09.04.2022
  217


Автор: Абдрахман Асылбек

Өзі киіне алмайтын бала немесе жалаңаш генерал

Көктем сайын нұр болып,
Айналыпты жаңбырға.
Содан кейін гүл болып,
Жайқалыпты әр қырда.
Бала бопты ертеде,
Киінуді білмеген.
Мініп алып желкеге,
Бойын жазып жүрмеген.
Төсегінде еркелеп
Жатқан кезде баласы,
Елден бұрын ертерек
Киіндірген анасы.
Келгенде асқа асыға,
Болып түстің шамасы,
Шақырып ап қасына,
Киіндірген ағасы.
Тысқа шығу қажет боп,
Тұра ұмтылса баласы,
Тағы да оған әлек боп,
Киіндірген анасы.
Талпыну жоқ өзінде,
Болса да шын қатасы.
Кешке жатар кезінде
Шешіндірген атасы.
Киіну мен шешіну –
Есебінен, басқаның.
Болыпты тек көсілу –
Сыбағасы «қасқаның».
Сөйтіп жүріп сол жалқау
Аттаныпты солдатқа.
Сүтпен сіңген сол марғау
Әдет сірә қалмақ па?
Киіндіріп жүріпті,
Бір он басы болысып.
Артыпты оған үмітті,
Түзелер деп толысып.
Шені өсіп,
Сол бала
Бопты өзі де он басы.
Киінуге сонда да
Ұмтылмапты болмашы.
Жүз басы кеп,
Енді оны
Киіндіріп жүріпті.
Жетілер деп ер болып,
Артыпты оған үмітті.
Шені өсіп,
Сол бала
Бопты өзі де жүз басы.
Киінуге сонда да
Болмапты еш ынтасы.
Мың басы кеп,
Енді оны
Киіндіріп жүріпті.
Жетілер деп ер болып,
Артыпты оған үмітті.
Шені өсіп,
Сол бала
Бопты өзі де мың басы.
Киінуге сонда да
Болмапты еш ынтасы.
Генерал кеп,
Енді оны
Киіндіріп жүріпті.
Жетілер деп ер болып,
Артыпты оған үмітті.
Шені өсіп,
Сол бала
Бопты өзі де генерал.
Киінбепті сонда да,
Ондай адам не оңар?
Патша оған қарап па,
Кигізуге келмепті.
«Шығыңдар, – деп парадқа!»
Бұйрық беріп, ерлепті.
Патша бұйрық берген соң,
Тыңдамасқа не амал?
Қатулығын көрген соң,
Зыр қағыпты генерал.
Жоқ шалбары,
Көйлегі,
Бастапты ол парадты.
Көргенде осы бейнені,
Жұрт дүрліге қарапты.
Қыран-топан жан-жақта,
Парад қайда мұндайда?
Күлкі буған солдаттар
Генералды тыңдай ма?
Патша-дағы қалқынша
Бір мәз болып қалыпты.
Генералдың артынша
Басын шауып алыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу