Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  342


Автор: Қалижан Бекхожин

АЗА ЖЫРЫ

Қаф тауымды топан басты,
Төнді маған ақырзаман.
«Мың бір түнге» мұң жалғасты,
Өлді менің Шахрезадам.
Мынау жалған айдынында,
Дауыл соқты қайығымды.
Қалдым батып қайғы, мұңға,
Қанатым да қайырылды.
Өрт түскендей орманыма,
Қалған қурап қу бұтамын,
Жау тигендей қорғаныма,
Аһ ұрамын, у жұтамын.
Сая кетті терегімнен,
Сыпырды да жел мәуесін.
Тұл боп жанның көрегінен,
Ойрап-топыр болды-ау есім.
Тұңғиықтан тапқан сүңгіп,
Жоғалттым мен гауһарымды.
Тіл күрмеліп қалды мүлгіп,
Тас төбемнен тау жарылды.


Бал шырыным сусындаған,
Аяз ұрып мұздай қатты.
Бір мәйітпін, сиқым адам,
Тағдыр маған құз құлатты.
Үзді Жаббар жүрген жалғап,
Жүрегімнің суыртпағын.
Әкетсейші мені жалмап,
Қалдым мұздап, суық қаным.
Мөлдіретіп моншақ жасты,
Саусағымды жайдым Айға.
Мені Мәжнүн жыны басты,
Уа, Жасаған, Ләйлім қайда?
Қатал құдай, жаным нала,
Көрсетпедің нәзір пейіл.
Менің ләззат Қағыбама,
Қалай кірді әзірейіл?
Уа, құдірет, сұрадым ба,
Шаһтар мінген ақ тағыңды?
Зуһра болған мұрадыма,
Аямадың Әппағымды.
Бесігінде тербетілген,
Ақ түйенің өркешінде.
Табынып ем Дербендте мен,
Көшпендінің еркесіне.
Сүймеп еді сұлтаныңды,
Алмап еді әмір тілін.


Нұрландырған сұр таңымды,
Қыпшақ қызы – тәңір пірім.
Шаһар шаңын жұтпасын деп,
Шатыр тіктім гүлді баққа,
Жүзін алау тұтпасын деп,
Перде құрдым күншуақта.
Көзі нәркес, сыры назды,
Абзал едің жаның сергек.
Ән шырқасаң сұлу сазды,
Лебізіңнен жұттым шәрбат.
Бұл фәниде рақат бар ма,
Сенің тәтті ләззатыңнан?!
Разы болман тағаттауға,
Жар табылса жаннатыңнан.
Мен ғаріпке дәру болған,
Дәруіштей емшім едің.
Ғашықтардың зары толған,
Жерді қайтып менсінемін.
Жетім жанмын, мүддәғам көп,
Талайымның қыры сынған.
Сенің ғана мүфтәләң боп,
Бездім тіпті туысымнан.
Мен өлгенде қабіріме,
Жорғалап кел, жас бөденем.
Махшарда бір табылуға,
Мәйітіңді қоссын денем.


Аруымды жұтқан ұрлап,
Аждаһадай, өмір, сұмсың.
Ей, Низами, шерлі бейбақ,
Көзді жұмбай неге тұрсың?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу