Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  112


Автор: Қалижан Бекхожин

ТЕМІРДІҢ ТОЛҒАНЫСЫ

Ұмыттым ба, сірә мен?
Белгілі ғой маған көне тарихтан –
Бұл арада аққан бұрын Сыр өзен,
Мәуе гүлдеп, су ыршыған арықтан.
Неге текше тастары,
Кірпіштері ақ неге?
Осы құмда жатқан шығар ескі кент –
Сол ежелгі Ақтөбе?
Бабалар тек көшпенді ме, даңқы жоқ па,
Ұрпағына таң бүгін?
Сол бір қала қадым шақта,
Байтағы екен
Қоңырат пен қаңлының.
Болды дейді ақ сарайлар сәулетті,
Асқақтаған мұнара.
Мынау сырлы құмырасын сәндепті,
Шеберлерге дүкен шығар бұл ара,
Сызуында құмыраның не сыр бар?
Бір мұра ма, құтты ма?
Баба батыр жауға қарсы асығар,
Құмырадан қымыранды жұтты ма?
Осы кенттің қылымдарда
Өз даңқы да бар шығар.
 Тоғысты ма түйін жолда,
Мұнда Үнді,
Қытай мен Парсылар?
Айтшы маған, ақ тастар,
Іргең қалай болды ойран?
Болды ма көп айқастар,
Өтті қандай қан майдан?
Шыңырауында бұл обаның
Сарай бар ма сау қалған?
Асылы бар ма бабаның,
Сақтап қалған жаулардан?
Ту-топалаң замандар!
Ата кентін
Неге көмдің біржола?
Сол мұра ма, қараңдар,
Жер бетінде қалған сонау қу мола?
Ей, Әлпейіс,
Бұл обаны қопарма!
Археолог түбін түгел ақтарсын.
Болыпты деп әйдік қала жапанда –
Ұрпақтары мақтансын.
Ал біздер мұнда толқын ойнатып,
Жазығына телегейді жаямыз.
Көне кентті жаңғыртқандай жайнатып,
Жас қаланы асқақтатып қоямыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу