12.04.2022
  83


Автор: Қалижан Бекхожин

ТОРҒАЙ ҚҰЙЫНЫ

I
Шарықтап құм жосалы жалаң белді,
Шаңдатып келе жатыр Амангелді.
Аңқытып ақ тұйғындай астындағы
Алды – жел, арты – құйын жарау керді,
Артында Аяп бала шаң бүркенген,
Келеді көк бестімен қалқып өрден.
Шоқытып құм төбеге шықты өзі,
Аңшыдай адырдан бір түлкі көрген,
Жоқ, аңшы емес қазір, жөні бөлек,
Жарысып жүрген де жоқ жел жебелеп,
Дүз барлап келген де жоқ жауды бағып,
Жорыққа шыққан да жоқ елден ерек.
Селебе соғар шақта төгіп қағар,
Сұңқар да алдын ала қанат қаһар.
Таянса қалың нөпір шағала да,
Саңқылдар жағаларға жайып хабар.
Аспанда әбжыландай түсі бейне,
Шықса бұлт түн қабағын түйіп кейде.
Лашығын лақтырып бір кете ме деп,
Жарлы жұрт басқұр бауын түйінбей ме?
Сондай-ақ Амангелді түйген қабақ,
Бұлт басқан даласының кегін қарап.
Қасқырдай қанды көзді ұлық-төре,
Қадалған қойдай момын елді талап.
Соғыстың сұрапылы жедел есіп,
Жұлқысқан жиһанкерлер төбелесіп.


Бетіне дүниенің жалын бүркіп,
Әлемді таламақшы тең үлесіп.
Алыста майдан оты жарқылдаған,
Жер бар ма сол бір өртке шарпылмаған?
Осындай алапатта аулын ойлап,
Жігіт пе оймен самғап шарқ ұрмаған?
Ол әлі жорық кешкен батыр емес,
Ауылда бай-төремен тату емес.
Өзінен асқан ойлы аға да жоқ,
Алатын осындайда ақыл-кеңес.
Ойлап тұр Амангелді құм төбеде,
Әліби кешікті көп мұнша неге?
Ауылға әрекетін тигізе ме,
Батыста бұрқ-сарқ еткен қан селебе?
Сарғайтты асық досы, сағынышты,
Алыс, жат қияларға не қып ұшты?
Келгелі бір сәлем хат аз күн болды,
Сөзінен ұшқандайын жалын күшті.
Талай жыл жоғалса да кетіп жырақ,
Мекені бұл күндегі Петроград.
Жұмбақтап әлденендей сыр білдірген.
Сенетін күші бардай бекім бірақ.
Ол, сірә, мұнарадай биік шығар,
Теңіздей терең ойлы тұнық шығар.
Әлемнен ақыл терген жиһанкез ғой.
Сырына бұл дүниенің құнық шығар.
Қазір ол асқан менен мерген шығар.
Ғайыпты нысана қып келген шығар,
Күреске епті шығар шалысы бар,
Білегін балуанша жеңнен сыбар.
Дариға, кетті сонау балалық шақ,
Ойлап ек айырылмастай бала құшақ,
Айырды қатал тағдыр, жоғалды ол,


Құлазып қалдым мен де далаға ұқсап.
Бұл қырдан кетті ол да қашты киік,
Түнеріп жатыр дала тас түйіліп.
Алысып әлділермен албырт жаным,
Кек буды жүрегімді басты күйік.
Жағаңа жат жармасса қайтер едің?
Ызасы өтті елге бай-төренің.
Сүліктей ұлықтары жұртты сорып,
Қансырап тұрған жоқ па байтақ елім.
Сұм болыс, сындырған сен елдің сағын,
Сол үшін шыдамадым, қол жұмсадым.
Сол үшін солар мені қаралады,
Бұзық деп ұлықтарға берді шағым.
Осындай толғанды да Амангелді,
Көзімен тұрды шолып жалаң белді.
Артынан Аяп бала келді жетіп,
Аптығып, далаңдатып балақ-жеңді.
–Иә, батыр, келе жатқан қажың қайда
Ол өзі патшаға да бағынбай ма?
Шоқынды, орыс болды деп еді ғой,
Қалайша табынды екен ол құдайға?
Ол үнсіз тұр төбеде қарауылдап.
Майдан жоқ, мінген аты жарау бірақ.
Шығанға ұшқан сұңқар оралса тез,
Ашуын көтерсе тез, қыр дауылдап!


II
Осындай мереке бар қай ауылда,
Қуаныш лебі соқты Қайдауылда?
Желпіді түндіктерін қоңыр үйлер,
Қонғандай келіп жаңа жайлауына.
Жайнаңдап жерошақтар жанып жатты,


Жайраңдап жарлы жүздер жалын атты.
Ауылдың ортасында алқа-қотан,
Соған жұрт жабырласып барып жатты
Мейлі, жамырасып кетсе төлдер,
Кекселер, келіндерің өтсе жол бер,
Бәрің де жиналыңдар бұл жиынға,
Келіндер, әділдікті көксегендер.
Айналып ауыл-үйді албырт Аяп,
Айтып жүр жаңа келген жарлықтай-ақ,
Әліби қазір кеште сөйлейді сөз,
Әкелген сыйлығы бар жарлыны аяп...
Өткен түн қоңыр үйде ортадағы,
Мәжіліс таң атқанша тарқамады,
Әліби шертті бастан кешкендерін,
Айтылды арманы мен бар талабы.
Екі дос кездескенде кеңіс белде,
Соғысып кеуделерін көріскенде,
Ғашықтай таңырқасып бірін-бірі,
Ой жұмсап өткен сонау өрістерге.
Келсе де кезіп өзі талай жерді,
Көп әлем көрген жандай Амангелді,
Сөйлесе ыза жанған лебізінен,
Ен төстеп жүргендерге талап елді.
Қалың қас, қара мұртты, кең иықты,
Тұлғасы тығыршықтай толығыпты.
Жұлдыздай жанарынан ұшқын атып,
Өзіне қаратқандай қауым жұртты.
Ауылда Амангелді солай өскен,
Озық боп даладағы баяу көштен,
Ал сонда таңданады Амангелді,–
Досына жердің жүзін жаяу кешкен.
Ақсары, жүзі жылы аяулы жан,
Алыстан барлаушыдай ой аңдыған,


Көзінде үміт күліп, әлем сыры,
Ашылып тұрғандай бір таяу бұған.
Алдында саз бергендей таң әлемі,
Сол сырға Амангелді қанған еді,
Жинады ауылдасын жаңалықты
Білсін деп бүркемеде қалған елі.
Жиынға келді түгел жарлы қыпшақ,
Жан-жақтан жабырласып жайып құшақ.
Ағытты өлеңін де ақын Омар ,
Батырын мадақтаған жырау құсап.
Күлімдеп жадау жүздер алды қоршап,
Шақырған Амангелді бәрін жар сап.
Әліби айтып кетті әңгімесін,
Іздерін елестетіп қалған алшақ.
Ал, анау ақбоз үйде жатаң сыр бар,
Жиналған істік мұрттар, сақалдылар,
Сабадай кешкі піскен күмпілдетіп,
Сабалап жатыр сөзді мақау қулар.
Бәрінен бойы биік, түрі қатал,
Атандай ортасында отыр Қапар
Түксиіп отыр ойлап, тұман басып,
Қадалған көзі қайда төгіп қаһар?
Делдиген кең танаулы қара сұр жақ,
Керілген кірпі шашты, қасы қияқ,
Паңсынған Орынбордың оқығаны,
Мәдияр міңгірледі мұртын сипап.
– Ол өзі шоқынды бір безген діннен,
Кәзеп ол, дүниені кезген күннен.
Орысқа жанын сатқан азғын қу ол,
Алаяқ ылғи жалған сөзбен жүрген.
Түріктің тонап келген саудагерін,
Шот емес, оған сотың, дау дегенің,
Кәпірден қатын алған, шошқа жеген,


Найсап ол зілін артқан тау бәленің.
Келді ол жұртымызды азғыруға,
Елдікті тоздыруға, аздыруға,
Ата жол, дін, ақсақал, соты қайда,
Бұл қуды азғынсың деп жазғыруға...
Солай бір басып жатыр сөз көрігін,
Маздатып өсектерін өздерінің,
Ал мұнда Әлібиді алқалап жұрт,
Айтқызған дүниені кезген жырын.
Әлемнен әділдікті іздегенін,
Сапардың сыры қилы тізбелерін.
Сезгенін, түйсінгенін, күрсінгенін.
Кейде көп үміттерді үзгендерін...
III
Қараша үйді жапқан ақ шымылдық,–
Соған бір елес беріп жатты шындық.
Олжасы Әлібидің саяхаттан –
Киноскоп, фотосурет – жалғыз мүлік.
Міне, бір пленкасы елес берді:
(Жиһанкез мұны неге әуес көрді?)
Арқалап жас бөбегін қайыршы ана,
Нан іздеп кезген талай белестерді.
Сондай көп сурет берген барша қала,
Қандай көп сұлу үйлер Варшавада?
Міне, бір мыжырайған өңшең лашық
Тұрады мұнда кімдер, ал шамала!
Қараңдар құдай берген кереметке –
Мұхамбет мекен еткен міне, Мекке
Аш-арық айналасы Қағбаның,
Қол жайған бір напақа тілемекке,
Қарашы қара борбай бәдәуиге,
Түсірген құдай неге нала күйге?


Қажылап келген қартты жатыр тонап,
Біреулер таяу жерде тәуап үйге...
Мінеки шұбырған жұрт Стамбулда ,
Мына бір түйілген қол мыстанқол ма?
Тізесін бүккен түрік отыр мүлгіп,
Торғайдай төзіп қана қысқан торға...
Уа, ғажап, жайнап жатқан шай даласы,
Ну жыныс аққан бұлақ айналасы,
Қамшымен ұрып жатыр үнді қартын,
Ағылшын әлеуетті, бай баласы.
Қолында иірілген күміс жылан,
Мынау кім пілге мініп, тыныш тұрған?
Созып тұр түйе сандай тұмсығын піл,
Соқсайшы ақ түстіні үндісті ұрған...
Қосаяқ арбада бір күлген мырза,
Адамды ат қып жеккен, соған ырза.
Майысып сүйрелеген мүскін жаяу –
Аш қытай кеудесіне толған ыза.
Мұхиттың жағасы бұл қызық сурет:
(Шанхайда суреттен де қызық сыр көп)
Жүк тасып тәлтіреген өңшең қара,
Зембілде шетелдік бір жатыр сұр бет.
Тағы да таңғажайып көріністер –
Алуан ақ сырлар, қоңыр түстер.
Орағын жалап тұрған аш шаруа,
Көшеде шуылдаған көп жұмыскер...
Көргенді тебірентіп бұл ауыр күй,
Өршітіп әңгімесін тұр Әліби.
– Жаһанда көрмедім бір әділдікті,
Жауыздық жайлап жатқан
шырмау ылғи,
Осындай ауылдасын ойландырып;


Қалды бір киноскобын айналдырып
Бір адам өр маңдайлы, тік тұлғалы.
Сөзімен сермелгендей майдан құрып,
Саңқылдап тұрғандай бір ол дауыстап.
Алыстан көрсетіп тұр нені нұсқап?
– Әділдік кілтін тапқан осы дана,
Шыққан сол күрестің де туын ұстап!
Заманның ел бастайтын данышпаны,
Көреген, көзді шолған алыстағы.
Батыр ол, қол құраған халық үшін,
Патшамен, бай-төремен қағысқалы.
Көрдім сол кемеңгерді аты – Ленин,
Теңіздей терең сырға батып едім.
Бақытқа жарлы жұрты жетер жылдам,
Барласа кең айдындай ақыл кенін.
Сондай бір дүниеге адам келді,
Білерсің кереметін Амангелді.
Патшаның құлдығынан құтылуға,
Тек соның жолы ғана табар жөнді...
Жұтып жұрт Әлібидің сол бір лебін,
Тамсанып, – деді бәрі – Ленин, Ленин!
Әліби шертіп ұзақ әңгімесін,
Ұйқыдан арылтқандай мең-зең елін.
– Иә, солай, оянсын ел ұйқысынан!
– Ашынса оянбай ма жан қысылған!
Солай бір желпінді жұрт тыңдап сырды,
Қиядан қайтып келген жыл құсынан.
Ал біреу көзбен ылғи арбасыпты.
Түнерген сұр жүзінен қан қашыпты.
– Жоқ, жалған айтқандары,– деп
қырылдап,
Мәдияр алшаң басып алға шықты.
– Жасынан діннен безген, елден безген,


Әліби – алаяқ бір әлем кезген.
Ермеңдер, оның тантық тәліміне,
Бүлдіргіш, елді бұзған, желеу сөзбен.
Сөзіне сенбе мұның бүтін қыпшақ,
Қыпшақты етпек мынау, қырық пышақ.
Қаны бір бай-кедейді атыстырып,
Не болмақ пәлекетке ұрындырсақ?..
Алашпыз, ала болып жарылмаймыз,
Бай-кедей өзегі бір бауырдаймыз.
Қамқор бар қазақ қамын ойлар қазір,
Панаң біз, жұртым, асқар тауыңдаймыз!
Сондықтан сенбеңіздер бұл кәзепке,
Азғынның айла сөзі елге сеп пе?
Адасқан Амангелді ерсін соған,
Ермейді ұйтқысы бір ел өсекке.
– Бар, күзет босағасын бай-патшаның,
Соларға жарық бол да жайнат шамын.
Біледі өлмеудің де қайрат-қамын.
Не пайда бізге сенің алашыңнан?
Білеміз, қамқорыңды ағасынған.
Шұлғиды елін езген ұлықтарға,
Бой сақтап елдің тартыс-таласынан.
Әрі жүр, Әлібиге тіл тигізбе!
Әкелді ол әділеттің кілтін бізге!
– Әліби тұйғынымыз түлеп қайтқан
Сонымен бірге енді сертіміз де! –
Ол аң-таң көзі шығып шарасынан,
Өзі де момын жұртқа ағасынған.
Жан-жақтан зілді көздер қадалғанда,
Мәдияр зытты жұрттың арасынан.


IV
Бірталай содан бері күндер өтті,
Қан соғыс бүріп жатты жер мен көкті.
Апшысы қуырылды патшалықтың,
Төсіне төндіргендей зеңбіректі.
Әліби ауылдарын жүр аралап,
Түтінді түндіктерін түре қарап.
Түтіліп құрымдары тозған лашық,
Лашықтай жарлы жандар жүдеу қабақ.
Түксиген баяғыша түйе белдер,
Керуен заман зілін сүйрегендер,
Замана – бұрқыраған құмды жапан.
Шөлінде керуендей күйреген ел.
Түйілген қара бұлттай билегендер
Иленген күбісінде күйбелеңдер.
Солай бір мал соңында қатқан әке
Көмілген құм кебінге, тимеген көр.
Еңсесін езген елдің бай ғана ма?
Момын жұрт топалаңнан жай қала ма?
Өрт шалса бетегесін осы қырдың,
Құм батқан шаңырақтар шайқала ма?
Жанында жалғыз ғана сенімі бар –
Жарлы жас өрендері жанын ұғар.
Қасында жүрді бірге Амангелді,
Ашынса айбатынан жауы бұғар.
Әлемнің ашып талай сұр беттерін,
Әліби жайды жұртқа суреттерін.
Жаһанкез енді кезді қыр жапанды,
Жапандай жүдеу жұрттың тербеп кегін..
Шығып бір мәжілістен бүгін кеште,
Әліби тұрды міне, бір белесте,–
Қой баққан құм төбелер үн қатқандай.


Қашқан сол балалық шақ келіп еске,
Жөнекей жас офицер хабар берген.
Қайда жүр солдат атқан сонау мерген?
Сол мерген осы құмда жортқан жұмбақ,
Талай жыл қиялынан қалмай ерген
Сол елес бұлдыр кеште кетті жырақ,
Есіне түсті енді Петроград.
Жасырын жиналыстар, жүз таныстар,
Жатқан қол, революция кілтін бұрап.
Иә, солар, солар ыстық туысы да,
Солар ғой жебеуі де, тынысы да.
Лениндік құдіретті ұлы қолдың
Әліби қырдан туған тұңғышы да.
Сол сәті туған күнге тең емес пе?
Өтті жыл, осындай тап қоңыр кеште,
Петроград, заводта бір таса жиын,–
Сол жиын мәңгі-мәңгі қалар есте.
Ақ шашты жұмысшы қарт, сұсты қабақ,
Көп тұрды Әлібиге көзін қадап.
– Ильичтің шын ден қойса ақылына,
Бұл жігіт құлшынса шын өзі қалап.
Берсе еңбекшінің мұратына,
Қанаудың қожалығын құлатуға.
Сапына партияның қосылсын бұл,
Халқының жалын берсін қуатына,–
Дегенде жанып жігер кеудесінде,
Күреске, бақытқа, да теңдесуге.
Берген ант партияға перзент болып,
Елестеп сонау сорлы ел есіне.
Жүрсе де өзі қазір бұл алшақта,
Сол қолдың солдаты да жүрген сапта.
Партия – лебізі де, сенімі де
Ел үшін тулап жүрек күйген шақта.


Сорлы жұрт, зорлық деген ие жеңген,
Шатақ көп шырмауықтай шиеленген.
Ата, ру, ақсақал бар жігін жапқан,
Ұлықтай соған басын сүйеп ерген.
Өзгеше мұндай майдан, өзегі жат,
Әліби кезенер бір кезегін тап.
Апыр-ау, неден соны бастау керек,
Питерге айтып соны жазамын хат...
Осылай ойланды ол дөңге келіп,
Төменде ауыл жатты дөңгеленіп.
Иірілген түтіндері түндіктерге,
Мал мен жан бейуаққа тең бөленіп.
Түнерген бейіттердей құрым лашық,
Қой сауған келіншектер сыбырласып,
Сонау бір шаңқан үйден шаңқылдаған,
Бәйбіше ашуына шұғыл басып.
Сондай-ақ шәуілдеді Аламойнақ,
Әлдекім келіп қалды құйын айдап.
Тынышын бейуақыттың бұзып міне,
Салт атты түсі суық тұр айқайлап.
V
– Жандарал ашу-зілін шашып шаң қып,
Келеді алып бізге тосып жарлық.
Бай-болыс кілем төсеп жүр жолына,
Сескеніп әлпетінен шошынарлық.
Мен өзім көрдім оны құм төбеден,
Аң қуып жүргенімде ертеменен.
Жандарал отыр екен пәуескеде,
Үш күрең алып қашқан ентелеген.
Отырды ол артта жеке бетін сүртіп,
Қонақтап тізесінде отыр бүркіт.
Мылтықты қалдым басып, бүркіт құлап,


Аттары алып қашты оқтан үркіп.
Жандарал шалқасынан түсті бірден,
Бәлемнің зәресі бір ұшты білем,
Жөнелді зымыратып ат-арбасын,
Жолы жоқ, Жыланшықтың үстіменен...
– Жарайсың, батыр аға бәрекелді!
Ұлыққа көрсетіпсің «Мерекеңді».
Мергеннің берген мынау сәлемі ғой,
Жандарал білсін әзіл, келекеңді...
Солай жұрт жортуылды қостап жатыр,
Кім мынау жанжал жолын тосқан батыр?
Бурадай салқам дене, бөрі көзді,
Сірә, бұл емес шығар бостан батыл?
Әліби тұрды солай төне қарап,
Сол адам алпамсадай, түйе қабақ
Құшаққа алды қысып, Әлібиді,
Әкедей көңілін бір ие қалып.
– Жапанға қаңғып ұшқан, қарлығашым,
Жел жетпес жер түбіне бардың ба шын?
Ағаңмын, атқан сонау шапқыншыны,
Арқаның арқалаған бар күнәсін.
Қуғыннан ұлық мені арылта ма?–
Қырғидай қонақтадым әр бұтаға.
Қорқып ем – мен өлтірген солдат үшін,
Орысқа сен кетті деп барымтаға..
Есіне Әлібидің түсті мерген,
Естіген жайын сонау офицерден,
Тағы да таңдана ол қалды қарап,
Мергенге алдындағы төсін керген.
– Ақиық, қырғи қанат бүркіттей тап,
Жауына оғын кезеп, атын баптап.
Қасқиған арыстандай Мерке мерген,
Осы деп Амангелді кетті мақтап.


– Жігітті шешенсінген – дауда сына!
Атқа мін, Әліби мен Амангелді,
Ер болса батырсынған – жауда сына!
Төндіріп жайдың оғын жау басына!
Жандарал алып келді бүлік-жарлық,
Солдатқа алынсын деп жігіт барлық.
Қазақты қорлап келген жауыз патша,
Қасапқа айдамақшы елді мал ғып.
Жоқ енді шыдамаймыз мазағына,
Түспейміз көгендеген аза-мұңға.
Арқада аруақты көтеремін,
Жар салып орта жүздің қазағына.
Келдім мен кеңесуге екеуіңмен,
Патшаның айла-сырын жете білген.
Шығайық қанаттасып жауға қарсы,
Немесе өзім жеке кетемін мен! –
Деп мерген атқа мініп тепсінеді,
Батқандай кеудесіне кек сілемі.
Сол бір сәт теңіздей бір тебіреніп,
Елінің естілді ме өксігені?
Солай бір ойлап елге батқан мұңды,
Асығып Амангелді атқа мінді.
– Ал, мерген, кезене бер садағыңды
– Ал, батыр, баста бізді, қақ дабылды!
Осылай жиылғандар сеңше толқып,
Кеткенде ашулары қырға көлкіп,
Орнынан ұшып тұрды Әліби де,
– Бұл жерде қорлық көрген Қайдауыл
ма?
Отырған жорықтарға оймен жортып.
Қайдауыл төтеп берер қай дауылға?
Жиналсын Торғай құмын басқан түгел,
Патшаның бағынбаса айдауына.


Қалың жұрт қаптай барсын жандаралға,
Ауыңа түспейміз деп арбағанда.
Ресеймен елдік құрсақ теңдік қайда?–
Жемтікпіз жеті басты жалмағанға.
Бай-болыс бәйек болар алдағанға,
Өздерін өңешінен алмағанға,
Домалар дауыл соқса құрым күрке,
Қақтығар өртке жарлы қарбалаңда...
Сөйлеңдер сондай сөзді сыры мықты,
Бұрқанып жүргендей-ақ бұрын тіпті.
Айбатын білсін қырдың елемесе,
Түйіңдер жандаралға жұдырықты.–
Тежеп тез астындағы жарау керді,
Мақұлдап сөйлеп кетті Амангелді.
Алқынған ат үстінде Мерке батыр,
Алысқа алабұртып қарай берді.
VI
Мұнда жоқ арғын-қыпшақ маңғаздары,
Ас емес берілетін әр жаздағы.
Көлінде Ақмырзаның қалың жиын,
Келешек майданның бұл сарбаздары.
Әліби, Амангелді жар таратып,
Жігіттер жалаңдаған ат жаратып.
Толқындай желді күнгі жамырасып,
Өрттей бір алауларын жатқан атып.
Алдына жандаралдың барған бұлар,
Бай-болыс бұйрығына басын иіп,
Айтысып ақтарылған арман-сырлар.
Жағынып жандаралға қалған қулар.
– Бүлдірдің талай жылдар талап елді,
Сақтаймыз сұрапылдан аман елді,
Қор тұтты патша бізді, қорғамаймыз! –


Деп сонда айбат шекті Амангелді.
– Жігітін апат төнсе ел қияды,
Ресейдің тарылып тұр кең қияны,
Парыз ғой, бар жігіттер селебеге! –
Деп соқты Дуылдақтың Мәдияры!
Жандарал құзғын көзі шақырайып,
Шұқшиған жұртқа сұсты шартын жайып.
– Сап құрып шықпасаңдар аттануға,
Айдалып кетесіндер тартып айып.
Сөгіліп керегедей алты қанат,
Жөнелді сол бір жиын толқып тарап.
– Айдатам әскерменен қойдай қуып! –
Деп кеткен жандарал да түйіп қабақ...
VII
– Жинал! – деп айқайлады албырт Аяп,
Жау келіп жағалауға қалғандай-ақ.
Сап түзеп Амангелді сарбаздардан
Қамдап жүр шабуылға қалған таяп.
Жігіттер сапырылысып иірілді,
Толықсып көл суындай жиын тұрды.
Қамшысын сілтей сөйлеп Мерке мерген,
Көзімен өтті шолып қиыр, қырды.
– Осы қыр, осы біздің ата бесік,
Ашылған мұнда бізге отау есік.
Жат жұрттың айналды ғой асырына,
Қартайдық қаталдықпен қатар өсіп.
Патшасы жұртымызды аңдай бүріп,
Тастады басымызға бұғау-құрық.
Барғанша соғысына – осы қырда,
Жасаймыз жауымызға шырмау бүлік.
Шабайық қалаларын, қорғандарын,
Өртейік егіндерін, орман, бағын,


Лап қойып жасағына жоталардан,
Қуайық жау біткеннің қырдан бәрін.
Мынау бай, демей мынау жарлы-кедей.
Билікке жоламасын арғын-керей.
Қыпшақтан Қапар батыр қол бастасын,
Жау көрсе қадалатын сар жебедей...
Әліби ат үстінде теңселді бір:
– Мынау сөз басқандай ғой еңсеңді құр!
Уа, батыр, өзге халық қозғала ма,
Қыпшақ деп мынау қырға берсең дүбір?
Ойла сен, патшалықтың бұғауына,
Орыстың халқы түгел кінәлі ме?
Қаласын қарақшыдай шапқанменен,
Ежелгі елдің кегі тынады ма?
Керек пе қырғын жорық ойладың ба,
Алысқа әскердің зор майданына?
Жұртыңнан жігіт бермей жау жолатпай,
Онан да қорған болшы аймағыңа.
Естідім, Татырдың көк төскейінде,
Шүйілсін сарбаз біткен түнде соған,
Келіпті жазалаушы әскері де.
Патшаның қаһарына сес беруге.
Ежелгі елдің соры арылмай ма,
Бөлінсе арғын-қыпшақ жарлы-байға?
Бай ұлы бар ма найза ұстаған бір,
Солардың жұртым десе ары қайда?
Қыпшақ па көкке өзін арнаған тек?
Арғын да майдан шебін барлаған көп.
Бастасын қалың топты намысы бар,
Шақшақтан жалбыр тымақ Жармағамбет.
Балама бір қыпшаққа ала елді,
Теңеме көк майсаға жалаң белді...
Серкесі арлы жұрттың, жарлы жұрттың,


Бастасын бұл жорықты Амангелді.–
Сол бір сөз сарбаз тобын серпіп өтті,
Сыбанды кек буғандар ер білекті.
– Бастасын Амангелді!– деген даусы,
Көк бетін тербеп өтіп, өрге кетті.
Ұрандап Әліби де кетті жайнап,
Алдында Амангелді шеккен айбат,
Лап берді Татырдағы лаң әскерге,
Торғайдың түлектері кекпен қайнап.
Жалаңдап, жарқылдады найза, қылыш
Далаға дауылдады айбарлы күш.
Патшаның жасағына тиіп өрттей,
Басталды содан талай майдан ұрыс...
Жырлар көп Амангелді қылышында,
Сырлар көп сарбаздардың тынысында.
Солардың құйындатқан жорықтарын,
Жырлады жыршысы да, туысы да.
Әлі де талай сыры болар жарқын,
Әлі де аңыздарын жырлар әркім.
Айтыста сөз бермейтін ақыны көп.
Торғайдың тумалары толғар бәлкім.
Соларға қалдырдым бұл сыбағаны.
Әзіл ғой, жүргенім жоқ сынағалы,
Осылай қағытсаң бір кейбір досың,
Сыртыңнан сұсты қолын сыбанады.
Жүргем жоқ сондайды бір сырлағалы,
Қалдырдым ду көтеріп, құм даланы.
Өлеңмен көштім өзім Орынборға,
Жорығын Әлекеңнің жырлағалы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу