Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  217


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕРТІС ТОҒАЙЫНДА

Шақырды мені бұлғаңдап,
Ертістегі тоғайым.
Бала кезге болған бақ
Өткен шуақ жаз айым.
 Өңшең бала, ерке қыз
Жемісті нуға қызығып,
Ертістен жүзіп өтеміз,
Қаз-үйректей тізіліп.
Сыңсып тұр жеміс алақай!
Жасыл талдар тербеліп,
Қыздар таққан алқадай,
Меруерттей сән беріп.
Өспейді мұнда қасқиып,
Алма, алмұрт, жүзім де.
Сыпа талдар бас иіп,
Бейімделер үзуге.
Өсірген Ертіс нәр беріп,
Тоғайды ешкім бақпайды.
Қанша жина, бізде ерік,
Қолды ешкім қақпайды.
Шырындарға тізілген,
Қарайтынбыз таңдана,
Қарақат, жидек, бүлдірген,
Жүзімдей балғын долана.
Үзіп жейтін әуелі
Бала, қыздар бір-бірлеп.
Моншақтай көріп мәуені
Қарақат көзі күлімдеп.
Сол тоғайдан табылып,
Уыз менің несібем.
Жапырағын жамылып,
Саясында өсіп ем.
 Шырындары толықсып,
Сол тоғайым тұр ма сау?
Қартайсам да жол түсіп,
Ертісіме барсам-ау!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу