09.04.2022
  141


Автор: Абдрахман Асылбек

Малшы Мардан

Ертеде,
Тым әріде
Шал мен кемпір болыпты.
Азын-аулақ малымен
Өз күндерін көріпті.
Маржан қызы тоғайда
Жидек терсе жан бағып,
Мардан ұлы маңайда
Жүреді екен мал бағып.
Күндердің бір күнінде
Боран соғып ұлыпты.
Мардан тоңып, дірілдеп,
Қоймен бірге ығыпты.
Бала содан зар жылап,
Көздің жасын бұлапты.
Күші кетіп, қалжырап,
Бір жерге кеп құлапты.
Басылыпты боран да,
Бала аң-таң боп жатыпты.
Еш пенде жоқ о маңда,
Жанына сол батыпты.
Жата бермей не етем деп,
Есін жиып алыпты.
Белін буып бекемдеп,
Қойын қайта бағыпты.
Қарны ашса, қой сауып,
Сүтін ішіп жүріпті.
Кешке жатар жай тауып,
Жалғыз өмір сүріпті.
Ел-жұртынан бір хабар
Күте-күте шаршапты.
Жетер жолды кім табар?
Ата-анасын аңсапты.
Бірде көкте Тырналар
Ұшып бара жатыпты.
Жеткізер деп бір хабар,
Бала тез тіл қатыпты:
– Тырналар-ау, Тырналар,
Сөзге құлақ салыңдар.
Күтіп жүр-ау күнде олар,
Біздің елге барыңдар.
Ата-анама барғанда,
Сәлем айтты балаң де.
Күтіп жүр-ау Маржан да,
Мардан ағаң аман де.
– Адамдарға ұрынбай,
Жүрген жақсы тым аулақ
Деп, тырналар бұрылмай,
Кетіпті ұшып тыраулап.
Содан кейін бір топ қаз
Ұшып бара жатыпты.
Оларға да жолдап наз,
Бала бір тіл қатыпты:
Қаздарым-ау, Қаздарым,
Сөзге құлақ салыңдар.
Жанға жылы назды әнің,
Біздің елге барыңдар.
Ата-анама барғанда,
Сәлем айтты балаң де.
Күтіп жүр-ау Маржан да,
Мардан ағаң аман де.
– Адамдарға ұрынбай,
Көл кеземіз салқындап, –
Деп, Қаздар да бұрылмай,
Кетіпті ұшып қаңқылдап.
Одан кейін Қарғалар
Ұшып бара жатыпты.
Жеткізер деп дәл хабар,
Бала бір тіл қатыпты:
– Қарғалар-ау, Қарғалар,
Сөзге құлақ салыңдар.
Сағындым-ау, Бар ма амал?
Біздің елге барыңдар.
Ата-анама барғанда,
Сәлем айтты балаң де.
Күтіп жүр-ау Маржан да,
Мардан ағаң аман де.
Адамдарға ұрынбай,
Ұшқан жақсы қарқындап.
Қарғалар да бұрылмай,
Кетіпті ұшып қарқылдап.
Сауысқандар бір кез,
Ұшып бара жатыпты.
Қайталап сол бір сөзді,
Бала тез тіл қатыпты:
– Ей, Сауысқан, Сауысқан,
Сөзге құлақ салсаңшы.
Жерді шарлап тауыссаң,
Біздің елге барсаңшы.
Ата-анама барғанда,
Сәлем айтты балаң де.
Күтіп жүр-ау Маржан да,
Мардан ағаң аман де.
– Адамдарға ұрынбай,
Іздейміз тек өлексе, –
Сауысқан да бұрылмай,
Кетіпті ұшып бөлекше.
Қарлығаш ең соңында
Ұшып бара жатыпты.
Жолын тосып оның да,
Бала бір тіл қатыпты:
– Қарлығаш-ау, Қарлығаш,
Қолыма кеп қонсаңшы.
Күтіп жүр-ау қарындас,
Жанашырым болсаңшы.
Тұмарымды ап тезірек,
Бір қайырым етсеңші.
Күтіп отыр еңіреп,
Ата-анама жетсеңші.
Қарлығаш ап тұмарды,
Шырқай ұшып кетіпті.
Талай тау қап мұнарлы
Ел шетіне жетіпті.
Алдына кеп бір үйдің,
Қонақтапты Қарлығаш.
Адамдары бұл үйдің
Төгіпті көп зарлы жас.
Адасқан сол баланы
Өліпті деп ойлапты.
Жүректері жаралы,
Жылауларын қоймапты.
Қарлығаш көп бөгелмей,
Сайрапты үні құбылып.
Жақсы хабар дегендей,
Шығыпты қыз жүгіріп.
Құс жеткізген тұмарды
Ала салып оқыпты.
Талай-талай мұнарлы
Бел-белестен өтіпті.
Іздеп тауып ағасын,
Деп құшақтап:
– Тәтешім! Қуантыпты анасын,
Қуантыпты әкесін.
Ұлаасыр той жасап,
Шақырып бар алапты,
Жиылған жұрт сонда шат
Қуанышпен тарапты.
Қарлығыш та табанда
Сол үйге ұя салыпты.
Содан бастап адамға
Бауыр басып қалыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу