09.04.2022
  197


Автор: Абдрахман Асылбек

Күштілердің күштісі

Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Қырғауыл жүні қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен,
Мұзға барып қонған екен,
Жығылып мерт болған екен...
Ұшатұғын шамасы жоқ,
Құшатұғын анасы жоқ.
Бар азапқа шыдап көрді,
Мұзға былай сұрақ берді:
– Мұз-ау, Мұз-ау,
Бүлдірдің ғой,
Жамбасымды сындырдың ғой.
Шынымен-ақ күштімісің?
Саған бүгін түсті ісім.
Бұл сөзді естіп шаттанды Мұз:
– Күштімін! – деп мақтанды Мұз.
Өткізіп құс кезекті ойды,
Мұзды тездеп тежеп қойды:
– Күштімін деп кебе берме,
Күшті болсаң сен егер де,
Күн қызуы өтпес еді,
Сені ерітіп кетпес еді,
Осалдықты бойындағы
Мұз амалсыз мойындады:
– Күштірек ол расында,
Күнге ерімей тұрасың ба?
Қырғауыл тек жата бермей,
Уайымға бата бермей,
Енді Күнді сынап көрді,
Оған былай сұрақ берді:
Күн-ау, Күн-ау,
Күшің қандай?
Атқаратын ісің қандай?
Бұл сөзді естіп шаттанды Күн,
– Күштімін! – деп мақтанды Күн:
Бар әлемге жарық берем,
Жылуымды жарып берем.
Мен бар жерде қараңғылық
Қашар өзін қараң қылып.
Өткізіп құс өзекті ойды,
Күнді тездеп тежеп қойды:
– Күштімін деп кебе берме,
Күшті болсаң сен егер де,
Бетіңді бұлт жабар ма еді?
Күңгірт тартып қалар ма едің?
Осалдықты бойындағы
Күн амалсыз мойындады:
– Күштірек ол расында,
Бұлт бүркенбей тұрасың ба?
Қырғауыл тек жата бермей,
Уайымға бата бермей,
Енді Бұлтты сынап көрді,
Оған былай сұрақ берді:
– Бұлт-ау, Бұлт-ау,
Күшің қандай,
Атқаратын ісің қандай?
Бұл сөзді естіп шаттанды Бұлт,
– Күштімін! – деп мақтанды
Көк төрінен көрінемін,
Жаңбыр болып төгілемін.
Жұмыр жердің бар алабы
Менен қорек-нәр алады.
Өткізіп құс өзекті ойды,
Бұлтты тездеп тежеп қойды:
– Күштімін деп кебе берме,
Күшті болсаң сен егер де,
Желге тіпті бағынбас ең,
Көкті кезіп сабылмас ең.
Осалдықты бойындағы
Бұлт амалсыз мойындады:
Күштірек ол расында,
Желден ықпай тұрасың ба?
Қырғауыл тек жата бермей,
Уайымға бата бермей,
Енді Желді сынап көрді,
Оған былай сұрақ берді:
– Жел-ау, Жел-ау,
Күшің қандай?
Атқаратын ісің қандай?
Бұл сөзді естіп шаттанды Жел, –
– Күштімін! – деп мақтанды Жел:
Теңіздерді тулатамын,
Ормандарды шулатамын.
Ысқырынам, дауылдатам,
Борандатам, жауындатам.
Өткізіп құс өзекті ойды,
Желді тездеп тежеп қойды:
– Күштімін деп кебе берме,
Күшті болсаң сен егер де,
Тау жолыңды бөгер ме еді?
Таудан аспай өлер ме едің?
Осалдықты бойындағы
Жел амалсыз мойындады:
Күштірек ол расында,
Таудан ықпай тұрасың ба?
Қырғауыл тек жата бермей,
Уайымға бата бермей,
Енді Тауды сынап көрді,
Оған былай сұрақ берді:
– Тауым, Тауым,
Күшің қандай?
Атқаратын ісің қандай?
Бұл сөзді естіп шаттанды Тау:
– Күштімін! – деп мақтанды Тау.
Алып болып жаратылғам,
Табиғатта дара тұлғам.
Барлығынан биік тұрам,
Көк төсіне тиіп тұрам.
Өткізіп құс өзекті ойды,
Тауды тездеп тежеп қойды:
– Күштімін деп кебе берме,
Күшті болсаң сен егер де,
Қыран шыңға жетер ме еді?
Шыңнан да асып кетер ме еді?
Осалдықты бойындағы
Тау амалсыз мойындады:
– Күштірек ол расында,
Қыранды ұстап тұрасың ба?
Қырғауыл тек жата бермей,
Уайымға бата бермей,
Қыранды енді сынап көрді,
Оған былай сұрақ берді:
Қыран, Қыран, Күшің қандай?
Атқаратын ісің қандай?
Бұл сөзді естіп шаттанды ол,
Күштімін! – деп мақтанды ол.
Ұшқыр болып жаратылғам,
Жел еседі қанатымнан.
Бұлттан асып, шыңды құшам,
Шыңнан асып, Күнді құшам!
Өткізіп құс өзекті ойды,
Қыранды тез тежеп қойды:
Күштімін деп кебе берме,
Күшті болсаң сен егер де,
Адамзатқа табынар ма ең,
Қызмет қып жағынар ма ең?
Осалдықты бойындағы
Қыран сонда мойындады:
Адам күшті расында,
Оған көнбей тұрасың ба?
Қырғауыл тек жата бермей,
Уайымға бата бермей,
Адамды енді сынап көрді,
Оған былай сұрақ берді:
– Адам, Адам,
Күштімісің?
Саған шындап түсті ісім.
– Күшті болсаң, көмек берші,
Қайта ұшайын, демеп көрші.
Деді сонда ақылды Адам:
– Қойғаннан соң атымды Адам,
Еш қақым жоқ қор болуға,
Тиістімін зор болуға.
Ертелі-кеш еңбектенем,
Неше түрлі өрнекпенен
Салып сансыз қалаларды,
Жаңғырттым тың далаларды.
Тесіп өтіп тауларыңды.
Гүл жайнатам бауларымды.
Тіліп өтіп мәңгі мұзды,
Құштым асқақ қарлы құзды.
Еш биікпен ымырам жоқ,
Ұштым көкке зымыран боп.
Өзіме-өзім дем беремін,
Бар ғылымды меңгеремін.
Туған жерге өң беремін,
Енді саған ем беремін...
Сақтау үшін бұл құсты аман,
Ем-домына кірісті Адам.
Қырғауылды аялады,
Қолда барын аямады.
Жаралы құс айықты тез,
Айтты сонда байыпты сөз:
– Тиді шындап қолғабысың,
Рақмет, қорғанышым.
Ауруымнан айықтырдың,
Келмейді тек тайып тұрғым.
Ақылды Адам, құлағың сал,
Саған тағы сұрағым бар:
Орын сайлап көк төрінен,
Зымыран боп кеткеніңмен,
Жерге қайтып қонбайсың ба?
Жердің ұлы болмайсың ба?
Осалдықты бойындағы:
Адам сонда мойындады:
– Шын күшті сол расында,
Жерсіз бір сәт тұрасың ба?
Қырғауыл құс қонып қырға,
Екі көзі толып нұрға,
Енді Жерді сынап көрді,
Оған-дағы сұрақ берді:
– Ей, алып Жер,
Күштімісің?
Баурыңды құшты құсың.
Бұл сөзді естіп тіл қатты Жер,
Тұрды әлем тыңдап түгел:
– Күштімін деп айта алам ба?
Қайғым аз ба байқағанға.
Қиындықты көп көргенмін,
Сан соғысты өткергенмін.
Содан әлі айықпағам,
Күштімін деу айып маған.
Үстімдегі сана, тыныс,
Жанды, жансыз жаратылыс,
Тіпті, адам баласының –
Барлығының анасымын.
Соның үшін көбіне мен
Еміренем, тебіренем.
Перзенттерім өріп өлең,
Мәңгі бірге меніменен.
Мықтап қаққан түп қазығын
Тіршіліктің тұтқасымын.
Менің күшім тыныштықта,
Еркін еңбек, ырыс-құтта...
Қырғауыл құс мойын бұрды,
Енді Адамның ойын білді.
Адам сонда ұқты бәрін,
Аузынан сөз шықты жалын:
– Жаса, жаса, Жер-анамыз,
Жер анамыз, өр анамыз!
Біздер сенен жараламыз,
Жараламыз – нәр аламыз,
Жер-анамыз, Өр анамыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу