Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  329


Автор: Қалижан Бекхожин

ШЕБЕР СИМНАР ТУРАЛЫ БӘЙІТ


Нуман патша көп іздетті шеберді,
Нелер нұсқа өрнектерді шегерді.
Салдырмақшы жаһанда жоқ сарайды,
Жарқын күмбез, алтын түсті арайлы:
«Құзар таудай болсын биік мұнара,
Көзден таса болсын бірақ бұл ара.
Әлемдегі орда болсын ең асқан,
Мұнарасын аймаласын көк аспан.
Өссін сонда шаһтың ұлы Бахрам,
Мәз қызыққа шаһзаданы батырам.
Шебер қайда сондай сарай соғатын?
Шығаратын патшалықтың зор атын?»
Патша солай өнерпазды іздеді,
Өтті алдынан ісмерлердің тізбегі.
Ұнатпады ұсталардың бәрін де,
Ондай шебер жоқ болды бұл өңірде.
Жетті, міне, Нуман шаһқа бір хабар:
«Ондай шебер салтанатты Румде бар.
Оның даңқы дүниеге тараған,
Өнеріне жұрт таңданып қараған.
Ол тастарды балауыздай жонады,
Өрнегіне жауһар нұрын жағады.
Ніл бойына несібесі нәубетті,
Салды талай сарайларды сәулетті.
Күмбездері жасыл көкті тіреген.
Айшығына ай қонақтап түнеген.


Нақышына інжу-маржан безелген,
Ондай шебер болған емес әзелден.
Ай мен күннің тылсымын да түсінген.
Жұлдыз нұрын жиһаздарға түсірген.
Ол бір сабаз он саусағы сиқырлы,
Таңғажайып ісі жұртқа сүйкімді.
Ол сүретші, Симнар оның есімі,
Кереметі оның даңқын өсірді.
Шақырыңыз соны Румнан, алдияр,
Ол өнерпаз әсемдікке жанқияр».
Шаһ жөнелтті алыс Румға шапқыншы...
«О, суретшім, шаһтың көңілін сап қылшы!
Алтын ділдә өрнегіңе аласың,
Иемендегі Нуман шаһқа барасың», –
Деп шабарман өнерпазды арбады,
Білмеді ол, тағдыр қандай алдағы.
Нуман шаһқа келіп шебер иілді,
«Іске кіріс!» деп әмірші бұйырды.
«Аямаймын, берем талай сыйлықты,
Өнеріңнің бар асылын қи тіпті».
Шын шабытпен жалындады шеберім,
Сызды ғажап әлеміштің нелерін.
Шаһзадаға салмақ лайық сарайды,
Сызды қайта үлгілерін талайғы.
Жорғалады таста алтын саусағы,
Тау қойнында бағаналар самсады.
Қышын құйды көк өгіздің қанымен,
Күйдірді оны күннен шыққан жалынмен,
Бес жыл ұдай тері тасқа моншақтап,
Жарқылдады түндерде де от шақпақ.
Қайран сабаз жайнағандай арманы,
Бітті, міне зәулім сарай орнады.
Мұнарасы айдай түнде жарқырап,


Шоғыр жұлдыз жаққан бейне шамшырақ.
Саф алтынмен аптап қойды күмбезін,
Айшықтары ұялтқандай күн көзін.
Дуалдарын зүбәржатпен мәнерлеп,
Сызды шебер күмбезіне мың өрнек.
Нақыштары сипатпенен жүз түрлі,
Күн бойына үш өзгеріп құлпырды.
Күн қызғанда кең күмбезі салқындап,
Түнде тұрды мұнарасы жарқылдап.
Таңсәріде көрінсе көк арайлы,
Жасыл мұнар басты зәулім сарайды.
Қалыңдықтай қызыл-жасыл жамылған.,
Соғылғандай саф алтыннан жалыннан.
Айшықтарын ақ күміс қар басқандай,
Күмбез іші мөлдіреді аспандай,
Тұрғандай бір хор қызы мен періште,
Осы сарай ұқсап кетті пейішке.
Жиналды жұрт жұпар атқан бағына,
Үшпу орда болды бейне қағба.
Бұл күмбезге ғайбана бір ғажайып,
Тәжім етті тізе бүгіп халайық.
Мадақтады шебердің жұрт өнерін,
Кім біледі шаһтың бірақ не дерін?
Шаһтар бейне тікенекті шырмауық,
Сипар сені мейірімді боп бірауық.
Бәлкім, бізі тамағыңа қадалар,
Патша сыйын қабағына қарап ал.
Нуман патша мынау ғажап сарайды,
Таңырқанып жүз мәртебе қарайды.
Қайран қалып өнеріне Симнардың,
Ойлап тұрды қандай сыйлық сыйлармын?
Шартым еді шеберге бұл әуелде,
Болсын деп бір асқан сарай әлемде.


Уа, керемет! Мұны қалай орнатты?
Сірә мұны алла өзі қолдапты!»
Деді де шаһ түлкідей бір жымиды,
Жұрт алдында бола қалды тым игі.
Алдыртты да бір керуен түйені,
Алтын, жауһар, меруертті тиеді.
«Ал, разы бол, өнерпазым, жарқыным,
Мынау қазына саған менің тартуым.
Ізгі жомарт патшасымын Иеменнің
Маған келіп ен дәулетке кенелдің.
Жүр басына мынау биік сарайдың,
Мұнарадан сәулетіне қараймын.
Содан кейін салтанатпен қайтарсың,
Рум жұртына менен сәлем айтарсың».
Есі кетті бұл пейілге шебердің,
– Уа, падишам, сыйын білген өнердің:
Алғыс айтып хұзырыңа бас ұрам,
Мақтап Румға атағыңды асырам, –
Деп аңқылдақ суретшіміз мәз болды,
Бірақ оның қуанышы аз болды.
Мұнараға шықты міне, Нуман шаһ,
Мынау сарай ойына бір тұман сап.
Өнерпаздың қолына бір қарады,
Қара бұлттай қаһарланды қабағы:
«Шебер қолдан өнер тасып тағы да,
Сарай салар бір патшаның бағына.
Жаңа сарай асар мынау ордадан,
Сол патшадан қайтіп сонда қорланам?» –
Деп ойлады қатал Нуман қақшиып,
Келген екен қолтығына тас тығып.
Күншіл патша жендетіне ым қақты,
Ол шеберді мұнарадан құлатты.


Салу үшін өтіп еді жыл қанша,
Құлап түсті көзді ашып-жұмғанша.
Есіл ердің шебер қолы кінәлі,
Өзі салған тас іргеге құлады.
«Патшаларға үй салуға ұнасаң,
Аласа сал – жаның қалар құласаң».
Деген нақыл қалды тақсыр сол кезден,
Мен шебермін сөз кестелеп ел кезген.
Әміршінің артық мадақ сыйынан,
Уа, жасаған, сақтай гөр деп сыйынам.
Сол кезде харамнан бір зар естілді,
Қаралы торда сол бір елес тұрды.
Алқалап көген көздер жұбатса да,
Ышқынып, тыңдамады ол ешкімді.
Сол әуен мұңлы сөзбен сыңсып жатты,
Әмір сәл абыржыды үнсіз қатты.
Пәруана ақын сорлы мұңлы қызға,
Тұтқынның зарын тыңдап, сырын бақты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу