09.04.2022
  497


Автор: Абдрахман Асылбек

Қарлығаш туралы аңыз

Әжем кейде отырып,
Көп әңгіме шертетін.
Жүрегіңе от үріп,
Тұла бойды ерітетін.
Содан бері жадымда
Жүрген еді сақталып.
Жаздың жарқын таңында
Айтайын бір ақтарып.
Емес тәңір бұйрығы,
Бұрын естіп көріп пе ең?
Қарлығаштың қүйрығы
Айыр болған неліктен?
Көптен бері аяңдап
Келе жатқан маңызды»
Берейін бір баяндап
Сол туралы аңызды.
Ерте, ерте заманда
Жылан бопты ханымыз.
Қатал екен бар аңға,
Қолында екен жанымыз.
Ханның әмір-жарлығы
Хабар берсе болғаны-ақ,
Жан-жануар барлығы
Бас иіпті жорғалап.
Танытпас па тәңірін
Қайырымсыздық, қаттылық
Екі еткізбей әмірін,
Орындапты тақ тұрып.
Жылан патша қолдағы
Пайдаланып билікті,
Шақырып ап Сонаны
Беріпті бір бұйрықты:
«Дүниені аралап,
Бар жандыны шағасың.
Барлық қанды бағалап,
Ең тәттісін табасың.
Түгел қарап шаққан соң,
Тоқтамайсың, қайтасың.
Тәтті қанды тапқан соң,
Маған келіп айтасың.
Сол жануар соратын
Азығыма айналар.
Мәңгі тұзақ болатын
Қазығыма байланар».
Патша жарлық берген соң,
Тыңдамасқа жан бар ма?
Бел асып бір белден соң,
Сона кетті аңдарға.
Жасай берді шабуыл,
Тығылып кеп тасадан.
Бастады ол шағуын
Ең кішкене масадан.
Шіркей менен шыбынды,
Шаянды да шағыпты.
Суға-дағы үңілді,
Іздеп бақа, балықты.
Аралап көл, қамысты,
Шағып қабан, барысты,
Ұшты сона, тағы ұшты,
Таулардан да әрі ұшты.
Шағылды қой, ешкі де,
Барлық жерді шарлады.
Көрінгенге көз тіге,
Бармаған жер қалмады.
Жүгірген аң, ұшқан құс –
Шақты шағын шілді де.
Тұла бойын қысқан күш,
Шақты алып пілді де.
Сона сөйтіп бәрінің
Қанын таңдап жыл өткен.
Тәттілігі қанының
Біреуінен бірі өткен.
Аралап көл, қамысты,
Бәрін шағып тауысты.
Ұшты сона, тағы ұшты,
Енді адамға ауысты.
Табиғатты түлетіп,
Жібермеген намысты.
Сона сонда дың етіп,
Білекке кеп жабысты.
Еңбекпенен тазарған
Адал қанға сұм шыбын,
Бал тапқандай базардан,
Тықты арам тұмсығын.
Өші бардай шақты кеп,
Жабысып ап жан салып.
Қаны қандай тәтті деп,
Ұша берді тамсанып.
Аралап көл, қамысты,
Жүйрік желмен жарысты.
Ұшты сона, тағы ұшты,
Қанаты әбден қарысты.
Бір ағаштың түбіне
Сүріне кеп құлады.
Біраздан соң тіріле
Есін жиып тұрады.
Шыққан үнді ақырын
Естіп қалып құлағы,
Қайдан жүрсің, батырым?
Деп қарлығаш сұрады.
Дөңгеленіп аспаным,
Келем қиыр жерлерден.
Әмірімен патшаның
Астым талай белдерден.
Өкінбеймін, ырзамын,
Талықса да жүрегім.
Патша сынды мырзаның
Орындаймын тілегін.
Аралап бар әлемді,
Тәтті қанды тап деген.
Салтанатпен, ал енді,
Хан сыйлығын ап келем.
– Кімнің қаны?
– Адамның.
Одан өткен тәтті жоқ.
– Сене қояр саған кім
Зор адамды шақты деп.
Рас болса көрейін,
Шығаршы тек тіліңді.
Қан болса егер көмейің,
Ұғам сонда шыныңды.
Қарлығаштың сөзімен
Сона тілін көрсетті.
Бірақ, сол сәт көзінен
Бір тамшы жас мөлт етті.
Сона тілін Қарлығаш
Ырғай тартып жұлады.
Көзден ағып қанды жас,
Сона өксіп жылады.
Ұша алмай аспандап,
Іштен жанып, тынады.
Екі көзден жас парлап,
Хан алдына құлады.
Ашуланып қатты хан,
Таусылып бар шыдамы,
Таптың ба деп тәтті қан,
Қаһарлана сұрады.
Аспан құлап жатса да,
Түк естімей құлағы,
Тілсіз қарап патшаға,
Тек ыңылдап тұрады.
Жылан сонда жынданып,
Бар қауымын шақырды.
Ыңылдаған тілді анық
Ұқпадым деп ақырды.
Қарлығаш тез келе сап,
Хан алдына қонады.
Иіліп сәлем бере сап:
«Ұқтым, – депті, – Сонаны.
Шағып-шағып тапқаны
Сұрасаңыз қандай деп,
Мақтап отыр Бақаны
Оның қаны балдай деп».
Сона сонда жыланға
Қарлығашты нұсқайды.
Бір сырды ұғып жылан да,
Шап беріп тез ұстайды.
Қарлығаш тез сытылып,
Кетсе-дағы көкке ұшып,
Құйрық қапты тұтылып,
Жылан тісі дөп қысып
Қарлығаштың құйрығы
Содан айыр болыпты.
Жылан жауыз түйлігіп,
Тек Бақаны сорыпты.
Қарлығаштың баласын
Адам ылғи қорыпты.
Үйге салып ұясын,
Содан үйір болыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу