Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  374


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАЙЫҚ ТОЛҒАУЫ

Алдым көшкін жөңкілген,
Жарда тұрып қарадым, –
Тыңдайын деп шертілген,
Толқындардың хабарын.
Баяғы толқын, сол ағын,
Бабалар кешкен сол Жайық,
Қырына дулы жағаның,
Ақты қандай сыр жайып?
 Уа, толқындар, баяғы,
Не толғанды сарының? –
Бүгінгінің баянын,
Иә өткеннің зар үнін?
Терең еді-ау шежірең,
Тасқынындай бұрқанған.
Әр тамшының көзінен,
Мөлтілдеген сыр тамған.
Тусам да шет жағада,
Жастай саған сусадым.
Күбірің жетті далама,
Елес қақты сыр-сағым.
Сонау ата жыраулар,
Төкті қандай жыр жасын?
Толқыныңда сыр аунар.
Айбындысың, сырласым.
Жырларың көп білемін
Лебізіңе құмармын.
Саған тастап сілемін,
Өтті талай мұнар күн.
Жағаң үшін жандасты,
Жортуылдар,
басқындар.
Нөпіріңе жалғасты, –
Боранды кек, тасқын зар.
Тұңғиықта қалды зар,
Уақыт жойды қан ізін.
 Жырла маған толқындар,
Ғасырлардың аңызын.
Ашуларың батырды,
Алып қашты ағысың.
Ерді қайда шақырдың,
Ұқтың ба жұрт налысын?
Айғайын да, шерін де
Суыңа сен сіңірдің, –
Дүбірлей ме селіңде,
Сыры батыр Сырымның?
Жарлы мұжық бұлқынған,
Сор бұғауын бұзуға.
Ер Пугачев бұлт қуған,
Буырқанды мұзыңда.
Айбын қалды атыңда,
Сұсымен сол батырдың.
Сонау патша-қатынға,
Үрей болып атылдың.
Айбының ба, айыбың? –
Тоқталмады өр ағын, –
Жырлағанда – Жайығым,
Ойлағанда – Оралым.
Боранды күн жағаңда,
Қандай ақын сыр кешті?
Күңіреніп заманға,
Саған қалай тілдесті?
 Сел дариям, тұнығым,
Сыр ашпаған ешкімге, -
Толқыныңның түйінін,
Ағыттың ба Пушкинге?
«Айналайын Ақжайық,
Ат салмай өтер күн қайда?»
Үстіндегі ботқайық,
Сол бір жырды тыңдай ма?
Ауыздықпен су ішкен,
Исатайдың тарланы.
Толқыныңмен түйіскен,
Махамбеттің арманы.
Тебіренсін жанымда,
Адуынды сол жырлар.
Өрлігіңді алуға,
Сайра маған толқындар.
Ыршып неге туладың,
Бұлт құйды ма бұршақты?
Оқ зулаған шулы ағын,
Жайды кімге құшақты?
Салқын бар ма деміңде,
Қалған айқай-сүреңнен?
Чапаевша селінде,
Шарқ ұруды сүйем мен.
Ойлап солай қарап ем,
Ақты Жайық шымырлап.
 Орман ойлы жағамен,
Сырласқандай сыбырлап.
Таңырқадым ағысын,
Шертілмейді сыр неге?
Толқындардың жарысын,
Қуды, міне, бір кеме.
Ән шырқады кемеден,
Албырт жігіт өр үнді.
Сол дауыстан кең әлем,
Керілгендей көрінді.
Дарқан дауыс, зор қандай,
Жар салғандай заманға!
Жаңғырыққан ормандай,
Самал соқты маған да.
Ақжайықтай сыры ағын,
Шырқауында толқын бар, -
Сол әуенмен жырларым,
Қырға бірге жортыңдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу