне        ширатылған     желідей болып тартылған. Сүймеген адамға, малға сатылған Ақтоқтыға, асыл, сұлу әнші, ақылды Ақтоқтыға ғашық Ақан Ақтоқтыны пәледен құтқару үшін алып қашады, бірақ зорлық күштер (Жалмұқан) қызды Ақаннан тартып әкетеді. Ақан – нәпсі құлы емес, аяулы аруды ақаусыз пәк жібереді. Сүйген қосағы Ұрқия баладан қаза табады (оның да дәлелі бар). Досы, әнші Сұлтанмұрат жар етіп алған Қадишаны Тастан секілді топастар, Науан қазірет секілді қан бүріккен діншілер қорлықпен өлтіреді – осының бәрі үшін арпалысқан, өр, сері Ақан осылар үшін қайғырады, кең кеудесін ыза кернейді. Әділетті, еркін серілікті, жұртына дархандықты аңсаған Ақанға өкім, зорлықшыл топтар, қара ниет қаскөй байлар, шонжарлар, би-болыстар, қарсы өшпенділік отын тұтады, серінің қыр соңына түседі, жазықсыз әкесі Қорамсаның қаншама малын тартып алады. Бұл топтағы сорақы бейнелер – Тастан, Бақтабай, Сүлеймен, Жалмұқан, Нұртаза, Науан тағы басқалар. Автордың ғажап шеберлігіне сүйсінесің, осы залым, сұрқия пенделердің ұсқындарын, мінез- құлықтарын, бет-пішіндерін іс-әрекет арқылы тамаша суреттеген. Детальдар, штрихтар, мінездемелер қандай тапқыр                 теңеулермен,       есте    қаларлық       әсірелеумен берілген десеңізші! Жаңа байыған саудалы байлар салтанаты, олардың мінез-құлқы да жақсы суреттелген. Ақан басындағы ауыртпалықтар үдей түсіп, ақыры Ереймен трагедиясымен аяқталады. Айта кетелік, Сағынайдың асын, паң Нұрмағанбеттің сән-салтанатын, Құсақ көлінің айналасына тігілген жүздеген ақбоз


 


үйлер, жиын, той, күрес, шабыс, мереке көріністерін Сәкен өз көзімен көріп, сол ғасырдан келгендей-ақ үлкен панорамаға сызған сала-сала суреттей жақсы бейнелеген.


Ақанның жардан айрылып, жаны жүдеген серінің ендігі жан қанаты – Құлагер. Құлагердің тұлпарға біткен, адамнан зерек сергек мінезін, жүйріктік құдіретін романның ұзын ырғасында кәдімгі жанды кейіпкер іспетті, Ақанның шын серігі есебінде әсерлі сипаттап отырған.


Ақан, Ақтоқты, Ұрқия, Құлагер – бұл романдағы ең абзал бейнелер. Ақан үшін Құлагер сірә, ең сүйкімді, ең асыл тұлға шығар.


Топас біткеннің томырығы – Батыраш. Мұның күншілдігін, зорлықшылдығынавторөлтіремінездеген. Сол жауыз күншілдікпен алпыс шақырымдық бәйгеде 500 аттың алдында құстай ұшып келе жатқан әулие пырақтай, ардагер жануар Құлагерді қарақұсқа айбалтамен ұрғыздырып өлтірттіреді. Асылы, оң қанаты ажалға ұшыраған Ақан серінің халін автор сай- сүйегіңді сырқырата тебірене жырлаған...


Менің қайран қалғаным – романның көркемдік бітімі ғажап. Романның қай бетінен болса да, мейлі табиғат көрінісі болсын, мейлі кейіпкердің түр-сипаты, мінезі, қақтығыс сөздері болсын, мейлі саятшылық, ғашықтық сырлар болсын бәрі де майталман шебер суреткердің қолымен нақышталғаны шексіз сезіледі. Тағы да қайран қалғаным – бұл жас романист өткен өмір сырларын ғана емес, ескі ауылдың тұрмыс күйлерін, мүлік, бұйым пішіндерін, этнографиялық өзгешеліктерін, сол атыраптың жер-су, тіпті өсімдік атауларын, ру-рудың айырмасын, қылықтарына дейін әбден тәптіштеп, пайымдап біледі екен. Сәкеннің мұншама «кәрі құлақ» біліктілігіне, зерделігіне сүйсінесің. Тегі, Сәкен мұндай келелі, аталы туындыны жасау үшін Ақан туып өскен ел мен жерді, әлеуметтік ортаны құштарлықпен зерттеп,


 


ізденген болар.


Енді біраз байқаған мінді және тілек пікірлерді білдіре кетейін:



  1. Романның басталарынан 25-30 бетке дейін арлан қасқырдың хикаясы тым қызыға әсірелене суреттелген, бұл әңгімеде қасқырдың ұйығуына соншама қызыққандық сезіледі. Өрескелдік бар.

  2. Ақанның Ақтоқтымен далада, жол үстінде кездесуі, қыздың ерекше киінуі де ағат емес, бірақ, Ақтоқтыны бұрын бір көрген Ақан қыздың көзінен болса да секем алып, ойға қалғаны жөн.

  3. Елеулі бір айтарым – Ақан өзі сүйген жарға ғана ғашық, сол жолда жанқияр ғана жан емес, біздің білуімізше Ақан – теңіне еркін қосылмай, малға сатылып, еріксіз ұзатылып бара жатқан қыздардың арашашысы, әйел басының еркіндігін мұрат еткен күрескер. Ақанның талай ұзатылу тойына барып “жар- жарды” зарға айналдырғаны жөнінде аңыз-әңгімелер аз емес, автор романында бұл мәнді мәселеге орын бермеген.

  4. Ақан – өзінің мысқыл өлеңдерімен арам байлар мен зорлықшыл төре, ұлықтарды аяусыз шенеген ақын. Романда Ақанның зорлықшыл топқа деген наразы пікірі сезілсе де, бұл жайт бір штрихтармен суреттелмеген.

  5. Ақан – әлеумет қайраткері, өз халқының тағдырына күйінуші ақын. Ақан – Ресей патшасынан әуелі қамқорлық іздеп, артынан наразы пікір сездірген. Автор бұл жайтты екінші кітабына қалдырған болар, дегенмен сөз арасында осыны да аңғартса – Ақанның саяси бағыты күшейе түсер еді.

  6. «Кенесары үңгірінде» Ақандар «Еңлік–Кебекті» тыңдайды (поэмасын). Бұл тарихқа дәл емес. «Еңлік


–Кебекті» жазған автор 70-ке келіп өлді десек – 1860 жылдар туған болады. Ақан серінің (1840 жылдар туса керек) бұл кезде отыздағы кезі. Сонда ол қиссасын 10 жаста шығарғаны ма?


 



  1. Саққұлақ би – жақсы бейне. Бірақ алғашқы билік сөздерінде «Еңліктегі» ата бидің сөзіне сәл ұқсастық бар, сөзінде тұрпайылық та бар, мұны жөндеп, би сөзін тұспалға, нақылға бөлеу керек.

  2. Бұл романдағы табиғат суреттерінің бәрі әсем, тек Бурабай мен Көкше сипаттары жөнінде автор тағы бір шалқыса деймін.

  3. Құлагерінен айрылып, айдалада налып Ақан отырғанда, оқушының жынына тиіп сары ояз бен Анна Ивановна ұзақ мылжыңдай береді екен. Тегінде Анна Ивановна – келісімді бейне. Анна арқылы Сәкен орыстың бұқарашыл, өнер сүйгіш ізгі ойлы адамын елестеткен. Ол қазаққа жанашырлық, сері Ақанға симпатия білдіреді. Бұл жақсы. Бірақ, ана мас екеуін көп шүлдірлетпей, бірер түйсік сөзбен, хатпен тұжырып, қалғанын қысқарту керек.


Қорытынды: біздің талантты, дарынды жазушымыз Сәкен Жүнісов жазған бұл роман – қазақ әдебиетінде жаңадан келген ірі туынды. Бұл – жас таланттың классиктерден зор тәлім алуының, кең зердемен, ұшқыр талаппен қажымай ізденудің игі, келелі табысы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу