Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  135


Автор: Қалижан Бекхожин

НИЗАМИДІҢ ТҰТҚЫН ҚЫЗҒА НАЗЫ


Естідім де зар-құсаңды,
Көрдім сені терезеден.
Жүрегіме ойран салды,
Қайғың сенің терең өзен.
Сырласуға мұрсатың тар,
Торға түскен құралайым.
Бұл назыма болсаң іңкәр,
Басқа бақыт сұрамайын.
Ұшқын атып кірпігіңнен,
Түнгі шоқтай көзің жанған.


Жүзімдей бір күрт үзілген,
Айрылдың-ау өз ұяңнан.
Білемін мен жаны дарқан,
Қырда көшкен қыпшақ елін,
Мұңайдың да енді қалқам,
Майысты ғой қыпша белің.
Аруларға етіп тәжім,
Өлең жазған мүсәпірмін.
Кім түсінер – дертті назым,
Уытындай мүсәтірдің.
Махаббаттың бейбағымын,
Аяр мені жар таппадым.
Бардай-ақ бір бойда мінім,
Сұлу көрсем, жалтақтадым.
Аяп сені мүфталамын,
Хуриятың маған қымбат.
Кеудемдегі от-наланың,
Қиналысын көрші тыңдап.
Қасіретімнің суыртпағын,
Ілген өзің инедейсің.
Жүрегімнің сынықтарын,
Жамап, неге билемейсің?
Мөлдір суда мең секілді,
Сенің гауһар қарашығың,
Тағдырыңа мен секілді,
Душар болған арашы кім?


Ғашық сыры алтын кілт бір,
Ашатұғын жан қақпасын.
Менің жаным алқынып тұр,
Жалынышты жалтақ басым.
Бейне ғайып түс көргендей,
Көріп сені есім кетті.
Көкірегімді құс кіргендей
Сенің үнің тесіп өтті.
Даңқ, ділдә алмас едім,
Падишалар ұсынса да,
Медет болар жанға сенің,
Сәби көңіл құсын ғана.
Бетіңдегі өше ме өрнек
Жүзіндейсің солғын айдың.
Жүрегімді кетті тербеп,
Ніл суындай сенің қайғың.
Ұмытайын сор-ызамды,
Аш, мейірдің кең күмбезін.
Нәпсім берік оразамды,
Ашатұғын хұрмам өзің.
Сен шомылған мұңды сырға,
Жүзіп құрбан болайын мен,
Әмір берсе сыйлығыма
Сәулем сені қалайын мен.
Сен алтынсың, мен қасыңда,
Дірілдеген сынаптаймын.


Ерімесең мұңдасыңа,
Тасып кетер суат қайғым.
Махаббаттың теңізінде,
Қалтылдаған нүктедеймін,
Мұңдар халім тең өзіңе,
Толқыныңа бүкте мейлің.
Дала қызы, мені дал қып,
Үзсең үміт жапырағын,
Бұл Низами кетер қаңғып,
Кезіп шөлдің атырабын.
Ә м і р ш е ш і м і:
Ей, шайырым, мінезің бар диуанадай
Мүскінсің ғой емессің дүниеге бай.
Бес мың динар беремін, ат беремін,
Бұл сыйлықты даңқыңа шақ көремін.
Арызыңды түсіндім маған шаққан,
Мейірімдімін,
өзгемін Нуман шаһтан.
Қадір тұтам сыйлаған диуаныңды,
Сен қабыл ал жүлдеңе қиғанымды.
Әлде кәдең қыпшақтың күң қызы ма?
Әлде мұның ақындық құр қызу ма?
Аядың сен қалайша дала аңын,
Сол болды ма сарайдан қалағаның?
Дөрекі қыз! Мінезі тағы, асау,
Тәубесі жоқ жүргенде ордамда сау.


Қаһарым көп қырдағы қу қыпшаққа,
Қыспақ едім киігін тар құшаққа.
Көнбеді қыз ырқыма, өршеленді,
Зар қақсайды жүзімді көрсе болды.
Сілеусінге ұқсайды ызаланса,
Күң болмаса баға бар мұнда қанша?
Сүйсінсем де бір ләззат тапқызбады,
Меңзеп едім күңдікке сатқызғалы.
Жар етпейсің,
Күң болсын есігіңде,
Әкете бер, айну жоқ шешімімде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу