Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  591


Автор: Қалижан Бекхожин

ЭПИЛОГ

Өтті айлар, аясына септі нұрды,
Өмірдің гүлстаны — жер құлпырды.
Бағында шешек атып, жас сұлуым.
Күн сайын жүрегінен төкті жырды.
Жан-жақтан жөнелгенде өлең гулеп,
Қуаныш құйынымен шыр дөңгелеп,
Желпілдеп орман гүлі ой шақырып,
Саяны кеттім мен де көлеңкелеп.
Көрінді көзіме кеп екі сурет,
(Жазыпты екеуін де мақтап газет.)
Елестеп қиялыма сырлар таныс,
Қарадым екеуіне кезек-кезек.
Отырды Орман қызы күлімсіреп,
Көрген соң қалқашымды соқты жүрек.
Шаттықтың сәулесімен жүзі жайнап,
Тұрғандай тотыдайын тоқсан түлеп.
Қасында кәрі әкесі, домбырасы,
Алтындай жалтырайды шалдың шашы.
Оның да шүңірек көзі нұрланыпты,
Қасында құлпырған соң Қарлығашы.
Ойнақтап ыстық сезім өн бойымда,
Қояндай орман кезіп кетті ойым да.
Мәз болған бөбегіне анасындай,
Ақын да сүйсінбей ме геройына?
Оқыдым астындағы жазуды мен,
Кімдер бұл геройымның назын білген?
Әлжаппар, Ғабдолдардың бірі шығар,


Әркімнің әңгімесін жазып жүрген...
Жазыпты қыздың
Мәскеу барғандығын,
Сол тойда ағытқанын арман жырын,
Балқытып әсерлі үнге естігенді,
Қошамет, алғыс, жүлде алғандығын.
Айтылған қыз әкесі ормандағы,
Көп көрген өкініші сол маңдағы.
Тартылған күңіреніп қоңыр саздар,
Айрылып қызынан сол қалғандағы.
Оралған аққуындай тапты қызын,
Басына жарқыратқан бақ жұлдызын.
Күй қосып қобызымен қыз даусына,
Шалдың да жайнатыпты шаттық жүзін.
Айтпасам соны оқушым ұмытпай ма?
Не деймін, десе біреу жігіт қайда?
Қимадым, қалқашымды, сүйсе біреу,
Салқыны жас жырымды суытпай ма?!
Ғапу ет, албырт жырдың тентегіне,
Сүймесе, ғашық сырын шертеді ме?
«Қосылды сүйгеніне» деп баяндап,
Ұқсатпан поэмамды ертегіге.
Қоспадым сүйісуді жыр ішіне,
Жеңгедей жасырынған түн ішінде,
Тасада сүйіссін деп қыз бен жігіт, –
Ақынның жеңгетай боп жұмысы не?
Мейлі, көше кезсе өсек шіркін,
Сыншы да ширатылып шығар мүмкін,
Жұбатқан ән бөбегін әлдиім бол,
Жетілер жігіт-жырым, өсер бір күн.
Аяулым, жүрегімнің сен иесі,
Асыл ән махаббаттың әулиесі.
Жете ме аспандаған наз даусыңа,


Ағылса жырдың мадақ дүниесі?
Тұңғыш сен, таңдай қағып тыңдағаным,
Толқыды жүрегімде тұнған әнің.
Көше гөр, жас дауысым кірбеңдесе,
Көтер сен, мен де тағы толғанамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу