12.04.2022
  153


Автор: Қалижан Бекхожин

УАҚЫТПЕН ҮНІ ҰЛАСҚАН

1937 жылы Алматыға, Қазақпедагогикаинститутына алыс Ақжайықтың ар жағындағы Қаратөбе орта мектебінен бір хат келіпті. Бала шәкірт хатында КазПИ- ді бұрынырақ бітіргендерді, соның қатарында Тайыр Жароковты, Қажым Жұмалиевті де және мені де атап, солардай әдебиетші ақын болғым келеді деп өз мұратын да білдірген екен. Сол жас талапкер бүгінде алпыстың асуына шығып отырған аяулы ақын, ғалым Сағынғали Сейітов еді.
Ойдағысы орындалып, студент атанған Сағынғалидың есімі көп ұзамай әдеби жұртшылық, оқушы қауымға газет-журналдардан өлең-жырлары арқылы таныла бастады.
Сағынғали Сейітов өзінің алғашқы жырларында- ақ партиялық ой-сана мен патриотизмді берік арқау етіп ұстады. Оқып-білгені мол, уақыт ағынын зерек барлайтын зерделі ақын соғыс майданында-ақ патриоттық тақырыпты жырлауға өз қатарластарының көбінен бұрын араласты.
1941 жылдан 22 июнінде біздер, бір топ жас ақындар жаздың жайма-шуақ күнінде қаннен-қаперсіз, әдетімізше гулесіп, баққа қарай беттеп келе жатыр едік. Тобымызды Ғабдол, Қасым, Абдолла бар, кенет ең кішіміз Сағынғали: – Тоқтаңыздар, радиодан суық хабар сарнап тұр, – деп қалды. Соғыс басталды...
Бақ бетінше қаңырап қалды. Біздер түнерген бойы кейін қайттық.
Аз күннен кейін Сағынғалиды майданға аттандырдық. Абдолла Жұмағалиев әдетінше шашын сілкіп тастап, тебірене толғады:

Ардақты досым Сағынғали,
Шертілер сен кеткен соң, сағынған күй...


Есімде, үнсіз отырған Сағынғали сол арада шығарған өлеңін бізге оқып берді.


Ел шетіне жау тиді түн жамылып, Білемісің соқтыққан кім қағынып?! Қанқұмарлар Отанға оқ атқанда Үйде жата бермекпін мен неғылып?
Жиырмадан асқан жаңа, жас жігітпін Мұз еріттім, демімен тас жібіттім.
Жетпей жатып жеңіске бел шешпеймін. Жетегіне ермеймін басқа үміттің.
Ризамын мыңдардың ашып бағын, Отан үшін төгілсе қасық қаным, Жау қосына түсемін жасын болып, Сол себепті достарым асыққаным!


Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында неміс басқыншыларына қарумен қоса қалам кезенген жас жауынгерлер өзінің өзекті сертін орындады да бұрқаған оқтың, лапылдаған оттың арасында жүріп шынықтырды, жауынгер жырларын ақын Сағынғали. Майдандық газетте әскери журналист қызметін атқарған ол жауға заһар шашып, қарсы шапқан жанкешті ерлерді, қан қырғында оққа ұшып қансыраған жауынгерлерді өз көзімен көрді. Кекті жырларымен, жалынды сөздерімен газет беттерінде жауынгерлерді ерлікке, жеңіске ұрандады.
Поэзияның сол сұрапыл кезеңдегі айбынды міндетін дәл түсінген майдангер ақынның мұндай өлеңдері, кезінде ерекше құнды болғаны даусыз.
Капитан С. Сейітовты мен 1945 жылдың жаз айында Бреслау қаласында кездестірдім. Әскери саяси басқарманың тапсырмасымен Польша, Чехословакия

жерлерін аралап жүрген едім, Бреслауда Украин майданының қазақ жауынгерлеріне арналған газеттің редакциясы барын естіп Сағынғали досымды әдейі іздеп бардым. Сағынғали майдан жалынымен шынығып, ширап кеткен секілді.
. Жаңа өлеңдерін екпіндете, шалқи оқыды.
Сол майдан даласында жазып, кейін кітаптарында жариялаған шығармаларынан «Партбилет», «Окопта»,
«Комиссар», «Шегінбе», «Блиндаж әлі тым-тырыс»,
«Төбешік», «Барлаушы» сияқты өлеңдері қазақ поэзиясындағы жауынгерлік жырлардың жақсы үлгілеріне қосылады. Сағынғалидың майдан шебінде жүріп жазған лирикалық өлеңдері сол шақты бастан кешкен біздерге әлі ыстық леппен еседі.
Соғыстан кейінгі дәуірде филология ғылымының кандидаты Сағынғали Сейітов поэзияға да, әдеби- зерттеу ісіне де жауынгерлерше жалындап кірісті. Көп оқып, терең толғам жасайтын әдебиет тарихына да алғыр ақын көзімен, эстетикалық талғаммен қарайтын білгір әдебиетшінің қаламынан туған «Қырық жылғы әдебиет», «СССР халықтарының әдебиеттері», «Қазақ поэзиясындағы Маяковкский дәстүрі» секілді іргелі еңбектер – әдебиеттану ғылымына қосылған бағалы үлестер.
Асылы, поэзия сыншысының өзі ақын болса тіпті ғанибет. Сағынғали – соңғы сапқа жататын қаламгер. Поэзия мәселесі сөз болған жиындарда, баспасөз беттерінде ол өз тұрғыластарының туындылары жайында әділ де бағалы ой-пікірлер айтып, поэзиямыздың өрлеуіне айтарлықтай ат салысып келеді.
Коммунист ақын өзінің талай өлеңдерінде ұлы көсеміміз Ленинді, Коммунистік партияны, Октябрь революциясын асқақ дауыспен, зор мақтанышпен шалқи жырлайды. «Ленин», «Ленин мен кедей»,
«Партия жиналысында», «Көсем бейнесі», «Бәріміз

де Октябрьде туыппыз», «Санамызда – революция сәулесі» – әр кезеңде жазған өлеңдерінде ақын Ленинге, партиямызға бағытталған ыстық сезімдерді сүйсіне толғайды. Мұндай қиын да жауапты тақырыпқа барғанда Сағынғали өлеңнің өзіне тән поэтикалық көркемдігін де шебер сақтайды.
С. Сейітов қазіргі дәуіріміздің алуан-алуан көріністеріне, келелі уақиғаларына белсене үн қосып келеді.Сағынғалижырларындатуғанөлкеміздіңтамаша жаңалықтары, уақыттың ұлы сәулеті, миллиардтай салмақталған астық алқабы елес береді. Сағынғалидың бір ерекшелігі – замандас бейнесін, әсіресе қарапайым еңбек адамдарын жырлауға бейімдігі.
Сағынғали Сейітовты жауынгер жыршы деп бекер атамаймыз. Майдан алауынан жүрегіне өшпестей ұшқын ұялатқан ақын әлі күнге сол жалындарын суытпай келеді. Бұдан оның соңғы жылдарда жазған бір топ жырлары кепіл.
Ақын жауынгер жігерінен, ұшқыр шабытынан таймай, алпыс жасқа творчестволық кемелдікте толып отыр.


Әйтеуір бір нәрсеге жоқ таласым, Білемін ұшқыр қалам тоқтамасын!–


деп серт етеді. Халқының елгезек ұшқыр жыршысы болған коммунист ақынның бұл сөзіне біздер кәміл сенеміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу