Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  348


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕСКІ БЕЙІТТЕГІ БАЙҒЫЗ ӘҢГІМЕСІ


Алдияр, айтқаныңа сенейін бе?
Дем бердің судай сөзбен мерейіме.
Қыстақты беремін деп айтқаның рас,
Сипатын ол мекеннің етемін паш.
Әдейі барып көрдім сол шығанды,
Көргенде көңіліме қайғы салды.
Жапанда құлазыған күңгірт мекен,
Тұсынан аң өрмейтін түкпір екен.
Үйлері жер-жексен боп құлатылған,
Қырында жын ойнақтай құм атылған.
Ойлашы, кім жайлайды құмды нәрсіз,
Тандыры кеуіп қалған жер құнарсыз.


Мола көп мыжырайған елсіз дала
Жалғыз-ақ мекендеген байғыз ғана.
Сөйлесті тамға қонған екі байғыз:
«Қалайша шаһ елшісін қабылдаймыз?
Бұл маңды ойрандаған шаһ емес пе?
Қанды ізі жатыр жосып құм белесте.
Өртеді көп қыстақты, талқандады,
Бұл жаушы енді қайда қайқаңдады?»
Әлде бір есен қалған қыстақ бар ма,
Тағы да жұртын талап қыспақтауға?
Құмар ма шабарманы құм кешуге,
Келді ме өлгендермен тілдесуге?»
Байғыздар осылайша гуілдесті,
Бейуақта қостап соны құм жел есті.
Сөйлеткен байғызды да құдай шығар,
Баруға соған жаным қалай шыдар?
Сол түзден кеудем күйіп қайттым елге,
Падишам, мені қума ондай шөлге.
Разымын шөлдей жазық пиғылыңа,
Разымын сондай қымбат сыйлығыңа.


* * *
Арыстан көз алартып қарай қалды,
Зәңгідей қызыл беті қарайланды.
Ақыннан өктем ойы опық тауып,
Желкендей ақ шатыры шыр айналды.
Қаһар мен айла егіз патшаларда
Арыстан ақыра ма бас саларда? –
Сондай-ақ Қызыл шаһ та көлгірсіді,
Ақынға тартуды айтып тосқан алда.
– Көргенің өзге жер ғой, дуана ақын,
Саған мен сыйлық берем қуанатын.
Беремін бес мың ділдә алтын жамбы,
Беремін бес жүйрікті толқын жалды.
Мінгізіп бес қашырға бес күң берем,
Беремін күйме зермен кескіндеген.
Беретін дүрри жауһар жиһазым бар,
Болмайсың мен тіріде бұйымға зар.
Тезірек бітір «Хосрау– Шырыныңды»
Шайырсың сөзің алмас, шымыр тілді.
Ұқсатам сені сонау Фирдоусиға
Өрлесін сондай даусың шырқау шыңға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу