👈 қаріп өлшемі 👉

  09.04.2022
  64


Автор: Абдрахман Асылбек

Бір күшік пен бір құрлық туралы ертегі

Бастау
Түрлі-түрлі ертегі
Тұла бойды ерітеді.
Түні бойы тыңдаймыз,
Қасып қойып желкені.
Сөзге жүйрік атамыз,
Тыңдаймыз да жатамыз.
Көтеріліп көңілдер,
Бал қызыққа батамыз.
Кетсе-дағы түн ауып,
Ынта-ықылас шын ауып,
Ұйқы менен ойынды
Ұмытамыз бірауық.
Сан ертегі, сан аңыз,
Көп тыңдаған баламыз.
Сергек өсіп сондықтан,
Ерте оянды санамыз.
Тыныш болса ел тегі,
Тамаша ғой ертеңі.
Осылайша тағы бір
Басталады ертегі.

Бір күшік пен бір бала
Ерте, ерте, ерте тым,
Бала бопты ерке тым.
Қайда жүрсе, күшігін
Болыпты ол ертетін.
Жағалап жар, арықты,
Бір ауылға барыпты.
Күшігі мен екеуі
Сонда қонып қалыпты.
Ауыл қойын сояды,
Алдына ас қояды.
Қымыз ішіп, шай ішіп,
Бала етке тояды.
Қара өзінің пысығын,
Тоғын басып ішінің,
Тастады бір жілікті,
Мүжісін деп күшігім.
Мақұл көріп бұл істі,
Күшік шапшаң кірісті.
Алдындағы сүйекті
Тез мүжуге тырысты.
Неткен құрмет, сый еді –
Дәмді-ақ еді сүйегі.
Күшік жатты қаужаңдап,
Дейсің деп кім тиеді.

Көп күшік пен көп бала
Кенет бәрі қағынды,
Басқа бәле табылды.
Бар күшігі ауылдың
Бір күшікке жабылды.
Көзге көздер оқталды,
Қанталады, шоқтанды.
Табан асты талапай,
Апыр-топыр боп қалды.
Бірі алып тамақтан,
Бірі алып қабақтан,
Бірі шауып балақтан,
Тұла бойдан қан аққан.
Шәуілдеген көп күшік,
Жан-жағынан дөп қысып,
Жалғыз күшік жалбаңдап,
Анадайға кетті ұшып.
Бастағы бір жілікті
Бәрі-дағы ұмытты.
Бір-бірімен тістесіп,
Бастады үлкен бүлікті.
Құлағы жоқ бірінің,
Жарымы жоқ тілінің.
Бір-бірінің шығарған
Алба-жұлба, тілімін...
Осы шуды бетке ала,
«Тоқтама, – деп, – тоқтама!».
Әр тұсынан ауылдың
Кеп қосылды топ бала.
Келе олар қағынды,
Басқа бәле табылды.
Бар баласы ауылдың
Бір балаға жабылды.
Жалғыз не амал қылады?
Ұрмаңдар деп жылады.
Бір мезгілде әлсіреп,
Естен танып құлады.
Енді өзара шайқасты,
Күш сынасып байқасты.
Бір-бірімен балалар
Ата жаудай айқасты.
Текке қалды күшіктер,
Арашаға түсіп көр.
Әр беттерде таңбалар,
Әр денеде ісіктер.
Бас жарылған,
Көз шыққан,
Есеңгіреп ес шыққан.
Азан-қазан,
Айқай-шу,
Өктем-өктем сөз шыққан.
Бас көтерген бар ауыл
Естіген жан осы үнді,
Құты қашып шошынды.
Бұл айқасқа топ-топ боп,
Бар ауыл кеп қосылды.
Әркім танып баласын,
Көріп түскен жарасын,
Бір-біріне тап берді,
Жауып бәле-жаласын:
– Сенің балаң оңбаған,
Менің балам сорлаған.
Қайтарайын есесін,
Кәне, шыдап көр маған!
Деп көршіге жармасты,
Бет-ауызды қан басты.
Бірі қолын сындырып,
Бірі опырды жанбасты.
Бірі теуіп борбайға,
Бірі басты ойбайға.
Өліп бара жатса да,
Кім қарайды ондайда?
Біреулердің маңайын
Қоршап алды ағайын.
Жеке-жарым жандардың
Таяқтады талайын.
Туыстары табылып,
Кетті олар да жабылып.
Талай ауыз бұзылды,
Талай бастар жарылып.
Талай жаға жыртылды,
Талай жүрек бұлқынды.
Талай көз жас іркілді,
Талай өмір қырқылды.
Қас жауы кім? Бауыр кім?
Ажырату ауыр тым.
Шықты астан-кестеңі
Алақандай ауылдың.
Бір ауыл мен бар ауыл
Естіген жан осы үнді,
Құты қашып шошынды.
Бұл айқасқа топ-топ боп,
Басқа ауылдар қосылды.
Бөліп ру-руға,
Бірін-бірі ұруда.
Бір минутқа мұрша жоқ
Сабыр-сақтам қылуға.
Бірі сілтеп дойырын,
Бірі сілтеп сойылын,
Бірі жатыр ойбайлап:
«Ой, бауырым!
Ой, інім!»...
Бірі жоқтап баласын,
Бірі жоқтап анасын,
Енді біреу еңіреп,
Сүйеп отыр ағасын.
Сабап жатыр кімді-кім?
Кім жеңілді?
Тынды кім?
Біліп жатқан біреу жоқ,
Қарауытып тұрды күн.
Салып ойран, сұмдығын,
Ұшыменен сүңгінің
Жүр біреулер тілгілеп
Талай үйдің түндігін.
Талай ана аңырап,
Құлады сан шаңырақ.
Азан-қазан шу болды,
Мал мөңіреп, маңырап...
Талай білек түрілді,
Талай түлек қырылды.
Тыныштықты талқандап,
Бір ел солай бүлінді.

Бір ел менен бір ел
Естіген жан осы үнді,
Құты қашып шошынды.
Бұл айқасқа топ-топ боп
Басқа елдер де қосылды.
Жат ел кірді қоқысқа,
Шама қайда оны ұстар?
Ұшқына кеп бір бүлік,
Айналды үлкен соғысқа.
Сойыл, шоқпар шет қалып,
Қаптаған жау кеп қалып,
Енді іске кірісті,
Зеңбіректер оқталып.
Тінтіліп бар қуыстар,
Жарқылдады қылыштар.
Қызыл қанға боянды
Кір шалмаған күміс қар.
Бұзылды елдің ұйқысы,
Тыйылды ойын-күлкісі.
Құлынынан айрылып,
Шұрқырады жылқысы.
Егіндерді өрт шалды,
Көңілдерді дерт шалды.
Қарасын ба қатал жау,
Кескіледі қарт шалды.
Жау ұрандап қайдан да,
Қанатын кең жайғанда,
Еңбектеген жас, кәрі –
Бәрі аттанды майданға.
Бұл әуелден жай анық,
Шын алапат таянып,
Елін қорғау жолында
Қалмады ешкім аянып.
Қасарысты, қарысты,
Жан берісті, алысты.
Әр азамат тырысты
Жібермеуге намысты.
Жанып жатты ормандар,
Құлап жатты қорғандар.
Жүрді күн-түн от кешіп,
Қан майданда болғандар.
Жан азабын қозғап бар,
Шейіт болды боздақтар.
Күңіренді тау мен тас,
Ана біткен боздап бар.
Кетті елден береке,
Ұмыт қалды мереке.
Қолға түскен сарбаздар
Болды күлкі, келеке.
Тәлкек етіп тірлікті,
Пәршек етіп бірлікті,
Сойқандады сұм соғыс
Түгелдей бір құрлықты.

Бітім
Естіген жан осы үнді,
Құты қашып шошынды.
Патшалары бар елдің
Бір аралда қосылды.
Қосылды да кеңесті,
Кеңескенде не десті?
Бірі бастап сөз алды
Ең ақылды, ең есті:
– Уа, жарандар, жарандар,
Бәрің маған қараңдар.
Соғыс деген сұмдықтан
Азып кетті адамдар.
Босып кетті еліміз,
Тозып кетті жеріміз.
Көз жасымыз көл болып,
Қозып кетті шеріміз.
Мен үшін де, сен үшін,
Жалпы қауым ел үшін,
Тез арада өзара
Жасау керек келісім.
Келіспесек, ал енді,
Бүліндіріп әр елді,
Құрлық емес,
Бұл соғыс
Өртейді бар әлемді.
Есімізді жияйық,
Сұм соғысты тияйық.
Бастаған кім?
Тауып ал,
Көк желкесін қияйық.
Кеудесінде от барда,
Адам жаны көкпар ма?
Бір ауыздан патшалар
Тұрды осы тоқтамға.
Соғыс тынды, тоқталды.
Қару-жарақ тоттанды.
Халық тойлап бітімді,
Мәз-мереке боп қалды.
Тексеріліп іздері,
Тексеріліп жүздері,
Жалпы жұрт боп жабылып,
Қылмыстыны іздеді.
Тінтіп түгел құрлықты,
Іздеушілер дүрлікті.
Әуреленіп қаншама,
Таба алмады шындықты.
Әр ел түгел сүзілді,
Күдіктілер тізілді.
Қылмыстыны таба алмай,
Іздеушілер кіжінді.
Тексерілді ауылдар,
Тексерілді қауымдар.
Іздеушілер сонда да
Таба алмады жауын дәл.
Тексерілді туыстар,
Тексерілді қуыстар.
Бір ауылдан ақыры
Айтты біреу сыбыс дәл:
– Қарасаңдар байыпты,
Бір-ақ күшік айыпты.
Егер таба алсаңдар,
Жазаға сол лайықты.
Тауып сол бір күшікті,
Іздеушілер қысыпты.
Шыға келді ол ақталып,
Қара мынау қызықты:
– Айтқандарың жөн емес,
Шын қылмысты мен емес.
Біздердікі болмашы
Сүйек үшін ерегес.
Қарасаңдар байыпты,
Ертекші шал айыпты.
Егер таба алсаңдар,
Жазаға сол лайықты.
Іздеушілер шалды іздеп,
Бір лашыққа барды іздеп.
Қоршап алған көп бала,
Ойлап еді жалғыз деп.
– Елге лаң тастаған,
Ел тірлігін ластаған
Сен екенсің, ақсақал,
Сұм соғысты бастаған.
Кесіп айып, жазаңды,
Тарттырамыз сазаңды, –
Іздеушілер деді оған, –
Келтіреміз қазаңды!
Сөйлеп кетті шал тұрып,
Жұртты қайран қалдырып:
– Мен ертегі айтып ем,
Балаларды нандырып.
Сол ғой елге тараған,
Айтып жүрген әр адам.
Ертегімде көп сыр бар,
Берсеңіздер мән оған..
Бірлік керек әманда,
Тірлік керек адамға.
Жүру үшін жер басып,
Құрлық керек адамға.
Ертегі айттым сол үшін,
Көрмеңіздер оны шын.
Мына бейбіт заманда
Кімге керек соғысың?
Қарасаңдар байыпты,
Ертегі ғой айыпты.
Егер мақұл десеңдер,
Жазаға сол лайықты.
Іздеушілер ұтылды,
Шал жазадан құтылды.
Ерден атай осылай
Ертегісін бітірді.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы