👈 қаріп өлшемі 👉

  09.04.2022
  35


Автор: Абдрахман Асылбек

Бала бүркіт

Көктемнің бір күні еді,
Айнала әсем гүл еді.
Қолға түсті кішкентай
Түздің тағы түлегі.
Қанаттары қатпаған,
Қомдап әлі қақпаған.
Балақ жүні бозаңдау,
Сары ауыз, ақ табан.
Атам аңшы болатын,
Баптап мініп торы тын,
Қолға қыран қондырып,
Төңіректі шолатын.
Құстың тілін табатын,
Қансонарға салатын.
Түлкілерді тізбектеп,
Қасқырды да алатын.
Атам, бірақ, аулақта,
Жайлауында, тау ақта.
Малын бағып, бір жағы
Аңдарын жүр аулап та.
Құсқа көңіл бөлемін,
Жемін, суын беремін.
Құсбегідей кәдімгі
Баптап, бағып келемін.
Ол да мендей бала ой,
Жетілмеген шала ой.
Ата-анадан айрылып,
Көңілі тым нала ғой.
Ол да мендей бала ғой,
Мекені – кең дала ғой.
Қанаттары қатайса,
Дер едім: «Ұш, бара ғой».
Мен ет жесем, ет жейді,
Сүт ішеді, төкпейді.
Ертіп шықтым бірде оны,
Бетке алып беткейді.
Бұғанасы бекініп,
Қалған екен жетіліп.
Менен бұрын бүркітім
Шықты шыңға желпініп.
Желік бітіп жас жанға,
Көз тастады аспанға.
Тауда туған түлек қой,
Биіктіктен сасқан ба?
Көздері оттай жанып нақ
Қарап еді анықтап,
Туыстарын таныды
Жүрген көкте қалықтап.
Әкесі анау шамасы,
Қасындағы – анасы.
Ал, әне бір екеуі –
Інісі мен ағасы.
Қалмау қиын үйірден,
Қыран қату түйілген.
Қанаттарын қомдады,
Қосылмаққа бүйірден.
Кеттім аяп бүркітті,
Осы күнді ол шын күтті.
Қосылсын деп тобына,
Ұша ғой деп үркіттім.
Қыран самғай жөнелді,
Оралар ма ол енді?
Бір қимастық өкініш
Орап өтті денемді.
Қалып едік достасып,
Кетті шырқап дос қашық.
Қайттым үйге көңілсіз,
Сол досыммен қоштасып.
Неткен ауыр күн еді,
Көңілім тым жүдеді.
Бала біткен: «Бүркітің
Қайда жүр!» – деп күледі.
Табалаумен, мазақпен,
Күнді өткізіп азаппен,
Жатыр едім өкініп,
Өзімді-өзім қажап мен.
Жан-жағына жалтаңдап,
Жұмыр басы қалтаңдап,
Кіріп келді қыраным,
Топ-топ басып талтаңдап.
Аударып бар аңсарды,
Саңқ етіп бір жар салды.
Күндегідей еркелеп,
Тамақ тілеп тамсанды.
Кердең басып кіргесін,
Ет тастадым бір кесім.
Апыл-ғұпыл қылғытты,
Ашқарақтық түрде шын.
Содан соң бұл досыма
Ақыл айттым жосыла:
«Сенің көкте қыран боп,
Самғағаның осы ма!
Қанатты еркін қақпасаң,
Тамақты өзің таппасаң,
Кім айтады қыран деп,
Зымыран боп ақпасаң.
Болып алсаң жай басар,
Жүрегіңді май басар.
Қарғаменен қатарлас,
Ондай қыран қайда асар!
Сен қырансың шынында,
Туған таудың шыңында.
Жарылқасын бетіңнен,
Артыңа енді бұрылма», –
Деп аяулы құсымды
Көк төсіне ұшырдым.
Енді бала бүркіттің
Оралмасын түсіндім.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы