Өлеңдер ✍️

  11.04.2022
  180


Автор: Тілеубек Батыс

Түс аулау

Қиялымда бір нәрсені ұмытқаным ғана есімде,
Бірақ, не нәрсе екені есімде жоқ…
Кешкі іңірге де, таңғы алекеуімге де ұқсамайтын өлара шақ.
Бір жаққа беталып бара жатырмын,
Бірақ, қайда бара жатқаным белгісіз.
Астымдағы жол, жол емес алып жыланның тілі екен деймін,
Бағзыда кездейсоқ жартасқа айналған.
Кенет, ол теңіздегі майда малта тастарға өзгерді,
Суға батқан тас молалардай байырғы.
Әлдененің тамыры жыланның тіліндей тіземе оралып теңіз құйына тартады.
Құрғап қалған кенеземді кептірердей.
Үздіксіз қозғалыста теңізге тұншығып барамын.
Теңізге тұншығып барамын…
Аһ,
Мынау қарғыс атқыр түстен оянғым келеді.

***


Аспаннан
Соңғы үміт жетегімен теңіз бетінде қалқып оянған өзімді көрдім.
Жанталаса ұмтылады,
Теңіз жағасында өмір ұшқынының бар екеніне сенгендей.
Жағалаудағы енді пысқан өрік ағашына қырау қатқан,
Оған келіп мекеніне қайтқан жыл құстары қонып жатыр…

"Айқай"…
«Жыл құсы да жылына бір қайтады ғой» деп,
Анам шақырып жатыр екен деймін…
Мен де айқайлап жауап қайтарғым келеді,
Үнім шығар емес…
Боз боранда мұнарланып жаңғырық та жоғалды.

Өзімді тоқтата алмай әлі қозғалақтап келемін.
Иә, бұл кәдімгі түс!
Оянғым келеді қарғыс атқыр осы түстен!
Оянғым келеді…

Санамда бір нәрсені ұмытқаным ғана есімде,
Бірақ, не нәрсе екені есімде жоқ… 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу