Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  109


Автор: Қалижан Бекхожин

АЛТАЙ-ТАРБАҒАТАЙ САПАРЫНАН

1. Осы тау баяғыдан суырлы ма?
Осы тау баяғыдан суырлы ма? –
Қосайын өзім ғана сырын жырға,
Мыңғырып қой басқан соң маңғыт қырын,
Әлде сол суыр біткен сырылды ма?
Әлде сол босқын қалмақ жосығанда,
Ырысын қалдырды ма осы маңға?
Бұл тауға түнеп әлде Шопан-Ата,
Бөкені қойға келіп қосылған ба?
Жоқ, ырыс елге тегін беріле ме?
Таулардың түлемейді бәрі неге?
Әр түгін құндыз белдің қоздатқан – ел,
Сай сыңсып, қой сыймайды өріне де.
Жалаң ғой десе біреу Жалаңашын,
Жағасын сол өзеннің жағаласын.
Жете ме қой шайлаған шүйгініне,
Алтайдың орнатсаң да бар ағашын.
 Ән-жырдың аясындай Арғанаты,
Әншінің осы тауда қалған аты.
Ойлайсың Естай ма деп, – шопан шырқап,
Боз үйден көтерілсе ән қанаты.
Ежелден ырысы мол – жер кенінің,
Көрейін көріктерін берекеңнің.
Жырлайын еселетіп Естайдан соң,
Ертісті өрлеп келген мен екенмін.
Жырлайын мекеніңді ақ қаладай,
Еліңнің бөленгенін баққа қалай.
Мәз болсын өлеңіме жерін сүйген,
Қожасы жүз мың қойдың Әкпар ағай.
Тау сұлу – түгіндей боп төл молайса...
Ал жігіт, басқа дәмең бола қойса.
Алтайдан арқалап кел, кербез тауды,
Баяғы батыр бабаң Толағайша.
2. Жандар көп жаны сұлу Қалқұттыда
Етегін кербез таудың басқаныңда,
Қарадым сәукеледей асқарына.
Алтайдың арулығын көру үшін,
Ұшар ем қыран болсам аспанында.
Ақынға жер мен көктің бәрі сырлас,
Шыңына шықтым міне жайып құлаш.
Ат қойды алдымыздан әнді шырқап,
Малшы жұрт, жырымызбен жаны құрдас.
 Кәрісі жасарғандай түлеп күнде,
Жасының жайнағандай гүл бетінде.
Жыр сүйген бақташылар той жасады,
Біздерге, ақындардың құрметіне.
Білдім мен, бұлақ жырдың басы мұнда,
Бұл елдің жыр екен ғой, шашуы да.
Теңселген шығар тегі таудың өзі,
Мың малшы әндеткенде асуында.
Ұмыттық Алматының алыстығын,
Табылды бізге қанша таныс бүгін.
Аймалап әкеміздей үлкендері,
Ұсынды ұландары галстугін.
Қыранды көрдім шыңның төбесінен,
Кете ме ардагері ел есінен.
Қарадым толғануға – Сәбит шыңға,
Өзіме енші болған белесімнен.
Білмеймін, жер құтты ма, тау құтты ма?
Құтты жер жырымды да шалқытты ма?
Соларды қалқытайын жыр көгінде,
Жандар көп жаны сұлу Қалқұттыда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу