Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  276


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖОРЫҚТА ЖҮР ЕР ҚОРҚЫТ

ЕКІНШІ ТАРАУ
Қасында жасағы бар сезгір Қорқыт
Ыстық жел соққан белді кезді жортып.
«Бөрі жоқ десең – шығар бөрік астынан»
Кеудесін сақтық деген сезім шертіп.
«Тәңір-ау,
оба желі соқты қайдан?
Араб қой көкмайсамды еткен ойран.
Кешегі гүл шалқыған орманымда
Бақандай теректер тұр тек сорайған.
Шолды ол шөлейттерді жел жосыған,
Алдынан құйын соқты аласұрған.
Арабтың шолғыншысы – бір топ ләшкер
Құйынның шыға келді арасынан.
 Айқасты Қорқыт шапшаң
сол жасақпен,
Шаңдатып майса қырын басып өткен.
Жалаңдап оғыз-қыпшақ әулетіне,
Аузын аждаһадай ашып өткен.
Қорқытқа шапқыншылар –
«бағын!» деді.
Арабтың алласына табын!» – деді.
Егер сен бас имесең,
ел-жұртыңды
Өртейді соққан улы жалын желі».
Күңгейден соққан оттан ауып аңдар.
Жеріне өріп келді әбжыландар.
Қартыңды, ұл-қызыңды шағар болар,
Күпінбе, бұл қатердің артын аңғар!
Ер Қорқыт бұл бұйрыққа бас имеді.
Бұрқанды көк дауылдай ашу-кегі.
Тап берді арабтарға жасағымен
Өзі де бұл айқасты тосып еді.
Жарқылдап найзағайдай найзалары
Дүркіндеп дүрліктірді айдаланы.
Талай бас ұшып түсті қаққан доптай,
Жер құшып жатыр өксіп жайрағаны.
Дулыға, кіреукесі құрсанғаны,
Қорқытқа найза мен оқ дақ салмады.
Сұлатып арабтардың жойқын тобын,
Дөңесте батыр Қорқыт алшаңдады.
 Ойлады: «Енді бір сәт тынығайын,
Апыр-ау, қайда жосып жүр жұбайым?» –
Жары ғой жауынгердің найза сілтеп,
Жүретін жорықтарда бірге дәйім.
«Тәңір-ау, жел жұтты ма, жер жұтты ма?
Қашты ма әлде жаудан үркіп қырға?
Жорыққа – серік болып бірге шапқан,
Қайда жүр қарындасы Шерғұтты да?
Атына мініп, қырды кетті шолып,
Адырда жыландар жүр қаптап өріп.
Жапанды кезіп Қорқыт тапты бір кез,
Жұбайын бір төбеде жатқан өліп.
Атынан Қорқыт жерге құлап түсті,
Қасына қосағының жылап түсті.
Жарының жылан шаққан жарасына,
Ағылған көздің жасын бұлап түсті.
Қасынан қалмай дәйім еріп жүрген,
Қобызды сұрап алды серігінен.
Қобызды шертіп Қорқыт күңіренді,
Бар қызық жөнелгендей өмірінен.
Қорқыт күңіренді:
Күңіреніп күй шерттім,
Күйігімен мұң-дерттің,
Күйді жаным шарпылып,
Алауына көп өрттің.
Көп қорыған жеріме
Әбжыландар қаптады.
 Шықты арабтар өріме,
Гүлімізді таптады.
Күңірен күй, күңірен!
Сарна қобыз, тебірен!
Тыңда жұртым зарымды:
Жылан шақты жарымды.
Айналамды жау басты,
Басар жерім тарылды.
Адырымның өрлері
Жыра-жыра ор болды.
Жайлауымның кең белі
Қазылған көп көр болды.
Тасқа тиіп найзамның
Өткір тісі майрылды.
Ортасында ойранның
Қалдым шертіп қайғымды.
Басқа салды шеңгелді,
Тәңірге мен жаздым ба?
Қан жосыған көрлерді
Мен жатсын деп қазды ма?
Қайда жүрсің Шерғұтжан?
Сол көрлерді көрейін
Көз жасыммен құм илеп,
Қосағымды көмейін.
Қайда жүрсің Шерғұтым,
Қалған жалғыз серігім.
Қобыз – енді бар құтым,
Ол – тиегі шерімнің.
Сарна-сарна қобызым,
Қасіреттің шерт күйін
Кеудемдегі қайғымды,
Мұңлы күймен серпиін.
 Соны айтып шертті Қорқыт күйік, зарын,
Тербелді көкейінде күйлі сарын.
Бусантып көз жасымен топырағын,
Арулап көмді көрге сүйген жарын...
* * *
Отырды көр басында
шерлі Қорқыт,
Жарының аза күймен
зарын шертіп.
Зарлы күй шалынды ма құлағына,
Күңгейді барлап жүрген
келді Шерғұт.
Сезді қыз аза күйін ағасының,
Қалайша қиды көрге жанашырын?
Ағасын құшақтады еңіреп қыз,
Көзінің жасқа булап қарашығын.
Екеуі жылап-сықтап тынды бір сәт,
Қиын шақ, көп жылауға
жоқ қой мұрсат.
Шерғұт қыз мәлім етті ағасына:
«Арабтар айналаны алды қоршап.
«Жасағың» өзің құрған
қара басып,
Бытырап шартарапқа кетті қашып.
Сахара, тынысы кең өлкемізге
Есіп тұр оба желі
отын шашып.
 Ябидтің хан сарайын жалын шолып,
Өртеніп ақ ордасы жатыр жанып.
Қызын да, күйеуін де өрт қуырып,
Өлтірді ханның өзін
жылан шағып.
«Ағатай, жүр кетелік,
ая мені,
Соғып тұр күнгей жақтан
оба желі.
Кетейік кезіп қырды,
қандай екен
Жұртыңның кең жайлауы,
құба белі?»
Сөзіне қарындастың еріп, толқып,
Жер тарпып тұрған атқа
мінді Қорқыт.
Қасында үзеңгілес
қарындасы,
Екеуі жазықтарға кетті жортып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу