Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  166


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕРТІСІМ СЕНІ САҒЫНДЫМ

Мекенім қазір қияңда,
Бауырында Алатауымның.
Өрмелеп шықтым қияға,
Астында нөсер дауылдың.
Болса да басым қыраулы,
Көктемдей жырмен
жаңғырдым.
Бұл күнде тарлан жыраумын.
Ізімен жортқан Жамбылдың.
Айтса көңілім көнбейді,
Мені шалға қатар деп.
Тек келіндер көбейді,
Кеміткен мені атай деп.
Есіме кеп өткенім,
Ертісім сені сағындым, –
Сағынғандай көктемін
Ерке жастық шағымның.
Жағаңда мен ер жеттім,
Естіп толқын дауысын.
Бесігімді тербетті,
Әлди болып ағысың.
 Айғайлап ем сүйсініп,
Өрсе селдей тасқының.
Дүбіріңді түйсініп,
Құдіретіңе бас ұрдым.
Сәбидей бір тамсанып,
Ана сүтін сағынған.
Ауып саған аңсарым,
Сүңгідім кеп шағылдан.
Ақ төсіңде аунап ем.
Балаңмын ғой, мен сонда,
Шулы дария болсаң да –
Маған дархан дәурен ең.
Шалқитын жас қиялым,
Бойлағанда тереңге,
Талаптың сермеп қияғын,
Дүзгендей кең әлемге.
Айқай асау суында,
Жас күнім қайда
жаңғырған?
Енді таудың ығында,
Бұйығып тұрмын жауыннан.
Ая болған қыранға,
Маған да күмбез – шын
тауым.
Сыңсып жатқан шағыңда,
Жетер ме саған, шырқауым.
 Кешір, туған дариям,
Кешіктім ойды тау бұрып.
Зіл арманнан арылам,
Суыңа сүңгіп жаңғырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу