09.04.2022
  322


Автор: Абдрахман Асылбек

Сиқырлы сыбызғы

Ертеде бір талапты –
Жетім бала болыпты.
Аралап бар алапты,
Ақыл-оймен шолыпты.
Алты-жеті жастан-ақ
Табиғатты сүйеді.
Әуенге ұйып бастан-ақ,
Зердесіне түйеді.
Ызыңдаған желден де,
Тербетілген көлден де,
Жамыраған төлден де
Күй ұғады ол демде.
Барлық үнді тыңдайды,
Тыңдаудан бір тынбайды.
Кесіп бірде қурайды,
Жасап алды сырнайды.
Түрлі әуенмен танысты,
Тыңдап әрбір дыбысты.
Кесіп бірде қамысты,
Жасап алды сыбызғы.
Күйші бала күнімен
Керемет күй шалқытты.
Сыбызғының үнімен
Табиғатты балқытты.
Сандуғаштар қосылып,
Аңдар күйге билейді.
Айдаһарлар тосылып,
Адамзатқа тимеді.
Жан-жануар жұбанып,
Сыбызғыға сүйсіне,
Әр қимылын құп алып,
Бағынады күйшіге.
Сыбызғыда, сырнайда
Күйші шебер ойнайды.
Ел аралап, бір байға
Жалдануды ойлайды.
Қағып зәулім қақпаны,
Үй иесін байқады.
Аздап табыс тапқалы
Жүргендігін айтады.
Айтты бай іс шамасын:
– Қойымыз бар бір отар.
Соны жайып-бағасың,
Болсаң егер ұнатар.
Бөгелмеді бала да:
– Қойды бағу қиын ба?
Айдап шығьіп далаға,
Жайып келем қиырға.
Бай алдамақ қалайда,
Деді:
– Рас, солай ғой.
Қой бағуды алайда,
Деме, қалқам, оңай ғой.
Жыл бойына қойымды –
Еш шығынсыз бағасың.
Сонда ақың да тойымды –
Екі есе ғып аласың.
Ал, егерде малымның
Шығын қылсаң біреуін,
Жалақыдан қағылдың,
Орындалмас тілеуің.
Байдың шартын құп алып,
Мақұл көріп бұл істі,
Күйші бала қуанып,
Жұмысына кірісті.
Ала таңнан тұрады,
Отарды айдап өріске.
Мөлдіреген бұлағы
Құлатады еңіске.
Жалшы риттеп, созып үн,
Оралады кешқұрым.
Қойы түгіл қозының
Жоғалтпайды ешбірін.
Бай қойларын әр күні
Қайта-қайта санайды.
Жалшыға сол арқылы
Күдіктене қарайды.
Жалшы атаулы бұрынғы
Малды жөндеп бақпайтын.
Шығарып көп шығынды,
Еш абырой таппайтын.
Қасқырға қой жегізіп,
Не жоғалтып алатын.
Жаман қойшы дегізіп,
Жалақысыз қалатын.
Мына жалшы бір бөлек,
Малы түгел, қоңды әрі.
Қойларында жүн де ерек,
Жылтырайды жондары.
Күн артынан күн жылжып,
Ай артынан ай келді.
Жақындады жыл жылжып,
Мазаланды бай да енді.
Шынымен-ақ жалшыға
Қос жалақы бермек пе?
Бір бәлесі бар шығар,
Бел байлады көрмекке.
Бай тым ерте тұрып ап,
Айналдырып тон киді.
Қой ішіне кіріп ап,
Құдды қой боп дөңкиді.
Жалшы әдеппен жайдары
Отарды айдай жөнеді.
Төрт аяқтап бай-дағы
Әрең еріп келеді.
Қоймен бірге ол-дағы
Қояды ептеп маңырап.
Сәл шыдаса болғаны,
Жалшыны шын танымақ.
Жалшы ұқпас деп ісімді,
Ойлады бай әуейі.
Бала бірақ түсінді,
Сыр бермеді әдейі.
Үйіріп от қамшысын,
Байды соқты шамалы.
Жазалауға жалшысын,
Байдың жоқ еш амалы.
Бір тоғайдың маңында
Бала отарын тоқтатты.
Өзі аздап дамылдап,
Малын жайып оттатты.
Бірлі-жарым қойлары
Шашау шыға бастаса,
Сыбызғысын ойнады,
Күй тегілтіп басқаша.
Қойлар кері бұрылып,
Қосылады тобына.
Бай қабынып-сүрініп,
Ілеседі соңына.
Қоймен бірге жайылып,
Шөпті жеген болады.
Малшы малын қайырып,
Байды көзбен шолады.
Бейшара әбден шаршаған,
Төрт аяқтап ілбиді.
Не болмақшы
Барша жан
Білсе егер бұл күйді?
Сондықтан да амалсыз
Бай азапқа көнеді.
Жалшы болса алаңсыз
Даусын бір сәт кенеді:
«Тойдыңдар ма, қойларым?
Бері таман келіңдер.
Мың бұралып бойларың,
Билеп-билеп беріңдер».
Шығып ап бір биікке,
Жалшы күйін ойнады.
Ұқсап ерке киікке,
Билеп кетті қойлары.
Буындары былқылдап,
Қимыл жасап не түрлі,
Тұяқтары сыртылдап,
Тау текедей секірді.
Бай да тұрмай тосылып,
Төрт аяқтап көсіліп,
Қойларымен қосылып,
Билеп кетті есіріп.
Бір отырып,
Бір тұрып,
Бірде аяғын созады.
Бір ышқынып,
Бұлқынып,
Делебесі қозады.
Тарта берді күйшіміз
Сыбызғысын тоқтамай.
Күбірлейді «бишіміз»:
– Өлер болдым,
Ох, малай!
Естімеген боп әрі
Жалшы жылдамдатады.
Қалжыраған,
Жоқ әлі,
Байға қатты батады.
Жалынды бай:
– Сұраймын,
Тоқтат, малай, күйіңді.
Енді тартсаң,
Құлаймын,
Ақуалым қиын-ды.
Сұрап жатыр бала да:
– Бұл қай жүріс, қожайын?
– Шығып едім далаға,
Білмек болып қой жайын.
– Үстіңдегі, ал, анау
Теріс киген тоның не?
– Түсінсеңші, балам-ау,
Артығы бар оның не?
Көнбей мана ыңғайға,
Күн суықтау болды ғой.
Тон кигенің мұндайда,
Әрине, тым оңды ғой.
Енді үйіме қайтайын,
Кемпір күтіп қалмасын.
Қора жақты байқайын,
Сақтағайсың мал, басын.
Бай келе сап үйіне,
Берді бәрін баяндап.
Айтты тағы күйіне:
– Жүр екенбіз аяңдап.
Беріп екі ақысын,
Құтылайық малайдан.
– Тұрсың не деп шатысып?!–
Деді кемпір қарайған.
Бұрын жетіп батылы,
Ешкім ақы ап көрмеген.
Бұған-дағы ақыны
Дұрыс болар бермеген.
Малай кешке келгесін,
Мен де айтып шартымды,
Деймін: «Мені тербесін,
Күйіңді төк тартымды.
Билеп кетсем мен егер,
Бар ақыңды аласың.
Билемесем,
Сене бер,
Құралақан қаласың».
Шалы айтты:
– Желікпе,
Сыбызғысы сиқырлы.
Қаратпайды ерікке,
Ойнағанда күй түрлі.
Ел-жұрт, ауыл-аймаққа
Болармыз шын масқара.
Сыбызғысын ойнатпа,
Бір бәлені бастама.
Кемпір шалға көнбеді:
Алмас малай ақысын.
Билете алмас ол мені,
Табам сөйтіп қапысын.
Олай болса,– деді шал,
Кемпір сөзін құп алып, –
– Дәу сандыққа мені сал,
Үй үстіне шығарып.
Аузын жауып,
Сандықты
Байлап таста діңгекке.
Малай мені мәңгіртті,
Енді қайтып үндетпе.
Кемпір шалын құлыптап,
Көзбен шолып маңайды,
Отырды шай ұрттап,
Тосып жалшы-малайды.
Қас қарая малай да
Қойын айдап келеді.
Малын қамап сарайға,
Жатқаны да сол еді.
Кемпір барып сұрады:
– Сиқырлы ма сыбызғың?
– Бар жұрт билеп тұрады,
Ойнап берсе сыбызғым.
– Жұмбақ сенер-сенбесім,
Айтайын бір шартымды:
Мені-дағы тербесін,
Күйіңді төк тартымды.
Билеп кетсем мен егер,
Бар ақыңды аласың.
Билемесем,
Сене бер,
Құралақан қаласың.
Күйші басып бармағын,
Сыбызғысын алады.
Тоқсан күйдің тармағын
Мың құбылтып салады.
Жатқан кемпір нан илеп,
Шыдамады ақыры.
Билеп кетті зар илеп,
Адасқандай ақылы.
Бір отырып,
Бір тұрып,
Бірде аяғын созады.
Бір ышқынып,
Бұлқынып,
Делебесі қозады.
Алақанда қамыры,
Шапаттайды қос қолдап.
Тарту етіп тәңірі,
Осы ма еді тосқан бақ?
Тарта берді күйшіміз,
Сыбызғысын тоқтамай.
Жалынады «бишіміз»:
– Өлер болдым,
Ох, малай!
Саудырады аяғым,
Тартпа енді күйіңді.
Мені де бір аяғын,
Ал қалаған сыйыңды.
Күйші оған көнбеді,
Шықты жайлап қораға.
Шалы қайда?
Енді оны
Билетпесе бола ма?
Атқан шақта шалқып таң,
Күй төгілді балбырап.
Шатырдағы сандықтан
Бір үн шықты даңғырап.
Бұзып шығып сандықты,
Бай шатырдан ырғыды.
Аяқтарға әл бітті,
Су жорғадай сырғыды.
Кемпірімен екеуі
Қосылғанда бастары,
Жалп-жұлп етіп етегі,
Жалбырады шаштары.
Бірін-бірі жұлқылап,
Бірін-бірі демейді.
Шаң дегенің бұрқырап,
Қауып жатыр көмейді.
Бір кездері
Биге кеп
Қойлары да қосылды.
Сиыр, жылқы кимелеп,
Олар-дағы жосылды.
Иті менен тауығы –
Олар да еріп барады.
Келіп бүткіл ауылы,
Бұл қызыққа қарады.
Жалынды бай,
Кемпір де:
– Не десең де қақың бар.
Енді бізді өлтірме,
Қалауыңша ақыңды ал...
Кемпір мен шал бір апта
Шыға алмады үйінен.
Қалды үлкен ұятқа
Өздерінің «биімен».
Бала содан, не керек,
Ақысын ап кетіпті.
Күйлерімен керемет
Мұратына жетіпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу