Өлеңдер ✍️

  11.04.2022
  274


Автор: Тілеубек Батыс

КЕСЕНЕ. ТҮН

Тыныштық байыз тапқан бар ғаламда,


Қара түн қауырсынын қанға малған.


Өлімге апаратын жалғыз соқпақ,


Мен сені өз еркіммен таңдап алғам.


Таңдағам талай тағдыр уын іштім,


Сонда да жымияды жылымыш күн.


Ібіліс мүмкін маған ерген болар,


Мен мүмкін жолына ердім ібілістің.


Кесене күмбезіне ай құс ілген,


Қайыршы шал қабағы қайғы сіңген.


Бұрыштағы тәуелді орынынан,


Шегір көзін қадаған қай мүсінге.


Ол әкеткен өзімен айға әлемін,


Содан менде күлімдеп жайнап едім.


Көкейімде бір сұрақ «Ей! Кесене,


Сенің алып тамырың қайда?» дедім.


Жауабы жоқ үнсіз түн, үнсіз рең,


Ұшып түсіп бір күлте бүршігінен.


Үнсіздігі мазардың қуантқанмен,


Үнсіздікке мен үнсіз күрсініп ем.


Пешенеме бұрғызған қол арбасын,


Кесенеге жұлдыздар манаурасын.


Биік болып тұрасың сен бәрінен,


Қаңқалардан тамырың қаланған соң.


Қызыл күн ұясына құлағанша,


Қара бұлт көз жасын бір бұлап алса.


Мен асығам күңгірт сол мазарларға,


Кесене сүйкімдірек түн оранса.


Түн таңды аймалады сезім нұрлы,


Таң түнін таңға жақын көз ілдірді.


Қуанышы ұрланған Кесенені,


Құстардың қиқулары кезіп жүрді.


*   *   *


Сіркіресе қақ төбемнен жаңбыр мұң,


Жазғаны сол деп ойладым тағдырдың.


Баянсыздау өмірімнің бұл сәті,


Сүреңсіздеу өтіп жатыр әрбір күн.


Күздің желі қыстың қарын ұшырып,


Барады әне бірін-бірі ысырып.


Моншақ төккен аппақ дүние көзіме,


Өлімімнің ақ сәулесін түсіріп.


Өлімімнің ақ сәулесі жылт етіп,


Ана өмірдің ашатындай жұрты есік.


Өзім жақсы көретұғын сол жердің,


Әлсін-әлі топырағы бұрқ етіп.


Құс төсекте төсектес боп көлеңкем,


Бақиғада бірге апармақ мені ертең.


Тірілердің ықыласын көрместен,


Өлілердің алқауына бөленсем.


Қабырғама іліп қойған күн сағат,


Ғұмырымды дақыл-дақыл тұр санап.


Таң азанда көкірегімді қысады,


Көлбей өткен көк түтіндер тұмшалап.


Адамдардың адамдығын көз көрер,


Өзгереді, сөзге ереді пенделер.


Мені арбайтын шайтандарда әу баста,


Өлместердің жанын күйттеп өлген ол.


Өлместігім өлгенімдей тұрлаулы,


Көкжиектен шөкімдей жан бүр жарды.


Мен өлгенде аруағымның орнына,


Өзім кезіп жүрердей боп бұл маңды.


Өмір дейтін жаққанымда саңлауға от,


Қойшы деймін тірілерде арман көп.


Өлер болсам мен жүректен өлермін,


Менде басқа талғам да жоқ, талдау жоқ.


Аноооу дала күлтөгерім, сыз өтер,


Мынааау мекен соңғы әнімнің ізі екен.


Ажалымды нысанаға ап осында,


Өлімімді күзетем.


Тілеубек БАТЫС.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу