12.04.2022
  229


Автор: Қалижан Бекхожин

ШОҚАН УӘЛИХАНОВТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ОЙ-ПІКІРЛЕРІНЕН

 


І. Қазақ халқы туралы


 


«Ресей империясына қарайтын бұратана жұрттардың ішіндегі сан жағынан болсын, байлық жағынан болсын бірінші орынды алатын халық, тіпті болашақта өсетін әлпеті бар халық – біздер, біздің қазақ халқы. Басқа бұратана жұрттар орыс арасында шашылып бытырап жүрсе, біздің халқымыз ұлан-байтақ тұтас бір даланы жастанып жатыр. Орысқа бағынған  қазақтың  саны 800 мыңдай деседі. Ал бағынбағандарын қоссақ, миллионнан асып кетеді. Егерде Европадағы бүкіл татарды алып, оның ішінде башқұрт, ноғай, бөкей қазақтарын қоссақ барлығының саны бір миллионға әрең жетеді. Ресейдің Орта Азиядағы сауда-саттығымыз деп жүргенінің өзі – біздің қазақ саудасы...


Біздің халқымыз орыстардың көпшілігінің ойлағанындай топас та емес. Пайымдап айтсақ, қазақ халқы Ресей патшалығындағы бұратана халықтардың ең ақпейілі, ең бірі және тағылығы да шамалы, бұл жағынан біз тек буряттардан ғана төмендеуміз, өйткені буряттар бағына қарай аса тұманды буддизмді дін ғып ұстады, ал біздің халқымыз сорына қарай ісләм дініне душар болды. Біздің халқымыз поэтикалық қасиеті күшті, әдебиетке бай халық. Біздің ауыз әдебиетіміз шығыс шығармаларынан гөрі индо-герман эпизодына жақын. Ақырында бәрінен де бір артықшылығы – біздің қоғамдық өрлеу формамыз өзінің бұзылмаған қалпында тұр. Оның бұл қалпы – мәдениеті өсіп жеткенде болатын кейбір нәтижелермен дәлме-дәл шығады.


 


Біздің болашаққа деген барлық үмітіміз осындай айғақтарға негізделеді.»


 


ІІ. Қалың бұқараның мүддесі туралы


 


«Біздің өкімет соңғы кезде әкімшілік, сот билік және ағарту істерін қайта құруға шұғыл кірісе бастады. Бұл реформалардың бірқатары біздің қазақ даласына да тиісті болды, мысалы, бізге сот-билік реформасы жүргізілгелі отыр.


Бұл қайта құру жұмысының менің Отаным үшін үлкен мәні бар болғандықтан, біраз пікір айтуды өзімнің борышым деп білемін.


Біздің заманымызда халыққа ең керекті, ең маңызды іс – экономикалық және әлеуметтік реформа. Бұлар халықтың нағыз мұң-мұқтажына тікелей қажет, ал саяси реформа сол шаруашылық реформаларды жүзеге асырудың құралы есебінде жүргізілмек, өйткені әрбір адам және бүкіл адам баласы өзінің өрлеу жолында түпкілікті бір мақсатқа ұмтылады... Ол мақсат өзінің тұрмысын жақсарту. Прогресс дегеніміздің негізі осы болып шығады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызатын ғана реформалар қажетті болады да, ал сол мақсатқа қандай болса да кедергі келтіретін реформалар болса – ондайлар халыққа зиянды болып табылады...


Қазақ халқы қараңғылығымен жалпы өсу дәрежесінің артта жатқандығынан саясат мәселесін де өзі қарауға керенау тартуы мүмкін, бірақ орыс әкімдер бізге, қазақ халқына айрықша назар салуы керек. Жаңа өзгеріс реформалар жасаймын дегенде бізге байқап тиісу керек, осындай істерге жете зер салмай, атүсті қараушылық – облыс әкімдерінің әдетіне айналып барады. Олар өздерінің жүргізейін деп отырған істерін елдегі сұлтандар мен шонжарлардың сөздеріне сүйеніп, солардың айтқандарын негізге алғысы кеп жүр. Проект


 


бойынша бекігелі отырған өзгерістер әлгіндей үстірт кетушіліктен туған жобалар, өзгерістерімен қайта құрушылықтар, сайып келгенде, қалың бұқараға қажетсіз боп отыр және оның зияны тигелі отыр.


Бұл өзгерістер тек қана қазақ халқының үстем табының мақсатына сай, ал былайғы халық, елдегі ақсүйектердің айтуынша «қара қазақ» ондай өзгерістерді тілеген жоқ. Қазақ арасына өзгеріс енгізу туралы пікір жинаған комитет сол пікірлерге баға беру үшін әуелі пікір айтқандарды сословияға бөлу керек еді, сол сословиялардың әкімдеріне тікелей байланыстығын ашу керек еді...


Ал, халықтың пікірі, әсіресе надан, тағылау халықтың пікірі әрқашан да халықтың шын мұқтажымен байланысты болмақ. Қоғамның үстем таптарының пікірін халықтың шын мүддесіне жат пікір деп қарау керек. Шонжар, бай адамдардың мақсаты, тіпті аса мәдениетті қоғамда болса да, көпшіліктің, қалың бұқараның тілегіне көбінесе қас болады».


(«Сібір қазақтарына жүргізілетін сот-билік реформасы туралы» деген мақаласынан.)


 


ІІІ. Қазақ халқының әдебиеті, өнері туралы


 


«Европада көшпелі рулар жөнінде әлі күнге дейін бір жалған пікір басым болып келеді. Ол жалған пікір бойынша көшпелі рулар бір жауыз тобыр сияқты. Бір тәртіпсіз тағы сияқты. Олардың ойынша көшпелі монғолдар мен қазақтар мал сияқты жосып жүрген надан варварларға жақын боп шығады. Ал шынына келсек, бұл тағы деп отырған жұрттардың көбінің жазба түрінде болсын, ауызша түрінде болсын, өз әдебиеті бар, өз сөз өнері бар...


Солардың ішінде қазақ халқы айрықша шығады. Ақыл-ой өнері жағынан сахараның қазағы шаһарда тұратын татарлар мен түріктерден әлдеқайда


 


жоғары жатыр. Поэзияға деген бейімділік, әсіресе импровизацияға деген дарындылық көшпелі жұрттардың бәрінде болатын бір қасиет. Бәдәуилердің ақындық зейіні мен ақын жыраулары туралы европеецтерге бұрыннан мәлім. Арабыстан сахарасын кезіп, сондағы күркелерді көрген жиһанкездер – берілген сұраулардың қайсысына болсын мүдірместен өлеңмен жауап қайырған жалаңаш балалар туралы талай рет таңданып жазған болатын. Мұндай күй моңғол, түрік тұқымдарында да бар. Мұндай қасиеттің болуына көшпелілерге өздерінің алаңсыз көшпелі өмірі әсер етті ме, болмаса ұшы-қиыры жоқ жасыл дала мен моншақтай жұлдызы көп ашық аспанды сұлу табиғат әсер етті ме – мұны білудің бізге әзір қажеті жоқ...


Татар тұқымдас халықтардың ішінде ақындық өнері жағынан бірінші орынды алатын халық – сірә қазақ халқы болар. Атақты ориенталист Сенковский өлеңші бәдәуилерді тұрмысынан және жаратылысынан ақын болады деген екен, сол сөзді қазақтарға  да айтуға болады. Қазақ тілі түрік тілдерінің ішіндегі ең тамашасы. Қазақ тілінде араб тіліндегідей жасанды, бояма сөздер жоқ, ол – таза тіл. Солай болғандықтан мұның поэтикалық қасиеті де ерекше. Сахарада туған поэзия болғандықтан қазақ поэзиясының араб поэзиясымен байланысы бар, екеуінде де сюжеттік ұқсастық, бірдейлік бар, көшпелі өмірдің суретін, ру араларының дау-шарын жырлау жағынан екеуі бір- біріне тіпті ұқсас. Қайткенде де қазақ поэзиясы өмірдің елесін, өз қоғамының ұғымы мен қарым-қатынасын дұрыс суреттейді. Мұнда ғажайып қызық та көп... тарихы жағынан қазақ халқының ақындық өнері өзгеше тамаша, өйткені импровизаторлардың есінде сақталып келген батырлардың жауынгерлік керемет істерін жырлайтын барлық ескі поэмалар. Тілінің ескілігі, сөзінің көнелігі аман сақталғандықтан осы күнгі жас қауымға түсініксіз сияқты. Ал ол поэмалардың


 


барлығы Алтын Орда заманына жататын батырлар жөнінде тарихи дұрыс, бұрмалаусыз жырлайды. Әрқайсысы әр заманда жасаса да, қазақ жыраулары өз дәуірлерінің тамаша кезеңдерін халықтың есіне мәңгі қаларлықтай етіп жырлап кетті. Бұлардың жырлағаны тұтас бір уақиға сияқты. Бұл поэмаларда өз халқының әдет-ғұрпы, мақал-мәтелдері, заңдары жалпы алғанда, өз халқының өткен тарихы мен рухани өмірі толық суреттеледі, сондықтан бұл поэмалар бізге қазақ халқын білу жөнінде үлкен дерек болмақ. Қазақ халқының өзінің ескі аңызын, ескі нанымын сол күйінде аман- есен сақтап келуі таңқаларлық іс және сол өткеннің жыр болған оқиғалары қазақ даласының шартарабында бірдей, бір-біріне ұқсас болып  жырланады.  Бәрі  де бір қолжазбадан көшірілген сияқты. Көшпелілердің ауыз әдебиетінің мұндай ұқсастығы және дәлелділігі басқаларға жат болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – шүбәсіз шын факт.


 


ІV. Ісләм дінінің қазаққа зияндылығы туралы


 


Мұсылмандық әзір біздің қанымызға сіңіп кете қойған жоқ. Бірақ, ол  келешекте  халқымызды  тоз- тоз ете ме деген қауіп туғызып отыр. Мұхаммедтің атын білмейтін қазақ арасында әлі  толып  жатыр. Және біздің шамандарымыз қазақ даласында әлі де өз маңызын жоя қойған жоқ. Нестор уақытындағы Ресей сияқты, біздің қазақ даласында да қазір қос дінділік бар, ескі Ресейдегі кітап ұстағандар сияқты, біздің де кітап ұстаған діншілеріміз өз халқының ата дәстүріне шабуыл жасай бастады. Татар молдаларының, Орта Азия ишандарының және өз арасынан шыққан діндарлардың ықпалымен біздің халқымыз жалпы мұсылмандық қалыпқа көшіп барады.


Сұлтандар мен байлардың бірқатары гаремге қамағандай өзінің әйелдерін бөлек үйге тұтқын қып


 


ұстайтын болды. Құдайшыл қазақтар Меккеге бару дегенді шығарды. Ал біздің жырауларымыз халық жырын былай қойып, мұсылман уағыздарын жыр қыла бастады. Сайып келгенде, Европа мәдениетіне жету жолында қазақ халқының алдында қатерлі белес тұр. Бұл қатерлі белес – Ресейдің Византия дәуірінен өткені сияқты, қазаққа татар дәуірін бастан кешуді мұқтаж еткелі тұр. Біз қайткенде де татар дәуірін аттап өтіп, Европа мәдениетіне жетуіміз керек және бұл жөнінде өкімет бізге көмектесуі керек. Бұл көмек қазақ халқына



  • суға кетіп бара жатқан адамға беретін көмектей аса қажет болып табылады. Мұндай адамгершілік істі жүзеге асыру үшін алдымен молда мен ісләм дініне деген жағдайға тиым салу керек. Қазақ ауылдарына дін мектептерінің орнына орыс мектептерін ашу керек.


Біз өкіметтен мыналарды талап етеміз: білім біткеннің жауы – дінді өкімет жақтамасын, өкімет қорқынышпен ұрып-соғуға негізделген діни заңдарды, елге күшпен орнатпайтын болсын. Осы айтқан орынды дәлелдеріміз бойынша қазақ халқының пайдасы үшін және өкіметтің өз мақсатына сәйкес, біз былай істеу керек деп кеңес береміз: қазірден бастап қазақ халқының арасына ісләм дінінің жайылуын тоқтату үшін тыңғылықты шаралар қолданылсын, оларға татар молдалары Орта Азиядан келген әулиесымақтардың зияны, ықпалдары бәсеңдейтін болсын, мүмкін болса ондай зиянды, ықпалдар біржола құритын болсын. Мұсылман шариғатының ықпалын жою өкіметке тіпті оңай. Өйткені қазақ халқының өзі соны тілеп отыр...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу