Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  113


Автор: Қалижан Бекхожин

МОНТЕССА

(Баллада)
Түнерген аспандағы бұлт кетсе,
Күлімдеп сұлу қыздай күн жарық етсе,
Жайраңдап жұрт шығады Хенилде үйден,
Табиғат мұңлы жанға нұрын төксе.
Жарқын күн жан шіркінге қандай жақсы!
Әлемге күн сәулеңді шамдай жақшы!
«Бұлт – ала, жер – шола» қып
бөлектемей,
Құмарын күллі жанның бірдей тапшы!
Хенилде, құлпырған бір гүлбақшада,
Толғанып бір қыз жүрді оңашада.
Неге жүр? – Ол ойынан бермеді сыр,
Әлде одан жас жүрегі жай таппаса да.
Әлде ол ғашық болып күйіктеніп,
Жүзінен қасіретін байқатса да,
Бір шошып, бір қуанар, жүрек соғып,
Мүләйім бір жас сұлу жігіт тосса.
Жоқ, шырақ, іздегені жігіт емес,
Бұл жүрген оймен өзге қыз Монтесса!


«Қара көк ашылыпты кенет қалай?
Жынды жел кете қапты бұлт қуалай.
Бетімді сұлу күнге сүйгізер ем,
Сырылса енді сұр бұлт бұлдырамай.
Бұл шұғыла шығыстағы күннен бе екен?
Лебізі бақыт деген үннен бе екен?
Япырмай, мұндай сарын кімнен келді?
Қайда екен, қызды күткен гүлді мекен?
Шіркін-ай, бақыт деген қандай жақсы!
Шарқ ұрмай тәтті қиял, соны тапшы.
Жабығып езілгенше, жақсы жаным,
Әлемнен сол бақытты іздеп бақшы!
Бақыт деп Мадридте оқыдым да,
Содан бір бақыт жырын тоқыдым ба?
Бітірдім оқуымды, бақыт қайда?
Қаңғырып қалғаным ғой ақырында.
Жиырма жыл сұм өмірдің сыйын күттім,
Сыйы жоқ, жалғанның мен уын жұттым.
Айрылдым тапқан жалғыз жарымнан да,
Шырмалдым дұзағына қиындықтың.
Сенделіп, баяу жылжып күнім өтті,
Жаныма арман ауыр мұң үдетті.
Жарымнан айрылдым да, жалғыз қалдым,
Ол қайда? Қайда, қайда жүріп кетті?
Мен неге сол майданға бармай қалдым?
Құшпадым, барып неге майдан алдын?
Кәрі әке, шерлі шеше жалбарынды,
Аспадым асқарынан айналамның.
Көрдім мен қырылғанын қанша жанның,
Жау көрдім, қанын төккен аңша адамның.
Есімнен кетпес мәңгі, ойран етіп,
Қаламды қалың тобыр қоршаған күн.
Ананың жарып алды баласын да,


Талқандап, өртеп кетті қаласын да.
Бүлдірді самолеттер бомба тастап,
Бишара Дон Кихоттың моласын да.
Қайран ел, жауыз фашист қысымында,
Жаншылып осылайша қаласың ба?!
Азат күн, аңсап сені жүдедім де,
Осылай жапа шегіп, жүремін бе?
Еліме отты дауыл соққан шақта,
Жалыны енсе екен жүрегіме!
Қам көңілім, құмарыңды енді тапшы,
Бақытты саған әкеп береді не?» –
Осылай Монтесса қыз сырға батқан,
Толқын күш келсе шіркін бір аулақтан? –
Деп, жүзі жарқырады күнге қарап,
Ұмытып өткендерін тұман жапқан.
Бар қала күйге бір кез тына қалды,
Монтесса естіп соны тұра қалды.
Тербелген күйдің көркем үнін сүйіп,
Бақшаға лек-лек қаптап, жұрт ағылды.
Көз салды, бақша ішінде – биік баған,
Үстінде радио тұр сыңғыраған.
Баурында қаптаған жұрт дуылдасып,
Жүгіріп Монтесса да барды оған.
Тәтті күй, ащы күйді кезек-кезек,
Шалқытып, музыкасы қақты безек.
Бір кезде жалынды сөз желдей есті,
Сол сөзден сусындады талған өзек.
– Ашулы, мұңлы жүрек Испан елі,
Жау шығып жақыныңнан, қысқан сені.
Ел үшін, ерік үшін аттаныңдар,
Жойылсын фашист деген дұшпан тегі!


Өр елдің биігінен сәлем келді,
Көріңдер бауырыңдай өрен елді.
СССР жәрдем берді жанымызға,
Күреске көтеріңдер өрендерді!
Бәрінен осы сөзді алғаш ұғып,
Монтесса сөйлеп кетті алға шығып:
– «Компаниерс» майданға аттанайық,
Азаттық үшін түгел,
арға ашынып.
Жаһанда бізді аяған жан бар екен!
(Шіркін-ай,
қандай ізгі жандар екен!)
Бақытты күреспенен қайтаруға
Кезеніп мылтығымды жауға кетем!
Қанқұмар сұм фашисті жайратуға,
Жүріңдер, бауырларым, арман етем!
Шапалақ соғылды да, жер мен көкті
Жаңғыртып, дауылдатты төңіректі.
«Амиго,
Компаниерс,
Амиго!» – деп,
Халықты Монтесса қыз тербеп кетті.
* * *
Па, шіркін, қандай жақсы испан биі!
Шымырлап жүрек сүйер асқан күйі.
Тек бақыт елестейді онда алыстан,
Болады ғашық жанға қашан сыйы?
Есіркеп жыр арнадым, қалқам, саған,
Алғысың бар ма сенің айтар маған?
Жоқ, сәулем, алғыс гүлін тілемеймін,
Майданда жеңсең жауды, рақат табам!


Мәз болып, бақыт тапсаң сен де,
қалқам,
Өмірде сен де мендей болсаң дарқан,
Сен жасап бостандықтың ұлы тойын,
Шашуын қуаныштың мен де тартам!
Дариға, бар жаһанға бақыт туса!
Сыпырып жауыздықты уақыт қуса!
Тазарып жер менен көк жауыздықтан,
Нұрымен коммунизм бетін жуса!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу