12.04.2022
  124


Автор: Қалижан Бекхожин

АЛБЫРТ АҚЫН МЕН ҚАЙСАР ҚЫЗ ТУРАЛЫ ХИКАЯ


(Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқандар – Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға және жас ақын досым Абдолла Жұмағалиевқа арналған естелікжыр)
І
Шаңқай түс. Жұрт масайрап жас бағында,
Дүние тұрды балқып өз бабында –
Сипалап торғын түсті көбелектер,
Бұлғаңдап бәйшешектер қозғалуда.
Гүл сыңсып мамырлап тұр маңғаз парк,
Мұнда жүр серуендеп сырбаз халық.
Тербелген музыканың әлдиімен,
Арша қыз, шырша жігіт сылаң қағып.
Демалыс. Қандай жарқын осы бір күн!
Ағылған жас өрендер дулы дүркін.
Сейілге келдім ертіп Абдолламды,
Құмар ғой мәз думанға ақын, шіркін.
Абдолла – албырт ақын, елпілдек жас,
Қыздарға іңкәр жаны, гүлмен сырлас.
Гүл көрсе – иіскейді, басын шұлғып,
Қыз көрсе – еміренбей тыныш тұрмас.


Келдік біз би ойнаққа болып ынтық,
Абдолла кенет мені қалды түртіп:
– Билеп жүр, қара, сол қыз бір жігітпен,
Ол кім? – деп, бұйра шашын сілкіп.
Бұл қызды шақырайын мен де биге...
– Аусарым, елпілдеме, жаныңды име!
Байқа сен, өр мінезді бұл қыңыр қыз,
Әсіре сөздеріңе ол елти ме?!
Өткенде кездестік қой, есте шығар,
Үстінде көк былғары пешпенті бар.
Бұрымын желкесіне қойған түйіп,
Көзінде қапалықты кешкен сыр бар.
Көшеде келе жатты кеште жалғыз,
Сымбаты таныс маған – бойжеткен қыз.
Мәншүк қой! – деп қалып ем, жалт қарады,
Көзінен жарқ етті де шоқтай жұлдыз.
Сонда сен дедің:
– Қалқам, бейуақытта –
Лайық па жалғыз жүру перизатқа?
Бөлейін жұпар гүлге, әсем жырға,
Жүр бірге серуенге қазір баққа!
«Жоқ!» – деді жалын атып қыз бетінен,
Аулақпын кездейсоқтың ізетінен.
Үйімде анам отыр мені күтіп,
Кешірек босап едім қызметімнен».
Айтты да, Мәншүк кетті жылдам басып,
Тентегім, қалдың сонда аузыңды ашып.


Қасынан анасының көрдім талай,
Өтетін маған бұл қыз амандасып.
Анасы Әмина апай, ізгі ғалым
Талғайтын жырдың сырын, сөз құнарын.
Ада боп оқымысты қосағынан,
Ана ғой аялаған қыздың жанын.
Саналы болып өсті осы бір қыз,
Бақытты күтті, алдан, тосып үнсіз.
Аңдамай арман-шерін қарындастың,
Біз текке ақынбыз деп бөсіп жүрміз.
Сынымды көңіліне алды секем,
– Қалеке, жаның тіпті жұмсақ екен.
Қыздардың армандары белгілі ғой,
Қазір мен бұл қызыңды дөңгелетем.
– Қазір көр, – деді де ол, ымдап маған,
Жөнелді сілкіп шашын будақтаған.
Сүйсініп тұрдым қарап Мәншүкке мен,
Күлімдеп құрбысымен бұлғақтаған.
Бір сәтке
Тына қалды би әлемі.
Естілді музыканың гулегені.
Көрді де сәлем берді Мәншүк маған.
Тегінде жақсы қыз ғой өнегелі.
Кенеттен келе қалды «қызшыл» інім,
Үкідей желкілдетіп қызыл гүлін.
Мәншүкке гүл ұсынды: –


Уә, перизат,
Шалқимын көрсем сендей қыз сұлуын.
Қыңыр қыз гүлдің шоғын алды әрең.
Жүзінен күлкі – мысқыл сезілді рең.
Ақындар қызды көрсе – көбелек қой
Әр гүлге есі кетіп елпілдеген... –
Деді де, кетті билеп құрбысымен,
Ақыным абдырады күлкі сынмен.
Қарашы, кесір қыздың бәлденуін,
Баурап ем қыздың талай түлкісін мен.
Ол бұйра қара шашын сілкіп қалды,
Жалт етіп жанарында ұшқын жанды.
Көзі отты, қасы қара, бойы шымыр,
Ол албырт ақын еді ұшқыр жанды.
– Ей, бауырым, құлшын қызық дүниеге,
Қыз көп қой, соған жігіт күйіне ме?
Өзім де қыз абзалын жүрмін іздеп,
Сорыма сайқалы бар киліге ме?
Күн жайнап, сергіген жұрт серуендеп,
Асқақтап бәйтеректер керілген тек.
Елігіп екі ақын жүрдік сонда,
Мәз топтан сыршыл сырбаз сыр әуендеп...
Гүл бақты сұсты дауыс дүр сілкінтті,
Шайқалды бәйтеректер, гүлдер бұқты.
Радио безілдеді төтен сөзбен,
Шошытты сайрандаған дүйім жұртты.
– Тыңдаңдар, отандастар, туды қауіп,


Фашистің қанды қара бұлты ауып.
Шартылдап көгімізде нажағайы,
Отанның шекарасын өтті жарып.
Қарулан, жауға қарсы, топтал бәрің!
Соғайық сұм фашистің сойқандарын.
Қатерлі шапқыншы бұл, талай жұрттың,
Мекенін ойрандаған, шашқан қанын...
Әп-сәтте қарауытты жарқын аспан,
Теңселді бейбіт орман, түнек басқан.
Тарап жұрт, жұбын жазды қыз бен жігіт,
Қауышып гүл ішінде жымыңдасқан.
Мәншүкті көріп қалдық асыға өткен,
Соңғы рет сырласты ма жасыл бақпен?
Июннің жиырма екісі.
Қоштастық біз,
Лебі – қыз лирикамен,
Жастық шақпен...
ІІ
Сұр бұлттар Алатаудың басты шыңын
Шұбырып тобырындай басқыншының.
Астана – боздақтардан қалды босап,
Отатқан ормандай бір басылмай өт,
Жауыз жау езген жұрттың көз жасындай, –
Ерлерді тиеп алып майдан жаққа,
Ағылды күндіз-түні поезд тынбай...
Кездестім абыржыған Абдолламен:
– Күйрей ме сұмдар жаншып қайран әлем?


Жүрем бе қызық қуып әңгі болып,
Жөнелем өз еркіммен майданға мен!
«Төнгенде қауіп-қатер халқымызға
Әуейі жырмен босқа шалқимыз ба?
Естідім кеше ғана,
Өзі тілеп,
Майданға аттаныпты Мәншүк қыз да.
«Ыза бар осы қыздың кеудесінде,
/Соғысқа кетті білем теңдесі де/,
Көрейін қыңыр қыздың өрлігін мен,
Шайқаста, жанталасқан қан кешінде.
«Алдымда не әзірлеп тұр сиқыр ғалам?
Қоштасам қазір шашпен қыз сипаған.
Фотоға түсейік жүр, шашым барда,
Қалдырам жырларымды, досым, саған...»
Суретке түстім доспен, нәзік сырлы,
Күрсінді... ойда қандай назы тұнды, –
«Айрылам шаштан, достан, – деп
суреттің
Сыртына жедел мына жазды жырды:
«Өткен соң кім сағынбас жастық шағын,
Жалын жүз, жас махаббат аруларын.
Айлы түн, жасыл өлке, ағын суын,
Айрылысқан қол алысып, сүйіп жарын.
О, дүние! Албырт шағым желдей естің,
Ойыны тарқап кетті-ау думан кештің.


Құс болып қанат қағып ұшар едім,
Артынан жетпеймін-ау со бір кештің.
Ақын дос, өлеңімнен өзің көрген,
Ескерткіш, еске түсер мәз күндерден.
Ай өтер, жылдар өтер, жоғалсам да,
Жоғалсам қайран жырым назды сырмен...»
Жазды да күрсінді, «Осындайда,
Думанды қыздыратын Қасым қайда?
Жас өндір поэзия шоғыры едік,
Дариға, қайта сол топ қосылмай ма?»
Сырластық кешке достар қалған шағын,
Дәуірдің аңсап ізгі болашағын.
Еске алдық, мәз-мереке күнімізді,
Елестеп балауса күн, тамаша күн...
... Майданға кетті самғап боздақ ақын,
Қияға сермей алмай сөз қанатын.
Өксідім қалған жандай ессіз үйде,
Ішімде қапалықтан маздап отым.
Жау өртін жайды жалпақ атырапқа,
Шарпылды талай мекен оқ пен отқа.
Шайқаста жанталасты жауынгерлер,
Кешікпей мен де әскерлік тұрдым сапқа.
Көп болды жойқын соғыс асқынғалы,
Обырлар өршіп алға басты тағы.
Орыстың ормандарын жайпап өтіп
Қоршауға таяу қалды Москваны.


Долы қыс, тобыр жаудай борандаған,
Хат келді бірде маған Абдолладан:
«Шайқастан пулеметті шықтым бұрқап,
Сұмдарға аждаһадай жалмаңдаған.
Кеудемде буырқанған жырларым көп,
Толқимын ерлік-аңыз сырлар іздеп.
Майданда дәуірледі қайсар Мәншүк, –
Жайратқан құзғындарды қыран қыз деп.
Арманым, өжет қызды көрсем бір сәт,
Алдында бас иер ем жайып құшақ.
Жазар ем қаһарман қыз жайлы дастан,
Дариға, бізге дарқан орала ма шақ?
Лирикам ауды соғыс сарынына,
Тұтанды жас жігерлі шағым мұнда.
Қош, досым, жау тобырын тойтаруға,
Шығамыз бүгін түнде шабуылға...»
...Дүркіндеп айлар өтті дүрбелеңмен,
Құтырған аңдай дұшпан өршеленген.
Майданның шерулерін жырмен шертіп,
Сайысқа әзір сапта жүрген ем мен...
Сүйсіндім қыз Мәншүктің ерлігіне,
Сайысқан өжеттермен өрде бірге.
«Ерлікпен қаһарман қыз қаза тапты...»
Зу етті хабар оқтай зілді мүлде.
Дір еттім, шарпығандай денемді мұз...
Жорықта тіл тұтығып келем үнсіз.


Апыр-ай, жайрады ма жау оғынан,
Халқымның мерейіне бөленген қыз!
Қыз еді ару жанды, өр кеуделі.
Көп жігіт жігеріне тең келмеді.
Естідік: сол қайсар қыз мерт болыпты,
Шайқаста, Төбе үшін бір белдегі.
Анталап зеңбіректер қақты безек,
Өрендер дұшпан селін жатты тежеп.
Невельді қорғау үшін қазақ қызы,
Бұрқатты пулеметін жауға кезеп.
Тұмсығы танктердің жерді тіреп,
Лап берді мол төбеге жау дүркіреп.
Тажалдың ажал оғы қадалды да,
Құлады ол кеудесінен қан сіркіреп.
Бұлқынды басын қайта көтеруге,
Түйсінбей тиген оқтың қатерін де
Қол созды пулеметке...
«Дүние-ай!» – деп,
Кемсеңдеп жас өмірден кетерінде.
Есіне түскен шығар өткен бір шақ,
Отты, наз жүрегіне құйған үміт.
Жалт еткен шығар мүмкін албырт ақын,
Паркте гүл ұсынып тұрған күліп...
... Дариға, ерте үзілді ару жасың,
Жасыңнан еркін өскен қарындасым.
Жұртымның мерейінде, аңыз жырда,
Арманың, ерлігіңмен жалындасын.


Даңқты халқымызға бұл қызымыз,
Жеңіс күн көтерген гүл – туымыз.
Шығыста бар ма мұндай қаһарман қыз,
Мәншүк пен Әлиядай жұлдызымыз...
Мылтыққа сүйеніп көп тебірендім,
Толғанып толқын сыры терең жырдың.
Бастап ем – Мәнсия – деп, кеттім бір күн,
Тобына жауды қуған өрендердің.
Бұл неткен сұмдық лепес, аза қатты!
Абдолла қайран боздақ қаза тапты.
Ротасы шегінсе де, шепті қорғап,
Өр ақын жауды тежеп қозғалмапты.
Төпелеп пулеметін бұрқаныпты,
Бір өзі бөгеймін деп төрт танкті.
Сойқандар қамалыпты...
Оқтар шырмап,
Лапылдап айналасын өрт алыпты.
Қасқиып айғай салды:
Ал, атыңдар!
Отанның ұлы деген өр атым бар!
Сендерге берілмеймін, еркін кеудем,
Атсаңдар, өрт жүрегім көрде тулар.
Құлады... қарап майдан аспанына,
Күбірлеп наз айтқандай достарына.
Қалқатай! – деп қалды, әлде
Мәншүк шығар.
Жайнаған жыр болуға дастанында.


Екі жас тағдыр сазын бірдей кешкен
Ақын да жалын қуып, жапа шеккен.
Өжет қыз, өршіл ақын ақырында,
Жай тапты жайрап екі төбешіктен.
Көрінді маған боздақ жатыр сұлап,
Мүлгимін досым өлсе қайтып шыдап,
Жорықты жүріп жаздым жоқтау жырды,
Көзімнен елжіреген жас тамшылап.
«Лапылдап, жанды кегім
Жанымда – ыза, көзімде – жас,
Өлді ақын ардагерім,
Өлтірді жау сұм, есуас.
Отқа түсті ақын жаны.
Өртелді жас есіл боздақ
Улы түтін, ащы зары,
Кетті тұйық кекті қозғап.
Жаны сәбиім, әншіл бөбек,
Еркеледі-ау дүниеге аз?
Ақын еді, жаны бөлек.
Жастай өліп – кетті-ақ сабаз...
Күйді өлеңнің қызғалдағы.
Жанды гүлі аяп аялар.
Ерте сөнді қызған шоғы,
Бітпей қалды поэмалар...»
Созылды азалы бұл, кекті жырым,
Ардагер ақынымның төкті мұңын.
Талай дос, талай ерді жоқтасам да,
Абдоллам елестейді еске бұрын.


Мен оның түсініп ем үнін, жанын,
Қайтып сол есіл досты ұмытамын?
Әскерден мұрсат алып, Алматы кеп,
Шығарттым оның тұңғыш жыр кітабын.
Осымен бітті жырым, тебірендім,
Үніндей майдан ескен шерулердің.
Қайсар қыз, албырт ақын аяулым ғой,
Солардың жанымдағы шерін бердім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу