👈 қаріп өлшемі 👉

  09.04.2022
  43


Автор: Абдрахман Асылбек

Балықшы

Ерте, ерте, ертеде,
Оңтүстік бай өлкеде,
Ойдым-ойдым ойында,
Бал бұлақтың бойында
Бір шал өмір сүріпті,
Балық аулап жүріпті.
Кешке дейін сарылып,
Тәңіріне жалынып,
Отырғанда мұңданып,
Ұстайды екен бір балық.
Кемпірі мен екеуі
Соны талшық етеді.
Етпегенде не етеді?
Ойын-күлкі не теңі?
Жасқа толып етегі,
Тағы да шал кетеді.
Айлар, күндер өтеді,
Жылжып жылдар жетеді.
Ұзақ күнге тырбанып,
Ұстайтыны бір балық.
Отырды шал, отырды,
Ойға батып не түрлі.
Келесі күн кемпірді
Бал бұлаққа келтірді.
– Ей, кемпірім, кемпірім,
Сиынатын сен – пірім.
Бұлақ көзін ашайық,
Үлкен әуіз жасайық.
Уылдырық шашайық,
Сөйтіп, байып-тасайық, –
Деп, балықшы бір істі
Тындыруға кірісті.
Аршып қиыр тастарды,
Қиын бір іс басталды.
Сілтеп сүймен, қайланы.
Қызды еңбек майданы.
Бұлақ суы күрпілдеп,
Кеңи берді біртіндеп.
Бір заматтар болғанда,
Әуізге су толғанда,
Қайран қылып батырды,
Бұлақ кезі атылды.
Байтақ жатқан байырғы
Сайға көл боп жайылды.
Балықтары тулады,
Қаз бен қуы шулады.
Қан жүгіріп бетіне,
Шал қуанды лепіре:
– Ей, кемпірім, кемпірім,
Бар ма мықты кендірің?
Басқа ісіңді тастағын,
Ау тоқуды бастағын.
Осы көлге лайықты
Мен жасайын қайықты.
Көк толқынға ау жайып,
Көп балықты аулайық, –
Деді шалы жиынып,
Кемпіріне бұйырып.
Қажырлы қарт сол күннен
Арпалысып толқынмен,
Жүрегі оттай лаулады,
Мол балықты аулады.
Қара балық, ақ балық,
Үлкен балық, шақ балық.
Көл байлығын ақтарып,
Шал еңбегі ақталып,
Берекеге кенелді,
Басқалармен теңелді...
Күндердің бір күнінде,
Тұңғиықтың түбінде
Ауға бір зат ілінді,
Ауыр салмақ білінді.
Торға түскен төтен кеп,
Үлкен балық екен деп,
Шал білегін сыбанып,
Ауды сыртқа шығарып,
Қарады да таң қалды,
Ер-тоқымды аңғарды.
Мал дегеннен түгі жоқ,
Көлден бөтен күні жоқ.
Жарағанмен әжетке,
Тоқым шалға қажет пе?
Түк түсінбей түйіле,
Әкелді де үйіне,
Тастай салды бұрышқа,
Кетті қайта жұмысқа.
Ұзақ күнге тырысып,
Балық аулап, құнысып,
Жүріп жатты шал-дағы,
Атып талай таңдары...
Қонақ келді бір күні,
Жұпынылау тым түрі.
Балықшы шал үмітпен
Жөн сұрады жігіттен:
– Сөйлей отыр қарағым,
– Жолаушылап барамын.
Айтар болсам тек шынын,
Жоқ іздеген жоқшымын.
Жалғыз атты кедей ем, –
Бай аулына өгей ем.
Жайлауымыз күйлі жер –
Болатұғын Билікөл.
Бірде суат сағалап,
Жүргем көлді жағалап.
Кенет дауыл соқты да,
Ақ түтек боп кетті маң.
Көл толқыны көкке атты,
Алай-түлей боп жатты.
Қуат қашып тақымнан,
Ұшып кеттім атымнан.
Содан естен таныппын,
Біраз жатып қалыппын.
Көзімді ашсам – жел тынған,
Көл де айыққан толқыннан.
Әттеген-ай, әттеген,
Көрінбеді ат деген.
Шыққанымен қоқымы,
Аяулы еді тоқымы.
Зат жоғалып қымбатты,
Қабырғама шын батты:
Берем деп бір кісіге,
Тығып жүрген ішіне
Бар еді алтын жүзігім,
Көрмек едім қызығын.
Сүйіктіме тақпақ ем,
Соны мықтап сақтап ем.
Атпен бірге жоғалды,
Енді менде не қалды?
Талай жерді шарладым,
Таппасам да талмадым, –
Деп, жолаушы жүзіктің
Жайын айтты қызық тым.
Естіген соң мән-жайын,
Айтты шал да аужайын.
Алдына әкеп тоқымды,
Осы ма деп отырды.
Жігіт танып мәз болды,
Жүзі жайнап жаз болды.
Орнынан тез тұрып кеп,
Жібергенде тіліп кеп,
Алтын жүзік жарқ етті,
Жолаушы да саңқ етті: –
Айналайын жан ата,
Қалауыңды ал, ата!
– Қалайтыным сол, балам,
Тек бақытты бол, балам, –
Деп, шал берді ақ бата,
Ер жігітке шақ бата.
Ертеңіне сол жігіт
Кетерінде жол жүріп,
Жаңа көлді жатаған
«Балықшы» деп атаған...
Балықшының бұл кезде
Табиғаты мүлде өзге.
Жағалауы жайнаған,
Қызу еңбек қайнаған.
Мыңғыртып мал айдаған
Малшы ауылдар жайлаған.
Өтсе-дағы мың жылдар,
Жергілікті тұрғындар:
«Балықшы мен Билікөл*–
Бір-біріне сыйлы кел.
Жер астымен жалғасқан
Балықтарын алмасқан»,–
Деп, әңгіме шертеді,
Шындық, әлде ертегі.


 


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы