Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  223


Автор: Қалижан Бекхожин

СУ ТУРАЛЫ ЖЫР

Жыр есігін асулардан сан аштым,
Өзендерді жарып өттім, тау астым.
Боз басымды алауына ұсынып,
Жеттім, міне, жазығына Таластың.
Шаңқан дала, өктем жылы жел ескен,
Сарғыш мұрттар жамырасты белестен: –
«Ей, жолаушы, суың бар ма бір жұтым?
Қаталап тұр тамырларым дән өскен».
Аяп кеттім, бірақ та тіл қатпадым,
Сағымдардан бұлақ іздеп таппадым.
Саялауға еніп едім бір баққа,
«Қайран су!» –
Деп сыңси қалды бақтан үн...
– Қойлар қайда?
– Сарысуда, шалғайда...
– Ол да кетті Сарыарқадан су іздеп,
Көнбіс қарт қой, шөл кезуге сондайға.
Сондай көнбіс Таластың жас ұрпағы,
Әне, қырда шөлдің жырын шырқады.
Жұта салып сортаң суын Ақкөлдің,
Сілкіндірді дән саусағы қырқаны.
 Төзгіш жандар, от-жалынға шыныққан,
Ал егін ше? Аңызаққа булыққан.
Ерең баққан түйелер де жондағы,
Су ішеді фонтан атқан құдықтан.
Аспан – мең-зең, өзі де тұр манаурап,
Тамсанады дән-бикелер, сонау бақ.
Жүгірсейші, долы Талас өзені,
Сусап тұрған жазықтарға сол аулақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу