Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  116


Автор: Қалижан Бекхожин

КӨКТЕМ

Күн мен гүлдің көктемі!
Сен дүниенің мәңгі жаңа нұрысын.
Сен күніңмен күліп тұрған көктегі,
Кеңейтесің бар ғаламның тынысын.
 Сенің жұпар атқан гүлдеріңнен
Мың жылдарға аңқып жетер хош иіс.
Бір сен ғана әлемге нұр боп кірген,
Жәндікке – жан, адамға ырыс, сүйініш.
Сенсіз қарт жер қатар еді мәңгілік,
Бітер еді нәрсіздіктен тіршілік.
Жер діңгегін сен қозғалттың май құйып,
Көк сүтіңнен әлемге нәр тұр шығып.
Қуандырдың дүниені гүл атып,
Мұздарға да қатып қалған, жан бердің
Шегіртке мен шіркейді де жырлатып
Жәндікке де, о, керемет, ән бердің!
Қайта оралды жеріме қаз, аққуым
Көк дауысын күркіреген естимін.
Көріп көктем нұрларының шалқуын,
Мен шертемін жаңа өмірдің жас күйін.
Кім сүйеді артық бізден көктемін?
Даласы бар күн шуақты гүл құмар.
Көресің бе құмға гүлді еккенін
Колхозшының нұрларына ынтызар.
Кең қиырсыз гүлжазира даланың,
Сайларында сенің қаның жүгірген.
Алатау мен Сарыарқаның алабын,
Көктем басты жасыл шулы дүбірмен.
Көктен құйған шұғылаңнан тұтанып,
От жанғандай толқынында Ертістің.
Дихан – ата қырға шығып қуанып,
Көк шуақпен бояп жатыр жер үстін.
Дала беттен шымылдығын сыпырып,
Жас келіндей жайды саған құшағын.
 Қуан, көктем! Көкте бізге күн күліп,
Көзін қысты, тастап алтын шуағын.
Алып құрылыс, зор табиғат күшінде,
Иә сазында жасыл дала күйінің –
Өрмекшінің иә елеусіз ісінде,
Масайраған – көктем сенің қимылың.
Нұрларыңды кеуде кере жұтамыз.
Біз ұстаймыз шуағыңды сағымнан,
Барлық сенің сәулеңді біз тартамыз,
Күн астында, жер үстінде ағылған.
Сұлуға ұнар, батыр жігіт даңқымен
Гүл арбайды жұпарымен бұлбұлды,
Сені көктем қызықтырам қайтып мен
Алып қалам қайтіп сенің нұрыңды?
Сені арбаймын сәулетімен еңбектің
Тәңір болған табиғатқа керемет.
Құдіреті сол емес пе жер-көктің,
Бағынышты оған тасқын, оған от,
Шөл далаға көл бітірген толқынды,
Лапылдатып от шығарған толқыннан,
Тау астынан тартып алған алтынды,
Ол даланы қызыл гүлге толтырған.
Жасағымыз біз еңбектің – бізде күш,
Біз жасаймыз дүниеге мәңгі жаз,
Жерімде бар мәңгілікті бақ-құрылыс.
Құмар соған бар табиғат әсемпаз,
Сені арбаймын көктемгі шат адамның
Қолдарымен гүл ұстауға ұмтылған.
Сені аламын айбынымен Отанның,
Аясында Жеңіс деген күн туған.
 Отаным бар шешек атқан көктемдей,
Қон үстіне сен, мәңгілік көктем – құс,
Гүлдер ектік ғасырларға жеткендей,
Күн далама құшағыңды аш, көктен түс!
Келешекке біз жасаймыз бағстан,
Ұлы күннің суарылған нұрымен;
Жас әлемнің сол аясы бақ құшқан,
Дүниеге шаттық тамған гүлінен,
Бағстанды еңбеккерлер орнатқан,
Оның нұры күннен асқан көктегі
Саған көктем мәңгі бейне Ұлы Отан –
Адамзаттың жаңа туған көктемі.
Алматы,
1946.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу