👈 қаріп өлшемі 👉

  09.04.2022
  125


Автор: Абдрахман Асылбек

Ана махаббаты

1
Бал бөбегін ән еткен,
Болды ана Дәметкен.
Жалғыз ұлы Сағаттың
Өмірін гүл, таң еткен.
Бары да сол, нары да,
Абыройы, ары да.
Кеткен жарын соғысқа
Күтіп жүрді сарыла.
Толыспаған жас тәні,
Сағат алты жаста әлі.
Ойлап керген емес ол
Бір ойыннан басқаны.
Қолда қағаз, қаламы,
Үйде жалғыз қалады.
Өз әлінше қиялдап,
Түрлі сурет салады.
Ақыл айтып дұрыстап,
Отырғызып бұрышқа,
Күнде ертемен анасы
Аттанады жұмысқа.
Күндегі сол әдетпен
Бүгін-дағы Дәметкен
Дайындалды кетуге
Тұрып таңғы әлеттен.
– Міне, ішер тамағың,
Міне, қағаз, қаламың.
Ойна, ұйықта, жылама,
Мен келгенше, қарағым.
Ашпа пештің қақпағын,
Сіріңкені шақпағын.
Отпен ойнау қауіпті,
Еске мықтап сақтағын,–
Деп, мұқият тапсырып,
Есіктерін қапсырып,
Жұмысына беттеді,
Жетекке алып жақсы үміт...

2
Тауысты бар тағатын,
Көңілі де ала тым.
Асықты үйге Дәметкен,
Көргенше тез Сағатын.
Үйге таяу келгенде,
Шошып кетті ол демде.
Топыр-топыр кісілер,
Әлде біреу өлген бе!
Үй өртенген, қарайған,
Дуал-ақ тұр сарайдан.
Жан үшырып, Сағатын
Қарастырды маңайдан.
Сағат қайда!
Сағатым!
Қуанышым, қанатым! –
Қарауытты көздері,
Орнағандай қара түн.
Сабыр, – деді бір адам, –
Дәрігерде, ұл аман.
Өткен іске өкінбе,
Дұрыс болар шыдаған.
Дәметкенде дәрмен жоқ,
Сенім де жоқ, пәрмен оқ.
Бір кірді есі, бір шығып,
Жұбатты жұрт жәрдем боп.

3
Қайран ана,
Ана да!
Саулық тілеп балаға,
Мең-зең күйде теңселіп,
Келді ауруханаға.
– Сізге айтар шынымыз:
Айығады ұлыңыз.
Бірақ... Көзі көрмейді,
Жаза алмаймыз мұны біз.
Өзі аман баланың,
Жалын шалған жанарын...
Кетті жаны түршігіп,
Осыны естіп ананың.
Көңілімнің пырағы,
Өмірімнің шырағы.
Көзсіз тірлік бола ма?
Шының ба осы, шырағым?
Ада қылып ақылды,
Ана содан аһ ұрды.
Аздан кейін ес жиып,
Ақтық күшін шақырды.
Шешкелі бір түйінді,
Жүрек тулап жиі ұрды.
Айтып батыл үкімін,
Дәрігерге бұйырды:
– Бір көзімді ал, – деді,
Ұлыма оны сал, – деді.
Ол жалғанда, бұл жалған
Көзсіз бала бар ма еді?
Балам әлі көкөрім,
Үмітсізге жоқ орын.
Бұл өмірден алатын
Сыбағасы көп оның.

4
Тезге салып жас жанды,
Операция басталды.
Бұлдыр тартып бар әлем,
Ақ бұлт жапты аспанды.
Ойы ауытқып он саққа,
Ана жатты сол шақта:
«Тек Сағатым жетсе екен
Көрер қызық мол шаққа».
Күн артынан күн өтті,
Түн артынан түн өтті.
Шықты ана далаға,
Түріп тастап түнекті.
Дүние сол қалпында,
Әуен де сол, Ал, тыңда.
Ақ қайыңды аймалап,
Ұлы тұрды алдында.
Анада жан қалды ма!
Құшақтады барды да:
– Үмітімсің, ұлымсың,
Күнің қайта жанды ма?
Көзбен көріп ақ таңды,
Сағаты да шаттанды.
Аялаған анасы
Барлығына мақтанды.
Ол да құшты анасын,
Қамқоршысың – панасың.
Мұндай асыл адамды
Қайдан ғана табасың!
Кенет жүзі өзгерді,
Әлденені сезді енді.
Айырылған жұбынан
Түсті көзі көзге енді.
Анасының оң көзі,
Ал, өзінің сол көзі
Салыныпты шыныдан,
Қалай болған сонда өзі?
Бақыты үшін баланың
Жарып берген жанарын
Махаббатын ананың
Білді ме екен қарағым?
Ана деген алып қой,
Теңдесі жоқ халық қой.
Дәметкендей ананың
Махаббатын танып қой.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы