Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  290


Автор: Қалижан Бекхожин

НИЗАМИДІҢ ДЕРБЕНД ӘМІРІНЕ АЙТҚАНЫ


Өлеңге мен падишамын,
Қазинам сөз бұл ғаламда.
Жырмен жақтым фани шамын,
Ләззат бердім тыңдағанға.
Жиһангердің жасағындай,
Жырым жерде шегер айбат.
Қыпшақтардың асауындай,
Шығандардан шыққан айдап.
Патшалардың тәж-тағынан,
Даңқым менің асар биік.


Менің мәшһүр атағымнан,
Көп жыршыны басар күйік.
Дағыраны қақпаймын тек,
Соқпаймын мен босқа дабыл.
Сөзім менің оттай гулеп,
Лапылдайды соқса дауыл.
Батырлардың қылышындай,
Қолымдағы қауырсыным.
Ашып жатыр қыры сынбай,
Күнәсі көп қауым сырын.
Ғаламат бар қаламымда,
Ашқан сырын бұл фанидің,
Озбырлықтың ғаламында,
Міскін болып мен налимын.
Махаббаттың мұңын толғап,
Жырларымда тебірендім,
Ақын тәңір өзі қолдап,
Ғашық десе емірендім.
Ғазелімді дүрри – жауһар,
Сақтар заман ғашығындай,
Жасымайды төксе қаһар,
Ол алмастың асылындай.
Тарттым саған сыйлығымды,
«Асыл сырдың қазынасынан».
Аңғар ізгі пиғылымды,
Кітабымнан наз басылған.


Ақтар ұшпу құпиямды,
Қиялымның аш қақпасын.
Ойым шарлап түу қиянды,
Ғарышқа бір асқақтасын.
Сөзім менің жас арыстан,
Жығылмайды атса тіпті.
Саған, тақсыр, қалтарыстан,
Ашар жаңа патшалықты.
Ұқ адамзат даналығын,
Сыры теңіз бәйітімнен.
Әділеттің қалап үнін,
Жаздым фани жәйітін мен.
Дүниенің түнегінен,
Сұлулықты жайнатады.
Арулардың жүрегімен,
Қаныңды да қайнатады.
Уа, әміршім, қу ордаңнан,
Жырым нұр боп төгілмесе.
Бұл жалғанда қуарған жан,
Жыламаса, не күлмесе.
Мадақ айтып күзетпедім,
Патшалардың босағасын.
Мүддағам тек
Ізет менің,
Мейлің қалай хош аласың.
Мейлің тақсыр, кетсем қаңғып,
Зияпатсыз құзырыңнан.


Жөнелтсең де мені дал қып,
Махрұм қалма хызыр жырдан.
Мейлі болса жазаң қатты,
Құрбанымын тұман шақтың.
Шебер Симнар қаза тапты,
Қаһарынан Нуман шаһтың.
Сөз өлмесе бұл фәниде,
Өлең мәңгі тапса мадақ,
Жасар мәңгі Низами де,
Кетпес одан асқан атақ.
Д е р б е н д ә м і р і:
Қапа болма, мол беремін ділдәні,
Ат мінгізем алтыннан ер-тұрманы.
Айт әуелі қылығын шаһ Нуманның,
Сол шеберді өлтіргені туралы.
Жүр, шайырым, хауызыма гүл жапқан,
Осал емес сәулеті де жұмақтан.
Сонда барып бәйітіңді толғаншы,
Дәруіштей Байтоллада үн қатқан.
Сонда сыңсып моншақ атқан суым бар,
Қызханадан сыңқылдаған сұлулар.
Бұлбұлдарым даусын қоссын назыңа.
Құлақ тоссын нөкерлерім сыр ұғар.
Әмір сонда алып келді ақынды,
Қошаметтей жұрттың бәрін шақырды,
Хикаясын толғап кетті Низами,
Гүл сарайда – күмбезі алтын шатырлы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу