Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  118


Автор: Қалижан Бекхожин

ПАРТИЗАНДАР

Қақаған боранды,
Қараңғы түн еді.
Үскірік далада
Шұбырып жүр еді.
Кезді көп тұстарды
Аңдып сұм дұшпанды.
Айбынды –
Партизандар!
Сан қиын жорыққа,
Ерлікпен бастаған.
 Қаһарлы жау көрсе,
Қашпаған, саспаған.
Солардың ішінде
Ызалы пішінді
Ашулы –
Қарт Иван бар.
Қарт Иван ашулы,
Айрылып ұлынан
Мерт болған баласы
Фашистер сұмынан;
Кегі бар жалынды
Дертті – Иван шал.
«Талқандап даламды,
Өртеді егінді,
Несібе жеріме
Толқын қан төгілді,
Сол үшін жанымда,
Мынау қас жауыма,
Дейді Иван –
Өрт ызам бар!»
Боранды бүркеніп,
Жасады жорықты,
Бір кезде алдынан
Топ поезд жолықты,
Өрт артып барады,
Өртеуге даланы,
Сұм неміс, –
Қан құмарлар.
Көрді де осыны,
Қарт Иван жүгірді,
Ақырын сыбырлап,
Білдірмей дүбірді,
 «Құртайық мынаны
Жолына минаны
Тастайық –
Партизандар!»
Көрінбей барды да,
Минаны орнатты,
Түк білмей томсарып
Темірлі жол жатты,
Зымырады үстінен
Лаулаған ұшқынмен
Будақтап –
Поездан пар.
Жарқ етті жалынды от,
Поезд кеп басты да,
Ойран боп ол жатты.
Күл көмір астында.
Мәз болып осыған
Ерлікпен тасыған,
«Ура!» деді –
Партизандар!
Бәрі де басты алға,
Уралап жүгірді,
Біреуі жығылды,
Атыпты алыстан,
Көрінбей бір дұшпан,
Қансырап –
Жатты
Иван шал.
Қансырап ол жатты
Қан басты жан-жақты.
«Достарым жан қиған
Ер жүрек партизан
Ел үшін, мен үшін,
 Басыңдар алға!
Деп оқты – атты
Иван шал.
Алматы, 1943 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу