Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  119


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАҢА ШЫҚҚАН ГҮЛ

Күйген орман ішінде,
Жаңа шыққан гүл көрдім.
Біткен екен үстіне
Жаңа сөнген күлдердің.
Қасында ойнап көбелек,
Желбіретіп қызыл гүл,
Қасында су себелеп,
Чехтың сұлу қызы тұр.
* * *
Па, десейші сол гүлдің
Иісі кеткен тауды алып.
Сәулетіне сұлудың
Өттім мен де таң қалып.
 Ойладым сол орманға,
Өрт салып кім өтті екен?
Таң қалдым сол ойранға
Кімдер гүлді екті екен?
Естідім мен сол күні
Кешке жақын бір әнді.
Жыр ғып айтты сол гүлді,
Жаңғыртып қыз орманды.
Ол жырлады сол гүлмен,
Күйген орман ағашын.
Және соны сөндірген,
Батыр орыс баласын.
Естідім мен қарғысын
Өртеушіге сол кеткен..
Естідім мен алығысын –
Сол жігітке гүлді еккен.
Кеттім бірақ мен ұзап,
Көре алмадым орманды.
Жүрегімде жалғыз-ақ,
Сол қыз айтқан ән қалды...
Сонау қызды сол гүлмен
Көруге бар әлі үміт.
Қайда екен өрт сөндірген,
О, дариға, сол жігіт...
1945 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу