Эсселер ✍️

  09.04.2022
  93


Абай ілімі

Мақұм Нұрдаулет
Ақмола облысы
Ақкөл ауданы
7«а» сыныбы


Абай шығармашылығына арқау болған құндылықтар қай қоғамда үстемдік етіп, салтанат құрса, сол елдер барлық көрсеткіштер бойынша жақсы өмір сүруде. Абай ілімі құндылықтары аяқ асты болып, екіжүзділік, аярлық салтанат құрған қоғамдар шырғалаңға қадам басып, іріп-шіру сатысында тұр.
Ақынның жиырма бірінші қара сөзінде айтылатын – мақтан деген қасиет бар. Қазақ халқының бойындағы мақтан сезімі туралы Абайдың айтқандары бүгінгі күні жаңа сатыға көтеріліп, мемлекетіміздің стратегиялық бет-пердесіне айналды. Жауырды жаба тоқу, кілең жылт еткен жақсыны ғана термелеу, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегендей түймедейді түйедей етіп жарияға жар салу, қоғам үшін істелуі керек қажетті дүниелерді қоғам игілігі, азаматтардың бақытты өмір сүруі үшін емес, ұпай жинау, мансап, көрініп қалу, жағыну, елді алдау үшін істейтін даңғаза деңгейіне жеткізу белең алып кеткені жасырын емес. Елбасының көтеріп отырған дамыған 30 елдің қатарына ену, бәсекеге қабілетті мемлекеттермен теңесу сынды бастамалары нақты іс пен көрсеткіш, нәтиже емес құр сөзбұйдаға салыну, көзбояушылық болып бара жатыр. Лепірме сөз, лепірме ұрандар, ішкі мазмұн мен сапаға үңілмей дақпыртқа үйірсектеу, жалғандыққа алып келіп, мақтанудың ұлттық дертке айналғандығы көрініп тұр. Әрине, Тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктері аз емес, оны ешкім жоққа шығармайды, жоққа шығаруға тырысу ол нағыз қиянатшылық, дегенмен әсіре мақтанға жол бермеуге тырысу қажет. Қазақстан мемлекетінің экономикалық көрсеткіштері, оның ішінде ішкі жалпы өнім пайызы еселеп арттып, отандық өнімдер молынан өндіріліп, елімізде ғана емес экспортқа шығарылғанда, ел ішінде кең қанат жайған өзін өзі өлтіру, қылмыс, түсік жасау, тастанды бала, қарттар үйі, жұмыссыздық, баспанасыздық мәселелері шешіліп, сыбайлас жемқорлық, сөз бостандығы көрсеткішінен әлемдегі 166-орыннан алғашқы отыздыққа кіргенде елдің өркендеуі туралы сөз етуге болады. Мақтаннан мақтанқұмарлық, мақтансүйгіштік пайда болып, ол асқынған кезде мақтаншақтық қасиетке ұласады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу