09.04.2022
  220


Автор: Абдрахман Асылбек

Жыл туралы аңыз

Ерте, ерте заманда
Көрінбепті Жыл деген.
Жан-жануар тағы аң да
Уақытты білмеген.
Қой дейтұғын қожа жоқ, –
Қақпайлайтын бетінен.
Әй дейтұғын әже жоқ, –
Ерке өсіпті шетінен.
Жатам десе жатыпты,
Тұрам десе тұрыпты.
Өздерінше бақытты
Еркін өмір сүріпті.
Естіп осы хабарды,
Жыл бір ойда қалыпты.
Жан-жануар тағы аңды
Түгел жиып алыпты.
Жыл ақылмен шолыпты
Бір жүйені жөн көріп.
Мезгіл бермек болыпты
Әрбіріне тең бөліп.
Хайуандардың
Жыл бірден
Мінез-құлқын аңдапты.
Әр тұқымнан бір-бірден
Он екісін таңдапты.
Момын ата ұлы деп
Қоян, тауық, қойды апты.
Жылқы, сиыр ірі деп,
Оларды да ойлапты.
Барыс, маймыл, доңызды
Батыры деп орманның,
Жылан менен қоңызды
Бірі депті сорлы аңның.
Естісі деп тағы аңның
Итті бірден таныпты.
Сақшысы деп адамның
Оны-дағы алыпты.
Керемет деп тұлғасы
Қызығыпты түйеге.
Ол тұрғанда жыл басы
Басқаларға тие ме?
«Бұдан былай барлығың
Жүресіңдер есеппен.
Босқа өткізген әр күнін
Үлгі алмаңдар есектен.
Үш жүз алпыс бес күнде
Тұрамын бір тексеріп.
Сақта осыны есіңде,
Жыл екенін ескеріп.
Алдыма артып өңгеріп,
Таң сәріде келемін.
Он екіңе тең бөліп,
Он екі жыл беремін.
Көрсе мені кім алғаш,
Сол болады жыл басы.
Озып шықса кім алмас,
Талас емес тұлғасы».
Осыны айтып бір кезде
Жыл қыр асып кетіпті.
Айуандар бұл кеште
Жылды әңгіме етіпті.
Жыл басы деп аталған
Болады ғой әйгілі.
Озып шықса қатардан,
Алады сол бәйгіні.
Ең биігі түйе ғой,
Басқаларың үз үміт.
Бәйгіге сол ие ғой –
Дейді бәрі қызығып.
Осыны айтып жатқанда
Құланиек таң атты.
Ауыл-аймақ, шатқалға
Алтын нұрын таратты.
Түрегелді он екі аң
Таң нұрымен таласып.
Жүре берді он екі аң
Қыр астына қарасып.
Басып озып талайды,
Барады ұшып сиыр да.
Қоян, қой да қарайды
Көзін тігіп қиырға.
Ит пен доңыз, жылқы да
Қалар емес өзгеден.
Асығады ұмтыла
Мақсатына көздеген.
Жылан, қоңыз бұл-дағы
Бас бәйгіден дәмелі.
Жетпек болып зырлады
Жерлеріне мәрелі.
Өзінше паң, деп ойлап:
«Дәл менен кім озады».
Түйе дағы абайлап,
Ұзын мойнын созады.
Жылды бүрын көрем деп,
Ешнәрсе алмай ойына,
Жүргенде ол сереңдеп,
Сеніп биік бойына:
«Жыл келеді, Жыл әні», –
Деп бір дауыс зар қақты.
Кім көріпті мынаны,
Қараса да жан-жақты.
Ешкім елемегенге
Тышқан налып сол кеште,
Тұрып алаң-елеңде,
Шығып апты өркешке.
Тышқан жетіп ойына,
Бас бәйгіні алыпты.
Түйе сеніп бойына,
Жылға ілінбей қалыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу