09.04.2022
  219


Автор: Абдрахман Асылбек

Көжек пен тиінтай

Кіп-кішкентай кезі еді,
Қоянның сұр Көжегі
Бәрін көріп-білмек боп,
Ну орманды кезеді.
Көрді танып талдарды,
Көрді алып аңдарды.
Құйқылжыта күй төккен
Құстарға да таңданды.
Табиғат тым тамаша,
Көз тоймайды қараса.
Бір аппақ аң отырды
Түбіртекте аласа.
Аумайды екен өзінен,
Көзі ұқсас көзімен.
– Сәлем, аппақ Көжек! – деп,
Жақын тартты сөзімен.
– Жоқ, жоқ!
Көжек емеспін,
Кемсітпейді мені ешкім.
Ен тоғайдың ішінде
Еркін жүріп, ер өстім.
Тиінтаймын кішкентай,
Менде әсем түс қандай!
Сен секілді Көжекке
Қатысым жоқ ешқандай.
Көжек оған сенбеді:
– Көжексің ғой сен, – деді.
Тиінтай да тырысып,
Тіпті ырық бермеді:
– Тиінтаймын, өжетпін,
Сөзге бергін кезек бір.
Жырық ерін, жалбыр жүн,
Құлағы ұзын Көжектің.
Менің жүнім үлпілдек,
Секіремін бүлкілдеп.
Тал басынан көргенде,
Таңданарсың бұл кім деп.
Көжек оған сенбеді:
– Көжексің ғой сен, – деді.
Тиінтай да тырысып,
Тіпті ырық бермеді:
–Көр табиғат бұйрығын,
Қысқа сенің құйрығың.
Керісінше, Менде ұзын,
Осындай шын күйді ұғын.
Артқы екі аяқпен
Отырғанда жай-ақ сен,
Көрінбейді құйрығың,
Өкінішті, әй, әттең!
Артқы екі аяқпен
Отырғанда жай-ақ мен,
Бастан асар құйрығым,
Күлем, сені аяп мен.
Көжек оған сенбеді:
– Көжексің ғой сен, – деді.
Тиінтай да тырысып,
Тіпті ырық бермеді:
– Сенің жерде інің бар,
Інсіз қандай күнің бар?
Аузын шөппен жасырып,
Білдірмейсің жымын дәл.
Менің ұям өрде тұр,
Қол жетпейтін жерде тұр.
Талдың ұшар басында,
Тамашалап көр де тұр.
Көжек оған ісөнбеді:
– Көжексің ғой сен, – деді.
Тиінтай да тырысып,
Тіпті ырық бермеді:
– Балқор Аю тәрізді
Сен сүйесің сәбізді.
Мен сүйемін жаңғақты,
Құмар асым нағыз бір.
Көжек оған көнбеді:
– Көжексің ғой сен, – деді.
Тиінтай да тырысып,
Тіпті ырық бермеді:
– Жерде ғана жортасың,
Көрінгеннен қорқасың.
Сондықтан да сен менің
Бола алмайсың жолдасым...
Осыдан соң Тиінтай,
Жоқ деп басқа бұйымтай,
Тал басында ойнады,
Дөңгеленіп құйындай.
Нағыз гимнаст секілді
Өрнек жасап не түрлі,
Бұтақтардан бұтаққа
Серпіле кеп секірді.
Қимылына қызығып,
Көжек тұрды сүзіліп.
Қорықты кейде,
Жас шыбық
Кете ме деп үзіліп.
Тиінтай көп ойнады,
Ойынға бір тоймады.
Көжек: «Неге Тиінтай
Болмадым»,– деп ойлады.
Көжек кері оралды,
Жақсы әсер мол алды.
Айтты өзге Көжекке
Көргендерін ол әлгі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу