Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  189


Автор: Қалижан Бекхожин

CОҢҒЫ САЙРАН

Ақан сері туралы аңыз-дастан
Аулақта қызық думан, алтыбақан,
Ауыл жоқ айналада алқа-қотан.
Күрсінсе сақалына жас тамшылап,
Қоскөлдің жағасында отыр Ақан.
Жағасын бұлт басқандай қарайған маң,
Үстінде сағым да жоқ арайланған.
Құс та жоқ, қыбыр да жоқ өңірінде,
Оқшау көл, көшкен жұрттай қараң қалған.
Іңкәр жан дулы тойға, тамашаға,
Қалайша қапаланды бұл тасада?
Өксігін өмірінің өткізді ол,
Ғайбатсыз, ғадауатсыз оңашада.
Ол айға, жұлдызға да қарамады,
Осы көл, болса-дағы тар алабы, –
Көрінді шермендіге шер төгетін
Қайғы-мұң кесесіндей даладағы.
Адыра, адырлы тау бүркіт ұшқан,
Ая жоқ ән шырқаған, қызды құшқан.
Мылқау ұл, меңіреу там, тымырық көл,
Ақанға болды бәрі бір зымыстан.
 Түлкі жоқ бұлаңдаған құба белде,
Қаусаған әлдеқашан Құлагер де...
Бір күнде Көкжендеті болды ғайып,
Күйреді асылдарға құмар пенде.
Жасынан құштар еді әдеміге,
Сүйсінген махаббаттың әлегіне.
Сұңқардай самғап еркін, сейіл құрған,
Сері жан сауық-сайран әлемінде.
Дамылсыз тебіренген қызға бола,
Пір еді-ау, жаны дархан бозбалаға.
Табынған сұлулыққа сәби ақын,
Сүйсінген үні сырбаз сазға ғана.
Келетін қызды ауылға баса-көктеп,
Мәз ойнақ еркелігін жасап өктеп.
Ақанның дауысы шықса бір төбеден,
Алдынан қыздар шыққан қошеметтеп.
Ән салса, әсем даусы адыр асқан,
Сырымбет – Көкшетаумен жамырасқан.
Садақтай ән зулатқан қайсар жағын
Қазірде әжуалап селеу басқан.
Кигені сусар бөрік, шәйі шапан,
Сал жүрген зияпатпен шалқып Ақан.
Бұл кезде қу ағаштай жапырақсыз,
Өмір ғой, «басы бапан, соңы сапан».
Дәурені қызық еді-ау аңыздардан,
Алғысты алды талай сал қыздардан.
 Патшасы думан-тойдың қайран сабаз,
Бұл күнде жетімек шал жалғыз қалған.
Енді не? Есін алған қандай үміт,
Сүр арман жаңғырды ма қалған ұмыт?
Бір сәуле көрінді ме? Өзі қайда,
Жарқ етпей жасырынды қайда бұғып?
Есіне келді сайран – асқан шағы,
Қыз – түлкі, өзі қыран асқардағы.
Сексен қыз қоңыр қаздай тізілгенде,
Ақтоқты – аққудай ғой аспандағы.
Әлде түс, әлде елес, әлде өң бе?
Сол аққу ғайыбынан қонды көлге.
Шала шоқ жүректегі қайта маздап,
Ләззаттың үмітімен жанды кеуде.
Ашынса махаббатпен әл тая ма?
Асыл ер жас келсе де жантая ма?
Сезімге сергек еді серің әлі,
Ақынның жаны сірә, қартая ма?
Жүгірді күн батқанда көл жағалап,
Бір елес... не керемет, болды ғажап?
Ақтоқты су түбінен ымдағандай,
Шерлі жан тұңғиыққа төнді қарап.
Телміріп көлге солай қарай берді,
Жағаға бір кеш емес, талай келді.
Есіне өшкен үміт, өлген ару,
Өмірдің ақшамында қалай келді?
 Аруға әдеті жоқ жаза құрған,
Арманын талай қыздың аза қылған.
Кіді ақын кінәлі еді Ақтоқтыға,
Күйді жан өкініштің азабынан.
Өтсе де оған көп жыл, өршіп сол шер,
Алысып албырт арман өксіген ер, –
Кешірмей бөбек қыздың еркелігін,
Сілтеген сұлуына сері семсер...
Кетпеді жүрегінен сол бір қайғы,
Сонау шақ көрген түстей бұлдырайды.
Көл жым-жырт, күбір тыңдап телмірсе де, –
Қара бұлт жапты, міне, күңгірт айды.
Жетті ме соңғы бір сәт толғанатын,
Жайғанда айналаға түн қанатын, –
Жебеу ғып қу таяқты тақылдатып,
Бейуақта бебеу қақты мұндар ақын...
«Қыз қайда бұл жалғанда Ақтоқтыдай,
Соны ойлап көп қайғыға баттым мұндай.
Талдырып өзегімді орта жолда,
Аузымнан ақ алмамды қақты құдай.
Махаббат – әулие деп сенген едім,
Қайда екен періштедей сол бөбегім?
Қарыспай сыңғыр қолым, қапыда сол,
Қалқама қанжар неге сермеп едім?
Ол кезде біздің көңіл қайда жатты?
Он бесте толықсыған айда жатты.
 Айрылып шолпанымнан өр қиялым,
Ойран боп суы терең сайға батты.
Көшті ғой гүл өспейтін жайға жазым,
Өзіңді әлдилеген қайда назым?
Таусылып дұғаларым, қыз арбаған,
Бүктедім махаббаттың жайнамазын.
Қалайша қайрылмадың, қалқа бала?
Мынау көл сол сырыңды айта ала ма?
Отырмын қаным мұздап, жаным сыздап,
Қаусырап қалды қазір қаңқам ғана.
Бұл күнде жапырақсыз жырым жұрдай,
Бағым жоқ бүршік атқан бұрынғыдай
Арқандап арманымды тартты құздан,
Ақынға әлмисақтан қырын құдай.
Дыбыссыз қу терекпін, сыны кеткен,
Қасымда бір қайың жоқ сыбыр еткен.
Көкшетау теңселетін шіркін сонда,
Екеуміз ән шырқасақ Сырымбеттен.
Қайда сол сен жұлдыздай жайнаған шақ?
Айлы түн, алтыбақан ойнаған шақ?
Махаббат бағында мен түн қатқанда,
Қайдасың, өзің сәулем, жайған құшақ?
Әндетіп, ел жайлауын кезіп өттім,
Төрінен төрелердің безіп өттім.
Сыңсыса қалқаларым торға түскен,
Араша айтып жырды безілдеппін.
 Қияға ләззат құсы ұшқаны ма?
Ұшқыны қалмады ма құштарымда?»
Қайран қол ақ төсіңді аймалаған,
Қалтырап қу таяқты құшқаны ма?
Қайнары қызығымның суалды ма?
Біржола ынта гүлі қуарды ма?
Жалыны жүрегімнің сөніп мәңгі,
Қаусай ма махаббатқа құмар тұлға?
Арманның үздім жібін, бітті сенім,
Алшымнан айрылдым да бүк түсемін.
Қайда сол құрышымды шымырлатқан
Аруым, жалын атқан от төсегім?
Бұл күнде жұрты көшкен қу даламын,
Молада зікір салған дуанамын,
Қараңғы түнде бір шоқ жылтыраса,
Ақтоқты сен екен деп қуанамын.
Кенет бір ұша қалса құс шырылдап,
Тұсымнан өтсе баяу жел сыбырлап.
Сенің наз үнің бе деп аңырамын,
Теңселем түнек түннен күбір тыңдап.
Сөндірсін, тәңір мейлі, ай-жұлдызын,
Мақшарда тілемеймін үрдің қызын.
Болар ем фанидегі бақытты жан,
Ақ сәулем көрінсе бір нұрлы жүзің.
Нәріңмен жанның шерін жуайыншы,
Сәжде ғып етегіңе жылайыншы.
 Сонау бір күнәм үшін, перизатым,
Қуарған сақалымды жұлайыншы.
Уа, құдай, иманыңды ал, нәпсімді бер,
Жанымды сайтанға сат, жас қып жібер.
Жарқ еткіз Ақтоқтымды түнек көлден,
Қанатын қайта түлеп қақсын жігер.
Тірліктің ләззат деген уын іштім,
Ұстаймын етегінен ібілістің.
Елһамсыз, не зауықсыз өмір зая,
Кештім мен тұңғиығын күйініштің.
Айрылдым адуынды албастымнан,
Бақсыдай безек қақты, адасты жан.
Қызық пен қызуы жоқ суық тірлік,
Мұғаллақ қу басыма қапас, тұман.
Қайдасың жын-перісі қыз-ойнақтың?
Қасынан қашқаны ма біз бейбақтың?
Ошағы от думанның өшкені ме,
Бұл күнде аңсап соны мұздай қаттым.
Жылтырап түнгі шоқтай мынау жалған,
Арбайды сыйы бардай маған қалған.
Періштем, ғайыбыңнан шықшы бері,
Сөнген жоқ жүрегімде сол бір арман.
Тәңірі дүлей түннің жын-перілер,
Түнектен сәулешімді жіберіңдер!
Немесе тамұғыңа, шеру тартып,
Жетектеп алып мені жөнеліңдер».
 Осыны айтып Ақан еңкілдеді,
Моншақ жас сақалына мөлтілдеді.
Қу таяқ қолындағы қобыз болып,
Өршіді долы саздың серпіндері.
Алпұрыс алқымдады серпілгелі,
Асқынып ақын жыны еркіндеді.
Алысты әлегімен қиялының,
Албырт жан махаббаттың өртіндегі.
Кенет бір сілкінгендей жым-жырт,
жан-жақ,
Аспанда жарқылдады жұлдыз самсап.
Шымырлап көлдің беті, тереңінен
Сылаңдап шыға келді қыздар ән сап.
Сұр жаға алақайлап айын күткен,
Теңселіп билеп кетті қайың біткен.
Апырау қайың емес – қыз-келіншек
Серінің сұлулары дәйім күткен.
Сексен қыз шыққан мынау серуенге,
Әйгөлек алқа тұрып керілгенде, –
Ақтоқты ақтотыдай жайды қанат,
Жүгірді есі кетіп сері пенде.
Таяғын домбыра ғып шертіп берді,
Кәрі жын баяғындай бұрқап келді.
Сексен қыз сыңсығанда сері даусы,
Шайқады көк дауылдай шырмап көлді.
«Ақтоқты, ауызыңнан бал беріп ең,
Күлкіңді өміріме сән көріп ем.
 Серіңді адастырып келдің қайдан,
Сені ойлап жын соққандай сенделіп ем?
Ақтоқтым, ашшы жылдам құшағыңды,
Сыйы жоқ сенсіз өмір құса қылды.
Сағындым наз үніңді, қалқашым-ау,
Сағындым сенің нәзік гүл шағыңды».
«Серім-ау, киігі едім құба белдің,
Бұл көлге семсеріңнен құлап өлдім.
Зарыңды күңіренген естідім де,
Сілкініп су астынан шыға келдім.
Сұңқарым, ұмыттым ғой сол кінәңді,
Кетіп ең қиындатып сал құланды.
Сағындым, әуеніңді сұңқылдаған,
Бұлбұлым, шырқашы бір сол бір әнді...»
Кеудесі кетті кеңіп ақ аспандай,
Шерлі жан ақылынан адасқандай.
Жүйткітіп қоя берді бұлбұл әнін,
Сұлудың бәйгесіне таласқандай.
Серпілді Құлагері таң асқандай,
Шертілді қасіретке қапас таңдай.
Ауылы Сырымбетке жаңа қонып,
Тоқтымен жаңа ғана жарасқандай.
«Ауылым қонды Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге жем болып барасың ба?»
 Телміріп тотысына елтіп Ақан,
Керемет көрініске алқына таң, –
Бұлаңдап ерке қыздар, жас қайыңдар,
Алдында тербеліп тұр алтыбақан.
Па, шіркін! Алтыбақан ырғалады,
Сылдырап қыздың шолпы, сырғалары,
Ақанның әнін шырқап сұлу біткен,
Сырттағы жігіттерге ым қағады.
Ынтықса, несіне қыз бұлданады?
Ырысын махаббаттың кім қағады?
Сұлуын сүйе берді Ақан солай,
Ызыңын дүниенің тыңдамады.
Ғашықтың құшағына елтіп батты,
Жымыңдап сансыз жұлдыз жымың қақты.
Аймалап қалқатайын балқи берді,
Сырылды түн пердесі, таң да атты.
«Ал серім, еркелеттім сені ұзақ түн,
Түнектің түлегімін, күнге жатпын.
Кетемін өз аяма, көл түбіне,
Бұл кезде су сылаңы – перизатпын».
Ән салсаң тербеледі биік құздар,
Қалайша кетті сені қиып қыздар?
Біле ме қадіріңді, қасиеттім,
Шот маңдай, шолақ желке сиықсыздар?
Мен әлі сені сабаз, жарым деймін,
Отыңды маған жаққан сөндірмеймін.
 Саған мен – бақилықпын, ардагерім,
Көз жұмсаң – қабырыңда әлдилеймін.
«Таңыңды тамашамен атырайын,
Ләззаттың рахатына батырайын.
Күн шықпай жоғаламын, кешке мені,
Тылсымдай әніңді айтып шақыр дәйім».
Уа, ғажап, деді солай, болды ғайып,
Құшағын қайран сері қалды жайып.
Шолп етті көл түбіне сексен қыз да,
Көгінен зымырады жұлдыз тайып.
Күн шықты, масайраған түн жоғалды,
Думаны қыз-ойнақтың тына қалды.
Түксиді бұлғаңдаған жас қайыңдар,
Сипалап Ақан тұрды құба талды.
Ол мең-зең, түнгі елес тұр иықтап,
Көңіл мас, махаббаттың уын ұрттап.
Елесін аңсап әлгі перизаттың,
Құшақтап құба талды қалды ұйықтап.
Ал, ымырт басқан кезде айналаны,
Жаңғыртты, Ақан әнмен айналаны.
Сексен қыз сықылықтап шықты көлден,
Аруын сері тағы аймалады.
Білмеді – қыз-ойнақ па, жын ойнақ па?
Осылай түндер өтті бұл аулақта.
Дауасын ескі дерттің тартты солай,
Делбедей басы дел-сал ауған шақта.
 «Өткізді пері қызбен нелер кешін», –
Деп аңыз еткен екен ел еркесін.
Топас топ жынданды деп гуілдепті,
Ақанның көзі көрмей көлеңкесін.
Нали ма дулы тобыр назды сазға,
Сондай көп сұрқиямен ол араз да.
Ақынды тебіренсе – жынды дейтін.
Әлі де арамызда ездер аз ба?
Сондайлар сүрінсең де қуанады,
Ақынның сұлулық қой ну алабы.
Аққуды айдын жүзген түсіне ме,
Даланың көде кезген дуадағы.
Сондайлар серіге де жапқан жала,
Сол болды жүрегіне батқан нала.
Жалғыз-ақ махаббатқа иді жанын,
Дәурені сайға терең батқанда да.
Әншіл жұрт сүйіктісін мұндай төтен,
Есалаң деуге, сірә, қимайды екен.
Көзінен көргендерден сері жайлы,
Таңырқап сол ғажапты тыңдайды екен.
Тымық көл кейін талай тулайды екен,
Қайыңдар қанаттарын бұлғайды екен.
Ақанның асқақ даусы жаңғырығып,
Әндетіп қыз-келіншек шулайды екен.
Осынау ғаламатты мүлде бөтен,
Сол кезде әккі көздер көрген екен.
 Серінің моласына пері қызы,
Құпия кейін талай келген екен...
Осылай жұртымызда аңыз қалған,
Естідім ата жырау, абыздардан.
Лебізін әкелердің жұтып өстім,
Жыршымын ел сүтімен ауызданған.
Сол сырдан кеудемде күй төгілгенде,
Қоскөлдің жағасына келдім мен де.
Бұл маңда сері де жоқ, пері де жоқ,
Жұмысқа жұмылған жұрт бұлың белде...
Отырдым көл басында бір кеш қана,
Айнала – сол серімен тілдес дала.
Көзіндей Ақтоқтының жаутаң қағып,
Жырымды тыңдап отыр Бикеш бала.
Сен түсін, қарындасым, сері мұңын,
Өзім де сол мұңдардың серігімін.
Жоқ емес бөктергілер бұл күнде де,
Көп ойлап бақытымды шерулімін.
Ақанның көтерейік жырын көкке,
Ақынның еске сақта сырын төкпе!
Қалың жас ән шырқады қосылайық,
Жүр, қалқам, сері жүрген Сырымбетке.
Гүліндей өскен жаңа бұл даланың,
Сендерге сүйсінемін, қуанамын.
Бақытты қалқа бала, кел шырқайық,
Ақанның аянышпен туған әнін.
 «Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге жем болып барасың ба?
Қарындас-ай, енді есен бол!...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу